Балық өсірсе, бөгендіктер өсірсін!

0
123

Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев жұмыс сапарымен Бөген ауылдық округінде болды. Аймақ басшысы балық өсіруді қолға алған кәсіпкер Қалдыбек Сағымбай мен Мағжан Әмзебаевтың шаруашылықтарымен танысты.

Қалдыбек Сағымбай «Нұрсұлтан» шаруа қожалығына тиесілі 3,2 гектар жердің 1,2 гектарына тоған қазып, оған 16 мыңға тарта шабақ жіберген. Алдағы уақытта балық өсіретін тоғанды тағы 0,8 гектарға ұлғайтпақшы. Сөйтіп, балық санын көбейтуді көздеп отыр. Осылайша кәсіпкер жылына 30 тоннадан астам балық өсіріп сатуды жоспарлапты. Ол үшін «Ауыл аманаты» жобасы арқылы жеңілдетілген несие алғысы бар.
– Өңірімізде балық өсіру ісіне қолайлы жағдай жасалған. Мемлекеттен берілетін жеңілдіктер де кәсіп бастаймын дегендерге үлкен демеу. Істің көзін тауып, тынбай, қажырлы еңбек еткен адам балықтан көл-көсір пайдаға кенеле алады, – дейді Қ.Сағымбай.
«Ауыл аманаты» жобасы арқылы кәсібімді дамытсам деп ниет етіп отырған кәсіпкер Мағжан Әмзебаев та жақында 0,7 гектар жердегі тоғанына шабақтар жіберіпті. «Үкіметтен көрсетіліп отырған қолдаудан біз де үміттіміз. Барлық тиісті құжаттарды өткізіп қойдық. Енді қолға қаражат тисе тоған аумағын ұлғайтып, балық санын көбейтпекпіз. Бұйыртса, жылына 10 тонна балық өсіріп сататын боламыз, – дейді ол.
Айта кетейік, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында өткен жылы өңірде 19,8 млрд. теңгеге 3200-ден астам жоба қаржыландырылды.
облыстағы 16 ауданның 64 ауылдық округінде жаңадан 75 кооператив құрылып, 3,5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Ауыл тұрғындары мал бордақылап, балық өсіруді қолға алған. Енді біреулері наубайхана ашып, шағын кәсіпкерлікті дамытып жатыр. Биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасына 100 млрд. теңге бөлу жоспарланған. Жобаның тиімділігі Ордабасы ауданында да байқалады: мұнда балық шаруашылығынан бөлек, құс, мал шаруашылығын дамытуды ниет етіп отырғандар да аз емес. Жалпы, ауданда аталмыш бағдарламаға 410 адам қатысып, 400-ден астам жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Leave a reply