САЙРАМ: АНА МЕН БАЛА ДЕНСАУЛЫҒЫ БАСТЫ НАЗАРДА

0
15

Мемлекеттің ең маңызды факторы – дені сау ұрпақ, сау ана. Ана мен баланың әлеуметтік-психологиялық ахуалынан бөлек олардың денсаулығы медицина саласының ең өзекті әрі көкейкесті мәселесі. Әсіресе бұл Түркістан облысы сияқты халқы көп шоғырланған  аймақтың стратегиялық маңызды міндеті.

Пре­­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің дәстүрлі Жолдауларында әйел құқығына, бала қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөліп келеді: «Мен Заң және Тәртіп қағи­датын нығайтуды жақтаймын, отбасы­лық-тұрмыстық зорлық-зомбы­лық үшін жазаны қатаңдатуды қолдай­мын. Басты міндетіміз – әйелдер мен ба­лалар құқығын қорғау» деп, қоғам­дағы әйелдердің гендерлік теңдігі құқық­тық, саяси және экономикалық мүмкін­діктермен өлшенетінін қадап айтты.

Жоғарыда атап өткеніміздей, Түркістан облысы – Қазақстандағы ең жас әрі қарқынды өсіп келе жатқан аймақ. Мұнда жыл сайын 80 мыңнан астам сәби дүниеге келеді. Бұл көрсеткіш облысты еліміздің демографиялық драйверлерінің біріне айналдырады.

Осы демографиялық әлеует  білім беру мекемелерінің санын көбейтуді, денсаулық сақтау қызметін жетілдіруді, отбасыларға әлеуметтік қолдауды күшейтуді, медицина саласындағы инфрақұрылымды дамытуды қажет етуде. Соңғы жылдары Түркістан облысында ана мен баланы қорғау саласында бірқатар заманауи жобалар іске қосылды. Перзентханалар мен перинаталдық орталықтар жаңартылды.

Соның ішінде Сайрам аудандық орталық ауруханасына қарасты перзентхана үйі — аудандағы ана мен бала денсаулығын қорғайтын үлкен медициналық мекеме. Сайрам ауданы бойынша бекітілген халық тіркелімі (РПН) порталында – 118 612 тұрғын тіркелген. Оның ішінде кәмелет жасқа толмаған балалар саны – 69 972 баланы құрайды. Перзентхана бөлімі аудан көлеміндегі жүкті және босанатын әйелдерге ІІ деңгейде медициналық көмек көрсетуде.

Сайрам аудандық орталық ауруханасының перзентхана бөлімі жалпы 63 төсек-орынмен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар аурухана бөлімшелерінде балаларға арналған төсек-орындар да бар. Атап айтқанда балалар бөлімі, жұқпалы аурулар бөлімі, оташы,  жарақат және құлақ-мұрын көмекей бөлімдері жұмыс істейді. Перзентхана бөлімінде акушер-гинеколог, реаниматолог, неонатолог, аққол ана және медбикелер босанатын және босанған аналарға толыққанды медициналық қызмет көрсетеді.

Жыл сайын перзентханада 4 мыңға жуық нәресте дүниеге келеді. Атап айтқанда соңғы 3 жыл ішінде, яғни, 2023 жылы – 2980 нәресте, 2024 жылы – 3107 нәресте, 2025 жылдың 9 айында – 2778 нәресте дүние есігін ашқан. Аудан бойынша соңғы 5 жыл ішінде ана өлімі тіркелмеген.

Биылғы жылдың 9 айындағы көрсеткіш бойынша ана және нәрестелер өлімі арасында облыс бойынша Сайрам аудандық перзентхана үйі жасыл деңгейде орын алады. Осы көрсеткіштерге қол жеткізу мақсатында барлық ауруханаға тиесілі мамандар Әмбебап-прогрессивті патронаж моделі УПМП бағдарламасы бойынша жыл сайын білімдерін жетілдіріп келеді.

Перзентханада нәресте туылған сәттен бастап аурушаңдықты төмендету мақсатында барлық скринингтік екпелер жоспар бойынша салынады.  Туылған және 1-3 жас аралығындағы балалар толыққанды аудиограммалық және психофизикалық скринингтен жыл сайын жоспар бойынша 100% өтуі қамтамасыз етілген.

Leave a reply