
Қазақстан Республикасының қорғаныс қабілетін нығайту, мемлекеттік егемендік пен аумақтық тұтастықты қорғау – мемлекеттің стратегиялық маңызы бар міндеттерінің бірі. Бұл бағытта Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі тірегі ретінде маңызды қызмет атқарады. Армияның басты миссиясы – ел тәуелсіздігін қорғау, ықтимал сыртқы қауіп-қатерлерге қарсы тұру, мемлекеттік және әскери нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне сәйкес тиісті тапсырмаларды орындау.
Қазіргі кезеңде әскери қызмет тек жауынгерлік дайындықпен шектелмейді. Ол жоғары тәртіпті, кәсіби біліктілікті, жауапкершілікті, төзімділік пен отансүйгіштікті талап ететін маңызды мемлекеттік қызмет саласы саналады. Қарулы Күштердің жауынгерлік әзірлігін жетілдіру, әскери кадрлардың кәсіби деңгейін арттыру, заманауи технологияларды меңгеру және жеке құрамның моральдық-психологиялық даярлығын қамтамасыз ету елдің қорғаныс әлеуетін нығайтуға бағытталған.
Осы орайда қоғамда әскери қызметтің беделін арттыру, өскелең ұрпаққа Отан қорғаудың маңызын түсіндіру және жастарды әскери мамандықтарға баулу жұмыстарының мәні зор. Бұл бағыттағы ақпараттық-түсіндіру шараларының бірі – Түркістан қаласында ұйымдастырылған «Біртұтас ел – Біртұтас жер» атты әскери-патриоттық акция.
2026 жылғы 30 қаңтарда Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобының ұйымдастыруымен өткен іс-шараның негізгі мақсаты – Қарулы Күштердің оң имиджін қалыптастыру, әскери қызметтің қоғамдағы мәртебесін көтеру және жастардың бойында ел алдындағы азаматтық әрі әскери борышына деген жауапкершілікті нығайту.
Акция аясында Қорғаныс министрлігінің Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің, Әскери білім департаментінің, Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың өкілдері және Түркістан облысы бойынша Қорғаныс істері департаментінің басшылығы өңірдегі білім беру ұйымдарымен кездесулер өткізді. Атап айтқанда, №27 Ө.Жәнібеков атындағы мектеп-лицейі мен №33 жалпы білім беретін мектептің 9–11 сынып оқушыларына әскери қызметтің ерекшеліктері, әскери оқу орындарына түсу тәртібі және әскери қызметшілерге қарастырылған әлеуметтік мүмкіндіктер жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Кездесулер барысында оқушыларға әскери жоғары оқу орындарына қабылдану талаптары, қажетті құжаттар, мамандық таңдау және әскери білім алудың артықшылықтары туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар Құрлық әскерлерінің әскери институты, Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты және Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтына түсуге қатысты ақпараттық парақшалар таратылды. Мұндай кездесулер жасөспірімдердің болашақ мамандығын саналы түрде таңдауына және әскери саладағы кәсіби мүмкіндіктермен жақынырақ танысуына жағдай жасайды.
Акцияның мазмұнды бөлігі Түркістан қалалық мәдениет үйінде ұйымдастырылған жылжымалы музейлік көрме болды. Алматы қаласындағы Әскери даңқ музейінің қорынан ұсынылған тарихи жәдігерлерді тамашалауға қала мектептерінен 1000-ға жуық оқушы мен ұстаз қатысты. Көрме Қазақстан әскери бөлімдерінің құрылғанына 85 жыл толуына орайластырылып, ел тарихындағы жауынгерлік ерлік пен әскери дәстүрлерді дәріптеуге арналды.
Экспозициядан даңқты қолбасшы, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының жеке марапаттары мен тұрмыстық заттары, Кеңес Одағының Батыры, генерал-майор Иван Панфиловтың жеке бұйымдары, сондай-ақ мерген Төлеуғали Әбдібековтің марапаттары мен құжаттары орын алды. Бұл жәдігерлер жас ұрпаққа тарихи тұлғалардың өмір жолын таныстырып қана қоймай, ел қорғау жолындағы ерліктің, табандылық пен отанға адалдықтың мәнін ұғындыруға бағытталды.
Іс-шараның салтанатты бөлімі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындаумен басталып, Қарулы Күштердің қалыптасу тарихы мен жауынгерлік жолы туралы бейнеролик көрсетілді. Жиында Қарулы күштер Бас штабының Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің өкілі, полковник Дәулет Бейсеков әскери-патриоттық тәрбиенің жас ұрпақтың дүниетанымын қалыптастырудағы маңызын атап өтті. Кездесу соңында Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың шығармашылық ұжымы концерттік бағдарлама ұсынды.
Жалпы, «Біртұтас ел – Біртұтас жер» акциясы әскери қызметтің мазмұнын кеңінен түсіндіруге, армияның қоғамдағы рөлін танытуға және жастардың Отан алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды ақпараттық-ағартушылық шара болды. Осындай бастамалар арқылы әскери қызметтің тек міндет қана емес, елге адал қызмет етудің, азаматтық ұстаным мен патриотизмнің көрінісі екені насихатталады.
Ел қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін сақтау – тек әскери құрылымдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Сондықтан жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге баулу және ел қорғанысына қатысты білімін арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да өзектілігін жоғалтпайды.













