ТҮРКІСТАНДА ОЗЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛЫ ТҮРКІ ӨРКЕНИЕТІ ОРТАЛЫҒЫ БОЙ КӨТЕРЕДІ

0
28

Қазіргі таңда жасанды интеллект технологиялары әлемдік экономиканың, мемлекеттік басқарудың және әлеуметтік саланың негізгі даму факторларының біріне айналды. Қазақстанда да бұл бағытқа ерекше басымдық беріліп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық трансформацияны жеделдету және жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізу мәселесін бірнеше халықаралық форумдар мен саммиттерде көтеріп, елімізді цифрлық даму бойынша жетекші мемлекеттердің қатарына қосу міндетін қойған болатын. Сондай-ақ 2026 жыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланып, осы бағыттағы жұмыстарды күшейту тапсырылды.

Президент тапсырмаларын іске асыру аясында Түркістан облысында да цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын енгізуге бағытталған бірқатар бастамалар қолға алынуда. Өңірде мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, білім беру жүйесін жаңғырту, денсаулық сақтау саласын цифрландыру және инновациялық экожүйені дамыту бағытында нақты жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Осы орайда Мемлекет басшысы қатысқан Түркістанда өткен халықаралық саммитінде цифрландыруды дамыту, жасанды интеллектті кеңінен енгізу және жаңа технологиялық экономиканы қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылған болатын.

Президент өз сөзінде цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті дамыту – тек экономиканы жаңғыртудың құралы ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыратын, азаматтардың өмір сапасын жақсартатын стратегиялық бағыт екенін атап өтті. Сондай-ақ, цифрлық шешімдерді барлық салаларға енгізу қажеттілігі, оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау, мемлекеттік қызмет көрсету және өнеркәсіп салаларын цифрландыру міндеттері айқындалды.

Осы тапсырмалар аясында Түркістан облысында жасанды интеллект технологияларын енгізуге бағытталған бірқатар жобалар қолға алынуда. Өңірде мемлекеттік басқару процестерін цифрландыру, деректерді талдау жүйелерін енгізу және цифрлық платформаларды дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Түркі елдерінің басшылары жиналған саммит аясында Түркістанда Түркі өркениеті орталығы бой көтереді. Бүгін Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер басшылары жаңа орталықтың қазығын қағып, іргетасын қалады. Кешеннің негізгі идеясы – түркітілдес халықтарды әлем тарихында елеулі орны бар, терең философиясы мен мемлекеттілік дәстүрі қалыптасқан ұлы өркениет ретінде дәріптеу. Мұнда ортақ тарихи мұраны ғылыми тұрғыдан зерделеуге, жүйелеуге, мәдени туризм мен халықаралық ынтымақтастықты дамытуға айрықша мән берілмек. Орталықтың архитектуралық шешімі ерекше символикалық мәнге ие. Кеңістікте түркі дүниетанымындағы Тәңір, Ергенеқон, Көкбөрі, Жерұйық, Дала, Өмір ағашы сияқты маңызды ұғымдар бейнеленеді. Ал мазмұндық құрылымы жағынан экспозициялар бірнеше тақырыптық аймақтарға бөлінеді. Көрермендер тарихи оқиғаларды терең сезіну үшін виртуалды және толықтырылған шынайылық (VR, AR), голография, жасанды интеллект, иммерсивті дыбыс пен жарық секілді озық технологиялар қолданылады.

Жалпы саммит отырысы барысында Қасым-Жомарт Тоқаев түркі елдерінің жасанды интеллект орталықтарының желісін құруды ұсынды. Сондай-ақ, Жасанды интеллект негізінде түркі халықтарының тарихы мен мәдениетіне қатысты материалдарды жинақтайтын арнайы цифрлық платформа құру жөніндегі жұмысты жандандыру қажеттігін айтты.

Жасанды интеллект саласындағы тағы бір маңызды бастама – жастардың инновациялық жобаларға қатысуын арттыру. Түркістанда жасанды интеллект тақырыбындағы хакатондар, форумдар және технологиялық байқаулар ұйымдастырылып келеді. Мұндай іс-шаралар жастардың цифрлық дағдыларын жетілдіруге, стартап жобалардың пайда болуына және жаңа технологияларды тәжірибеде қолдануға мүмкіндік береді.

Ғылым мен инновация бағытында да маңызды қадамдар жасалуда. Жуырда Түркістандық оқушылар әзірлеген «YasSat-2026» наноспутнигі жобасы жүзеге асырылып, өңір жастарының инженерия, ғарыштық технологиялар және цифрлық инновациялар саласына қызығушылығын арттырды. Бұл жоба облыстың ғылыми-техникалық әлеуетінің артып келе жатқанын көрсетеді.

Жасанды интеллект технологияларын енгізу Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң әсерін тигізуде. Цифрлық шешімдер мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып, қызмет көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар инновациялық жобалардың көбеюі жаңа жұмыс орындарының құрылуына, жоғары білікті мамандар даярлауға және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етеді. Алдағы уақытта өңірде жасанды интеллектті кеңінен енгізу, цифрлық инфрақұрылымды күшейту және инновациялық жобаларды қолдау жұмыстары жалғасып, Түркістанды заманауи цифрлық даму орталығына айналдыру көзделіп отыр.

 

Leave a reply