Ұстаздық жолын адалдықпен өрген азамат

0
38

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал азамат» тұжырымдамасы әрбір қазақстандықтың өмірлік ұстанымы болуы тиіс. Бұл қағида адамды адал еңбекке, әділдікке, ізгілікке жетелейді. Өз ісіне берік, болашақ ұрпаққа білім мен тәрбие беруді абыройлы міндет санаған мұғалімдер осынау тұжырымдаманың нақты үлгісі болып келеді. Солардың бірі – қытай және орыс тілі маманы, тәжірибелі ұстаз Камалханова Ләззат Тахирханқызы.

1976 жылы дүниеге келген ол 1993-1997 жылдары Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде білім алып, қытай және орыс тілдері мен әдебиеті саласын меңгерді. Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң, туған өлкесіне білімін арнап, алғашқы еңбек жолын өзі оқыған университеттің шығыс филология кафедрасында мұғалім болып бастады. Бұл оның ұстаздық жолындағы алғашқы қадамы еді.

1999-2001 жылдары Шымкент қаласындағы №33 орта мектепте мұғалім болып еңбек етіп, жасөспірімдерге тіл үйрету ісінде табандылық танытты. 2001-2004 жылдары Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназиясында қызмет атқарып, шәкірттерінің бойына біліммен қатар адамгершілік құндылықтарды сіңіруге күш салды. Кейінгі жылдары бала-бақшада тәрбиеші болып еңбек етіп, бүлдіршіндерге алғашқы тәрбиенің дәнін екті. Бұл кезең оның балалар психологиясын тереңірек түсініп, ұстаздық жолында тәжірибесін кеңейтуіне мүмкіндік берді.

2011 жылдан бастап күні бүгінге дейін Шымкент қаласындағы №89 IT мектеп-лицейінде ұстаздық етіп келеді. Жаңа заман талабына сай білім беретін оқу орнында ол оқушыларды тек пәндік біліммен қаруландырып қана қоймай, технология дәуірінде адами құндылықтарды сақтаудың маңызын түсіндіреді. Ләззат Тахирханқызының басты ұстанымы – білім беру ісінде адалдық пен әділдікті ту ету. Ол әр шәкірттің қабілетіне сеніп, олардың бойындағы талантын ашуға күш салады.

Камалханова Ләззат Тахирханқызы – нағыз ұстазға тән табандылық пен еңбекқорлықтың үлгісі. Ол үшін педагогика – жай ғана кәсіп емес, ұрпаққа жол көрсету, елге қызмет етудің асыл миссиясы. Оның өмір жолы адал еңбек пен жауапкершіліктің, жас ұрпаққа деген шексіз қамқорлықтың айқын айғағы. Президент Тоқаевтың «Адал азамат» тұжырымдамасында айтылған талаптар мен құндылықтар Ләззат Тахирханқызының әр күнгі еңбегінде көрініс тауып отыр.

Ол шәкіртінің жетістігіне қуанып, олардың өмірден өз орнын табуына ықпал еткен сайын, ұстаздық жолының маңызын тереңірек сезінеді. Мұндай азаматтардың өмірі – қоғамға өнеге, кейінгіге сабақ, болашаққа сенім.

Leave a reply