Воскресенье, 22 ноября

ЭКСПОРТ ЖӘНЕ ИМПОРТ: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ӨНІМ КӨЛЕМІ КЕҢЕЙІП, ӨНДІРІС КҮШЕЙІП КЕЛЕДІ

0
24

Түркістан облысында сыртқы сауда байланыстары кеңейіп, жергілікті кәсіпорындардың халықаралық нарықтағы үлесі артып келеді. Өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерімен қатар, өңдеу өнеркәсібінің тауарларын экспортқа шығару қарқыны күшейген. Сонымен бірге ішкі нарықтағы импортқа тәуелділікті төмендету және шетелден жеткізілетін өнімдерді жергілікті өндіріс есебінен алмастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Түркістан облысының сыртқы сауда айналымы 2,3 млрд АҚШ долларын құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 36,2 пайызға өсті. Оның ішінде экспорт көлемі 36,5 пайызға артып, 1,2 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл көрсеткіш өңір кәсіпорындарының өндірістік мүмкіндіктері кеңейіп, жергілікті өнімге сыртқы нарықта сұраныс қалыптасып отырғанын көрсетеді.

Облыстың экспорттық әлеуетінде ауыл шаруашылығы маңызды орын алады. Түркістан өңірі еліміздегі жеміс-көкөніс өнімдерін өндіру мен экспорттаудың жетекші орталықтарының бірі саналады. Сонымен қатар ет және ет өнімдері, мақта, мақта талшығы, өсімдік майы, балық өнімдері мен түрлі өңделген тауарлар шетел нарығына жөнелтіледі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның сиыр еті экспортының 80 пайызы, қой еті экспортының 75 пайызы Түркістан облысының үлесіне тиесілі болған. Бұл өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетінің жоғары екенін аңғартады.

Экспорт көлемін арттырумен қатар, оның құрылымын өзгерту де маңызды міндеттердің бірі. Қазір облыста шикізатты бастапқы күйінде сатудан гөрі, оны терең өңдеп, дайын өнім ретінде сыртқы нарыққа шығару бағытына басымдық берілуде. Осы мақсатта мақта, ет, көкөніс және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін өндірістерді дамыту көзделген. Өңірде тоңазытқыш, сусындар, тоқыма бұйымдары, трансформаторлық жабдықтар мен жиһаз өндіретін кәсіпорындардың экспорттық мүмкіндіктері де кеңейіп келеді.

Сыртқы саудадағы маңызды бағыттың бірі – импортты алмастыру. Өңірдің импорттық құрылымына жүргізілген талдау нәтижесінде құны 153,8 млн АҚШ долларына дейінгі бірқатар тауарды жергілікті жерде өндіруге мүмкіндік бар екені анықталған. Олардың қатарында ауыл шаруашылығы техникасы, сусындар, күнбағыс майы, кондитерлік өнімдер, тоқыма және трикотаж бұйымдары, сүт, ет, балық өнімдері мен алюминийден жасалған бұйымдар бар.

Бұл бағытта нақты өндірістік жобалар жүзеге асырылуда. Жалпы құны 176 млрд теңгені құрайтын 31 инвестициялық жоба іске қосылған. Олардың қатарында Түркістан қаласындағы «Lihua» жіп иіру фабрикасы, «QazLaminat» ламинат зауыты, «Er Qan» бір реттік ыдыс-аяқ және «QazEcoPack» скотч өндіру кәсіпорындары бар. Сондай-ақ Сауран ауданында тоңазытқыш өндірісі, Шардара ауданында жүгеріні терең өңдейтін «Казкрахмал» зауыты, Түлкібас ауданында сусын өндіретін «Beibars Bottlers» кәсіпорны және Кентау қаласында газ қазандықтарын шығаратын «Turan Shenhua» өндірісі жұмысын бастаған.

Жергілікті тауар өндірушілерді қолдау мақсатында сауда желілерімен де байланыс нығайтылуда. Өңірдегі сауда базарлары және 70 ірі супермаркетпен меморандумдар жасалып, сауда орындарындағы отандық азық-түлік өнімдерінің үлесін кемінде 50 пайызға жеткізу міндеті қойылған. Бұл жергілікті кәсіпорындардың өткізу нарығын кеңейтіп, тұтынушыларға отандық өнімдердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Экспорттық бағыттағы жұмыстарды үйлестіру, кәсіпкерлерге нарыққа шығу жолдарын түсіндіру және өнім өткізу арналарын кеңейту мақсатында «Made in Turkistan: Export 2026» бастамасы аясында өңірлік экспорттық кеңес те өткізілді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, балалар тағамы, томат пастасы мен сүт өнімдерін өндіру бағыттары бойынша 40 инвестициялық ұсыныс әзірленген. Жергілікті тауар өндірушілердің 400-ден астам өнімін қамтитын арнайы каталог жасақталған.

Алдағы кезеңде негізгі міндет – экспорт көлемін ұлғайтумен қатар, оның тауарлық құрамын әртараптандыру, жаңа нарықтарға шығу және импортқа тәуелді тауарлардың жергілікті өндірісін жолға қою. Бұл өңір кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндірістік қуаттарды кеңейтуге және облыс экономикасының тұрақты дамуына ықпал етеді.

Өндірістің өсуінде өңдеу өнеркәсібінің орны ерекше. Себебі бұл бағыт ауыл шаруашылығы мен жергілікті шикізат ресурстарын тиімді пайдалануға, дайын өнім шығаруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Облыста тамақ және жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдары, жиһаз, тоқыма, машина жасау және тұрмыстық техника өндірісі дамып келеді.

Бүгінде өңірде азық-түлік өндіретін 21 ірі және 114 орта деңгейдегі кәсіпорын жұмыс істейді. 2026 жылдың тоғыз айында ірі кәсіпорындар 150,1 млрд теңгенің өнімін өндіріп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өндіріс көлемін 21 пайызға арттырды. Бұл бағытта ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, азық-түлік тауарларының түрін көбейту және ішкі нарықты жергілікті өніммен қамтуға басымдық берілуде.

 

Leave a reply