Суббота, 5 октября

КЕНТАУЛЫҚ ТҰРҒЫН ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТ АЛЫП, КӘСІБІН ДӨҢГЕЛЕТІП ОТЫР

0
90

Түркістан облысында түрлі бағыттағы мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланып, кәсібін дөңгелетіп жатқандардың саны артып келеді. Сондай жанның бірі, тігінші кентаулық ана Динара Есіркепова. Қыз жасауын тігеді. Одан бөлек, түрлі оюлы, сәнді сәукеле, тойбастар және заманауи көрпе-жастықтарға тапсырыс алады.
Динара Жанғалиқызы 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға қатысып, жаңа бизнес идеясын іске асыруға арналған мемлекеттік қайтарымсыз 1 млн. 380 мың теңге грантын жеңіп алып, қажетті құралдар мен тігін машинасын сатып алған.
Негізгі мамандығы – бастауыш сынып мұғалімі. Алайда жанына жақын сала осы тігінішілік болғандықтан, арнайы білім алып, осы кәсіпті ұлғайтуды қолға алған.
Отбасында үлгілі келін, 4 бала, 1 қызды тәрбиелеп отырған аяулы ана. Бес жылдан бері қолға алған кәсібіне сұраныс артып келеді. Алдағы уақытта, жанына көмекшілерді көбейтіп, өнім көлемін ұлғайтуды мақсат етіп отыр.
Айта кетсек, өткен жылы 2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға 756,2 мың адам қатысқан. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, 555,7 мың адам жұмысқа орналасты, оның 357,4 мыңы тұрақты жұмысқа орналасқан.Субсидияланатын жұмыс орындарына 198,3 мың адам орналастырылды. Оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарымен 17,4 мың адам, жастар практикасымен 33,9 мың адам, қоғамдық жұмыстармен 121,4 мың адам, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында 9,9 мың адам, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы аясында 493 адам, «Күміс жас» жобасы аясында 15,2 мың адам жұмыспен қамтылды.Еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн оқытумен 46,1 мың жұмыссыз қамтылды, оның ішінде 42 мыңы оқуды аяқтады.Сондай-ақ, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 133,4 мың адам қамтылды, оның ішінде 99 мың адам оқуды аяқтап, сертификаттар алды.Қызмет саласын таңдау мақсатында 143,9 мың адам әлеуметтік кәсіптік бағдарлаудан өтті.Бұдан басқа, 2023 жылы Ұлттық жоба шеңберінде 400 АЕК (1 380 000 теңге) мөлшерінде жаңа бизнес-бастамаларды іске асыру үшін 9 мың грант беру көзделген. Жыл ішінде 9102 грант берілді.

Өткен жылы бірінші лек аясында республика бойынша 2577 грант беру жоспарланған болатын. Грант сомасы – 400 АЕК, яғни 2023 жылы 1 млн 380 мың теңгеге тең. Бұл жоба жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға арналған мемлекеттік гранттар аясында өтеді. Осыған байланысты кәсіпкерлерді қолдау мақсатында Түркістан облысына қарасты бірқатар аудандар мен елді мекендерде кәсіп ашып, нәсібін көріп отырғандар қатары толығып келеді. Сарыағаш ауданының әкімі Арман Айдарұлы қайтарымсыз грант алып кәсібін жүргізіп жатқан Қабланбек ауылдық округінің тұрғыны Сансызбаев Дидарбек Талғатұлының наубайханасына арнайы барып, наубайхананың бүгінгі таңдағы жұмыс барысымен танысты. Кәсіп иесі өткен жылдың мамыр айында 1 225 200 теңгенің грантын ұтып алып, қаржыға арнайы қондырғылар сатып алған. Мемлекеттің қолдауымен кәсіп ашқан Дидар Сансызбаев күніне 150 нан шығарып, аудан аумағындағы сауда нүктелеріне саудалауда. Сонымен қатар, кәсіп иесі бүгінде күрке тауығын өсіруді де қолға алған. Кәсібін бастамас бұрын нарықты зерттеген ол қазіргі таңда құс етіне сұраныс жоғары болып тұрғанын байқаған. Алдағы уақытта инкубациялау бағытын қолға алып, қолындағы күркелер санын 500-ге жеткізуді жоспарлап отыр. Кәсіптің көзін тапқан жас кәсіп иесі бүгінде күрке өсіруді жетік меңгеріп алған. Жас кәсіп иесі алдағы уақытта мемлекеттен 2,5 пайыздық несие алып, кәсібін кеңейтуді жоспарлауда.
Мемлекеттік бағдарламалар аясында берілген қаражаттың мақсатты жұмсалып, кәсіпкерлер қатарының артуы-бірінші кезекте елдегі жұмыссыздық деңгейі төмендеп, әлеуметтің әлеуетін арттыруда тиімді тәсіл болмақ. Сонымен қатар елімізде тек жастар ғана емес, зейнет жасына таяған азаматтар да тұрақты жұмыспен қамтылады.

Leave a reply