
Экономиканың дамуы тек өндіріс көлемінің артуымен немесе жаңа кәсіпорындардың ашылуымен өлшенбейді. Бүгінде оның тиімділігі ақпаратты қаншалықты жылдам өңдеуге, ресурстарды дұрыс бөлуге, қызметтерді автоматтандыруға және технологиялық жаңашылдықтарды өндіріске енгізуге де байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, цифрлық экономика – ел мен өңірдің бәсекеге қабілеттілігін арттыратын маңызды фактор.
Цифрлық экономика дегеніміз – ақпараттық технологиялар мен деректерді пайдалану арқылы тауар өндіру, қызмет көрсету, сауда жүргізу және басқару үдерістерін жетілдіруге негізделген экономикалық жүйе. Оның құрамына электрондық сауда, онлайн төлемдер, цифрлық банкинг, автоматтандырылған өндіріс, жасанды интеллект, бұлтты технологиялар, электрондық мемлекеттік қызметтер және цифрлық платформалар кіреді.
Қарапайым мысалмен айтқанда, кәсіпкер тауарын интернет арқылы сатып, төлемді QR-кодпен қабылдаса, фермер егістік жағдайын спутниктік деректер арқылы бақыласа, ал өндіріс орны жабдықтарының жұмысын автоматтандырылған жүйемен басқарса – мұның барлығы цифрлық экономиканың көрінісі. Мұндай тәсілдер уақытты үнемдеп қана қоймай, шығынды азайтуға, өнімділікті арттыруға және жаңа нарықтарға шығуға мүмкіндік береді.
Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуында өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда және инвестиция негізгі бағыттардың қатарында. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар-маусым айларында өңірдің жалпы өңірлік өнімі 2,35 трлн теңгеге жетіп, нақты өсім 13,3 пайызды құрады. Ал қаңтар-қазан айларында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,51 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23,8 пайызға артқан. Бұл көрсеткіштер өңір экономикасының ауқымы кеңейіп келе жатқанын көрсетеді. Ендігі міндет – осы өсімнің сапасын арттырып, өндіріс пен қызмет көрсету салаларына заманауи технологияларды кеңінен енгізу.
Цифрлық экономиканың маңызды алғышарты – интернет инфрақұрылымы. Түркістан облысында 2023–2025 жылдарға арналған жол картасы аясында 203 елді мекенде жаңа базалық станциялар орнату, 74 елді мекендегі байланыс желілерін жаңғырту жұмыстары қарастырылған. 2025 жылдың қорытындысы бойынша 938 мемлекеттік мектептің 930-ы интернетке қосылған. Оның 663-і талшықты-оптикалық байланыс желісін, 269-ы Starlink спутниктік интернетін пайдаланған. Сапалы интернет – ауыл тұрғындарына онлайн қызмет алуға, оқушыларға цифрлық білім ресурстарын пайдалануға, кәсіпкерлерге электрондық сауда жүргізуге жол ашатын негізгі инфрақұрылым.
Өңір экономикасын дамытуда инвестициялық жобаларды тиімді сүйемелдеу де маңызды. Осы бағытта Түркістан облысында IN-MAP цифрлық жобасы әзірленіп, 2026 жылғы 20 сәуірде мемлекеттік органдар өкілдеріне таныстырылды. Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің YASAWI STARTUP бағдарламасы аясында әзірленген платформа арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар, инвестициялық жобалар мен жер қойнауын пайдалану салалары туралы деректерді бір жүйеге біріктіруге бағытталған.
Жоба инвестициялық бастамалардың жүзеге асу барысын бақылауға, инфрақұрылымдық мүмкіндіктерді бағалауға және жауапты органдар арасындағы жұмысты үйлестіруге көмектеседі. Бұл – өңірдің өндірістік әлеуетін цифрлық карта арқылы жүйелеуге бағытталған бастама. Сонымен қатар Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға 2025 жылғы мамырдағы мәлімет бойынша Түркістан облысынан жалпы құны 1,9 трлн теңгені құрайтын 81 инвестициялық жоба енгізілген. Бұл көрсеткіш бойынша өңір республикада бірінші орынға шыққан. Платформа инвестициялық жобаларды бірыңғай цифрлық ортада сүйемелдеуге және олардың іске асу барысын бақылауға мүмкіндік береді.
Цифрлық экономиканың күнделікті өмірде байқалатын бағыттарының бірі – электрондық сауда мен қолма-қол ақшасыз төлемдер. Бүгінде кәсіпкерлер тауарларын әлеуметтік желілер, маркетплейстер және интернет-дүкендер арқылы ұсынып, тапсырыстарды онлайн қабылдай алады. Ал QR-төлемдер мен мобильді банкинг есеп айырысуды жеңілдетіп, сауда операцияларын жеделдетеді.
Түркістан облысында 2026 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 215 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Мұндай ауқымдағы бизнес үшін цифрлық құралдарды пайдалану ерекше маңызды. Онлайн бухгалтерия, электрондық құжат айналымы, қойма есебі, клиенттермен жұмыс жүйелері кәсіпкердің уақытын үнемдеп, шығындарды бақылауға көмектеседі. Сонымен қатар цифрлық сауда ауылдағы шағын өндірушілерге өз өнімдерін аудан немесе облыс шеңберінен тыс нарықтарға ұсынуға мүмкіндік береді.
Цифрлық экономиканың дамуы тек бизнес пен өндірістің көрсеткіштерімен шектелмейді. Ол тұрғындардың мемлекеттік және әлеуметтік қызметтерді алу тәртібін де өзгертеді. 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында Түркістан облысында 19 млн-нан астам мемлекеттік қызмет көрсетіліп, оның 98 пайызы электрондық форматта ұсынылған. Бұл азаматтардың қажетті қызметтерге қашықтан қол жеткізу мүмкіндігі кеңейгенін көрсетеді.
Электрондық үкімет, мобильді қосымшалар және цифрлық құжаттар тұрғындардың уақытын үнемдеп, мемлекеттік қызмет көрсету үдерісін жеңілдетеді. Ал мемлекеттік органдар үшін электрондық деректерді пайдалану өтініштерді өңдеуді жеделдетіп, қызмет сапасын бақылауға мүмкіндік береді. Цифрлық технологияларды енгізу өздігінен экономикалық нәтиже бермейді. Ол үшін интернет инфрақұрылымымен қатар, білікті мамандар, кәсіпкерлердің цифрлық сауаттылығы, деректер қауіпсіздігі және технологияларды нақты өндірістік қажеттілікке бейімдеу маңызды. Әсіресе ауыл шаруашылығы басым өңір саналатын Түркістан облысында су ресурстарын есепке алу, егістік алқаптарын бақылау, өнімділікті болжау және ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу жүйелерін цифрландырудың әлеуеті зор.
Цифрлық экономика – дәстүрлі салаларды алмастыратын емес, олардың тиімділігін арттыратын даму тетігі. Түркістан облысында интернет инфрақұрылымын жетілдіру, инвестициялық жобаларды цифрлық платформалар арқылы бақылау, электрондық мемлекеттік қызметтерді кеңейту және кәсіпкерлікті автоматтандыру бағытында қалыптасып келе жатқан бастамалар осы өзгерістің негізін қалайды. Алдағы кезеңдегі басты міндет – технологиялық мүмкіндіктерді нақты экономикалық нәтижеге айналдырып, өңір кәсіпорындарының өнімділігін, инвестициялық тартымдылығын және халықтың өмір сапасын арттыру.












