Ұлттық банк теңге бағамына қатысты ұстанымын айтты
Ұлттық банк теңгенің тіркелген бағамына көшу мәселесіне қатысты ұстанымын айтты, деп хабарлайды Infonews.kz сайты.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың айтуынша, бұрынғы тәжірибе көрсеткендей, тіркелген бағам саясаты қысқа мерзімді тұрақтылық елесін қалыптастырады.
«Оны ұзақ уақыт бойы жасанды жолмен ұстап тұру алтынвалюта резервтерін жұмсау есебінен ғана мүмкін. Нәтижесінде бұл ұлттық валюта бағамын девальвациялау қажеттілігіне алып келеді», – деді ҰБ өкілі.
Теңгенің еркін өзгермелі бағамы сыртқы ортаның өзгерістеріне бірден ден қоюға мүмкіндік береді.
«Бұл экономикадағы теңгерімсіздіктердің жинақталуын болдырмайды, сондай-ақ елдің алтынвалюта резервтерінің сақталуына ықпал етеді. Сондықтан Ұлттық банк тіркелген бағамға көшу мәселесін қарастырмайды», – деді Молдабекова.