Адалдық пен ізденістің жолында

Ұстаз болу – жай ғана мамандық емес, ол өмірлік миссия. Білім беріп қана қоймай, шәкірттің жан дүниесіне үңілу, оның бойына адамгершілік пен адалдықты дарыту – кез келген педагогтың басты парызы. Осындай ұстаныммен еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі ұстаздардың бірі – Нарходжаева Лазакат Пайзахматовна.
1968 жылы 17 ақпанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданының Сайрам ауылында дүниеге келген ол білімге деген құштарлығын ерте жастан көрсетті. 1985 жылы Каленин атындағы №1 орта мектепті (қазіргі Ю.Сареми атындағы №107 мектеп-лицей) тәмамдап, кейін Ташкент мемлекеттік университетіне түсіп, 1990 жылы «Физика пәні мұғалімі» мамандығы бойынша жоғары білім алып шықты. Бұл оның өмірін ұстаздыққа арнаған алғашқы үлкен қадамы болды.
1991 жылдан бастап білім саласында үздіксіз еңбек етіп келе жатқан ұстаз алғашқы қызметін О.Жандосов атындағы №91 мектепте бастады. Кейіннен №4 Әл-Фараби атындағы мектепте, ал 2021 жылдан бастап Шымкент қаласындағы №139 мектепте физика пәнінің мұғалімі болып қызметін жалғастырып келеді. Педагогикалық өтілі – 35 жылға жуық. Бүгінде ол педагог-зерттеуші санатына ие болып, әр сабағында ізденіске толы еңбек көрсетіп жүр.
Лазакат Пайзахматовна үшін физика тек ғылым саласы емес, өмірді танудың ерекше құралы. Ол сабақ барысында оқушылардың ішкі жан дүниесін түсінуге, олардың бойына адалдық, адамгершілік, ұлттық құндылықтарды сіңіруге айрықша көңіл бөледі. Ұлттық болмыс пен отбасылық тәрбиені басты назарда ұстай отырып, шәкірттерін мәдениеттілікке, елжандылыққа тәрбиелейді.
Заманауи педагог ретінде ол жаңа технологияларды шебер қолданады. Интерактивті тақта, бейне сабақтар мен анимациялар, STEM жобалар, робототехника элементтері – оның сабағының ажырамас бөлігі. Сонымен қатар, ZOOM, Google Classroom сияқты платформаларды тиімді пайдаланып, оқушыларға қашықтан да сапалы білім беруге машықтанған. Білімді қызықты әрі тартымды ету үшін Kahoot, Quizizz секілді ойындық әдістерді енгізіп, шәкірттердің пәнге деген қызығушылығын арттыра білді.
Ұстаздың еңбегі – шәкірт жетістігімен өлшенетіні анық. Оның тәрбиелеп отырған оқушылары түрлі олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болып жүр. Мәселен, 2024 жылы Комилжон Рамазан ІІ дәрежелі дипломды, Сирожиддинова Назмина ІІІ дәрежелі дипломды қанжығасына байлады. Бұл жетістіктер – ұстаздың шәкірт жүрегіне жол тауып, ғылымға баулудағы табанды еңбегінің жемісі.
Өзі де кәсіби тұрғыда тоқтап қалмай, әрдайым ізденісте жүретін педагог. 2024 жылы «Шебер тренинг» мадақтамасына, «Үздік сабақ жоспары» номинациясына ие болды. Сонымен қатар, «Білім айнасы» басылымында ғылыми-танымдық мақаласы жарияланып, «Физика пәнін оқытудағы әдіс-тәсілдері» атты әдістемелік құралын құрастырды. Мұның бәрі – оның ғылым мен әдістеме саласына қосқан өзіндік үлесі.
Нарходжаева Лазакат Пайзахматовна – саналы ғұмырын жас ұрпаққа арнаған, адал еңбегімен шәкірт жүрегінен орын алған ұстаз. Оның бойындағы табандылық, қарапайымдылық, жаңашылдыққа ұмтылыс – қазіргі жас мамандарға үлгі боларлық қасиет.











