Білімге адал ұстаз

Еліміздің білім саласында адал еңбегімен танылып, саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнап келе жатқан жандардың бірі – Орақбаева Шырай Каримбайқызы. Оның ұстаздық жолы – табандылықтың, жауапкершіліктің және жас ұрпаққа деген шексіз сүйіспеншіліктің айқын көрінісі.
Шырай Каримбайқызы 1967 жылы дүниеге келді. Арманшыл жас ару мектеп қабырғасында жүргенде-ақ ұстаз болуды мұрат тұтты. Сол мақсатпен 1983 жылы М.Әуезов атындағы Шымкент педагогикалық институтына түсіп, физика, информатика және есептеуіш техникасы мамандығын меңгерді. Білім ордасын 1992 жылы тәмамдаған ол алғашқы еңбек жолын Сайрам ауданының №22 «Жұлдыз» жалпы орта мектебінде бастады. Мұнда үш жыл бойы физика және информатика пәндерінің мұғалімі болып қызмет атқарып, алғашқы шәкірттерін ғылымға баулыды.
1995 жылдан бері ол Шымкент қаласындағы «№74 жалпы орта білім беретін мектепте» абыройлы еңбек етіп келеді. Ұзақ жылдар бойы мұғалімдік қызметпен қатар, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары ретінде де ұйымшылдық танытып, жас ұрпақты біліммен қатар өнегеге баулуда. 33 жылдық үздіксіз еңбек өтілі оның кәсіби шеберлігі мен адалдығының айғағы.
Ұстаз еңбегінің басты жемісі – шәкірт жетістігі. Шырай Каримбайқызы дайындаған оқушылар республикалық, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жоба байқауларында жүлделі орындарды иеленіп жүр. Мәселен, «Ақбота» интеллектуалдық марафоны, «COSMOSTARS» жас зерттеушілер байқауы, «XXI ғасыр көшбасшысы» халықаралық конференциясы, «Ғылым мен ғарыш» атты жобалар байқауы сынды білім додаларында шәкірттері үздік нәтиже көрсетіп келеді. Бұл – оның шәкірттерге берген білімінің сапасын дәлелдейтін айқын көрсеткіш.
Ұстаздың кәсіби шеберлігі де әрдайым жоғары бағаланып отыр. Ол бірнеше мәрте республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциялар мен қалалық педагогикалық оқуларда баяндамалар жасап, әріптестерімен тәжірибе бөлісті. Информатика саласында цифрлық білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі ерекше. «Күнделік» электронды платформасын енгізу мен жетілдіру барысында көрсеткен қолдауы үшін Шымкент қаласының үздік мектептер қатарынан көрінуіне сүбелі үлес қосты.
Шырай Каримбайқызының еңбегі мемлекеттік деңгейде де еленді. 2021 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Халық алғысы» медалімен марапатталуы – оның қоғам алдындағы абыройының айқын дәлелі. Сондай-ақ ол ҚР Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері.
Жылдар бойы алған «Алғыс хаттар», «Құрмет грамоталары», «Мадақтамалар» мен «Үздік педагог» байқауларындағы жеңістері – Шырай Каримбайқызының адал еңбегіне берілген әділ баға.
Шәкірт тәрбиелеудегі табандылығы, жаңашылдыққа ұмтылысы мен педагогикалық адалдығы – оны нағыз ұлағатты ұстаз дәрежесіне көтерді. Өз ісіне адал, ұлтын сүйетін, болашаққа сеніммен қарайтын мұндай ұстаздар – жас ұрпақтың бағыт-бағдарын айқындап беретін шамшырақ іспетті.
Орақбаева Шырай Каримбайқызы – адал еңбектің, ұстаздық абыройдың, азаматтық парасаттың жарқын үлгісі.












