
«Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалы сайлауалды штабы төрағасының орынбасары Қалыйма Жантөреева, Түркістан облыстық мәслихатының депутаттығына кандидат Ержан Маханбет және «Әділет» партиясы Отырар аудандық филиалының төрағасы Ұлан Абдрахимов Шәуілдір ауылындағы Жамбыл атындағы мектеп-лицейі аумағында ауыл тұрғындарымен кездесті.
Кездесу барысында Қалыйма Жантөреева партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, алдағы кезеңге арналған басым міндеттерге тоқталды. Ал кандидат Ержан Маханбет облыстық мәслихат депутаттығына үміткер ретінде өзінің жеке сайлауалды бағдарламасын ұсынып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты көзқарасымен бөлісті.
Өз сөзінде Ержан Маханбет Отырар ауданының даму әлеуеті жоғары салаларының бірі – туризмге ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті. Тарихы терең, мәдени мұрасы бай Отырар өңірінде туризмді дамыту тек тарихи орындарды таныстырумен шектелмеуі керек. Бұл бағытта тарихи-мәдени нысандардың тартымдылығын арттыру, туристік инфрақұрылымды жетілдіру, қызмет көрсету сапасын көтеру және жергілікті кәсіпкерлікті қолдау маңызды.
Сонымен қатар туризмнің дамуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына, шағын және орта бизнестің жандануына, аудан экономикасының әртараптануына ықпал ете алады.
Кездесу ашық форматта өтіп, тұрғындар партияның және кандидаттың алдағы жұмыс бағыттарымен танысты. Қатысушыларға 2026 жылғы 29 қарашада өтетін мәслихат сайлауында саналы таңдау жасаудың маңыздылығы түсіндірілді.
Отырардың тарихи мұрасын сақтау және оны өңір дамуының жаңа мүмкіндігіне айналдыру – ортақ міндет.













