ТҮРКІСТАНДА ӘЛЕУМЕТТІК ДҮКЕН САНЫ АРТАДЫ

0
134

Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен, кәсіпкерлер мен тиісті бөлім мамандарының қатысуымен өткен жиында осы мәселелер төңірегінде келелі кеңес өтті.

Бәсекелестікті қорғау департаменті басшысының орынбасары Данабек Махатов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын тұрақтандыру бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Әсіресе, нан бағасын өсірмеу үшін нан өндірушілерге сұраныс хаттар жолданып, талдау жасалғанын атап өтті. Тауар өндірушілерге негізсіз бағаны өсірген жағдайда заң аясында шара көрілетіні ескертілген. Баяндамашының мәлімдеуінше, базарлардағы делдалдықты, яғни тауар өндіруші мен тұтынушыға дейінгі кедергілерді жою мәселесі де қолға алынған.

Қала аумағында 5 ірі сауда үйінде жасақталған әлеуметтік бұрыштар мен 13 әлеуметтік дүкен тұрғындарға қызмет көрсетіп келеді. Баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында қала әкімі әлеуметтік дүкендер қатарын тағы 20-ға арттыру бойынша тапсырма берді. Сонымен қатар, негізсіз баға өсіруге жол берілмеу үшін мониторинг жүргізуді жүйелеу де тұрақты бақылауда болатынын ескертті.

– Біз кәсіпкердің де, тұтынушының да құқығын құрметтеуге тиіспіз. Кәсіпкерлерге әкімдік тарапынан заң аясында барлық қолдауды көрсетуге дайынбыз. Алайда, кәсіпкерлерді де тауар бағасын белгілеуде асыра сілтеуге жол бермеуге шақырамын, – деді Нұрбол Әбдісаттарұлы өз сөзінде.

Таяуда жұмысын бастаған эко-базар да баға тұрақтылығына оң әсерін тигізеді деп күтілуде. Жыл басынан бері мұнда 10 рет жәрмеңке өтіп, 30,1 тонна тауар сатылған.

 

Leave a reply