Алдағы 5 жылда ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 2,3 есе ұлғайту жоспарланған

0
84

Қазір елімізде әр өңірдің азық-түлік өндірудегі әлеуеті зерттеліп жатыр. Нәтижесінде, қай өңірде қандай салаға 4 пайыздық несие берілетіні нақтыланатын болады. Айта кетейік, мұны ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі азық-түлік бағасын әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы реттеу үшін қолға алмақ.

— Бұл жобаны ақпан айынан бастап іске асырамыз деп жоспарлап отырмыз. Қазір әр өңірден сұраныс жинап, үлкен жоспар дайындалып жатыр. Солтүстік Қазақстанның кейінгі екі жылдағы тәжірибесі өте тиімді болды. 2021 жылдан бастап республикалық бюджеттен әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияға республикалық бюджеттен 4 пайыздан төмен мөлшерлемен ақша алып, сосын ұзақ мерзіммен, 4 пайызбен азық-түлік өнімдерін өндіруге ақша берілді. Қаражаттың арзандығы және ұзақ мерзімге берілуі сүтті тауарлы фермаларды, ет бағытындағы құс фабрикаларын қаржыландыруға мүмкіндік берді, — дейді министр Ербол Қарашөкеевтің.

Біздің айтпағымыз бұл емес. Өңіріміздің ауылшаруашылығы өнімдерін өндірудегі әлеуметі болмақ. Биыл өңірімізде облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, өңірдің агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған даму тұжырымдамасы әзірленді. Нәтижесінде 5 жылда жалпы өнім көлемі мен еңбек өнімделігін 2 есе, салаға тартылатын жеке инвестциялар көлемін 6 есе ұлғайту, қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 2,3 есе ұлғайту қарастырылып отыр. Осы Тұжырымдама және 2021– 2025 жылдарға арналған Ұлттық жоба аясында биылғы жылға 37 даму көрсеткіші нақтыланды. Нәтижесінде, салаға инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру, қайта өңдеу кәсіпорындарын, бордақылау, сүт, құс фермаларын ашу есебінен жалпы өнім көлемі 1,2 трлн. теңгеге жеткізілетін болады. Осыған орай биылға жоспарланған көрсеткіштер бойынша облыс әкімі Дархан Сатыбалды аудан, қала әкімдеріне тиісті тапсырмалар берді.

Қазіргі таңда облыста ауыл шаруашылығын дамыту жөнінде белгіленген 18 даму көрсеткіші бойынша барлық аудан, қала әкімдіктеріне ай сайын тұрақты бағалау мониторингі жүргізілуде.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы міндетін атқарушы Нұржігіт Мырзахметовтың баяндауынша, еліміздегі агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі Ұлттық жобада қарастырылған 4 міндет өңірімізде тиісті деңгейде орындалуда. Мәселен, былтыр жалпы өнім көлемі 1 триллион 36 млрд. теңгеден асып, еңбек өнімділігі бір жұмысшыға 3 млн. теңгені құраған. Отандық өндірісті негізгі азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету бойынша 2025 жылы қарай республика халқын алма, балық, шұжық өнімдері, ірімшік пен сүзбе, құс етімен толық қамту, қант өнімімен 80 пайыз қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Былтыр өңірімізде 130,6 мың тн алма, 7 мың тн балық, 8,4 мың тн. шұжық өнімдері, 3,7 мың тн сүзбе, 4,2 мың тн құс еті өндірілген. Облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, 2027 жылға қарай құс (45 %) етімен және басқа өнімдермен облыс халқы 100 пайыз қамтамасыз етілетін болады.

— Экспорт көлемі 308,3 млн. АҚШ долларын құрады. Жалпы 683,4 мың тонна өнімдер экспортталған. Оның ішінде қайта өңделген өнім үлесі 44,4%-ды құрады немесе 136,9 млн. АҚШ долларын құрады. 2025 жылға қарай облыста ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының көлемін 2 есеге ұлғайтуға толық мүмкіндік бар, — дейді сала мамандары.

Бүгіннің өзінде былтырғы жылға жоспарланған жалпы құны 20 млрд. теңгені құрайтын 30 инвестициялық жоба толығымен жүзеге асырылды. Онда 700-дей жаңа жұмыс орындары құрылды. Өткен жыл қорытындысына назар аударар болсақ, облыстың ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 74,7 млрд. теңге инвестиция тартылып, өсім 118,7%, тамақ өндірісінің негізгі капиталына 10,2 млрд. теңге инвестиция тартылған.

— Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына инвестиция тарту жоспары мен тамақ өндірісіне инвестиция тарту жоспары артығымен орындалды. Дегенмен, тамақ өндірісіне инвестиция тарту жоспары Ордабасы, Мақтаарал аудандары мен Кентауда кеміген. Мемлекеттің агроөнеркәсіп кешенін дамытудағы саясатының негізгі басымдылығы шикізат секторынан дайын өнім секторына өту екендігіне қарамастан аудан, қала әкімдіктері бұл бағытты дамуға мүлдем көңіл бөлмеуде. Атап айтсақ, жыл қорытындысымен облыста қайта өңдеу көлемі 120,8 млрд. теңгені құрап, 97,9%-ды құрады немесе өткен жылдан 2,1% төмендеген. Осыған орай, аудан, қала әкімдіктері қайта өңдеу кәсіпорындарын ашу, кеңейту, жаңғырту жұмыстарына аса көңіл бөлу қажет деп санаймын,- деді Нұржігіт Мырзахметов.

Ауыл шаруашылығы жалпы өнім үлесі бойынша Түркістан облысы республикада 3-орында. Нақты көлем индексі 100,7%, өсімдік шаруашылығы 101,4%, мал шаруашылығы 99,7%. Мал шаруашылығы өнімінің кемуіне келесі аудан, қалаларда мал шаруашылығы өнімдерінің төмендеуі әсер етті. Ет өндіру Ордабасы, Төлеби, Отырар, Кентау мен Келесте кеміген. Сүт өндіру Арыс, Жетісай мен Кентауда кеміген. Жұмыртқа өндіру Кентау қаласы мен Отырар, Жетісай, Мақтаарал, Келес, Созақ аудандарында азайғанын да айта кетейік.

Leave a reply