Төлебиде ауыл шаруашылығына тартылған инвестиция көлемі артқан

0
75

Төлеби ауданында өткен жылдың 12 айында ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 61 млрд 684,8 млн теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 103,5 пайызды құрады. Биыл ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемін 72 млрд 140 млн теңгеге жеткізу жоспарланған.
Сонымен қатар, өткен жылдың 12 айында ауданда ауыл шаруашылығының негізгі капиталына тартылған инвестиция өсімін 4 млрд теңгеге жеткізу көзделген-ді. Бұл көрсеткіш 4 млрд. 23,1 млн. теңгені құрап, жоспар артығымен орындалды. Бұл бағыттағы биылғы меже – 4,2 млрд теңге. Ал, тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына тартылған инвестициялар көлемін 1 млрд 500 млн теңгеге жеткізу жоспарланған болатын. Бұл жоспардың орындалуы -1119,3 млн. теңге болды. Яғни, жоспар 74,6 пайыз орындалды. Биыл бұйыртса тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемін 1545 млн. теңгеге жеткізу көзделіп отыр.

Жалпы елімізде ауылшаруашылығы саласында жалпы өнім көлемінің 12%-ы Түркістан облысына тиесілі. Облыста 74,2 мың шаруа қожалығы тіркелген, бұл республикалық көрсеткіштің 31%-ын құрайды. 2022 жылы саладағы өнім көлемі 1 036,6 млрд. теңгені құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 100 млрд. теңгеге артық орындалды. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 74,7 млрд. теңге инвестиция тартылды немесе өсім +18,7% болды, тамақ өнеркәсібіне 10,2 млрд. теңге инвестиция тартылып, өсім +7,4%-ды құрады.

Нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында агроөнеркәсіптік кешен саласында 19,5 млрд. теңгені құрайтын 30 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 671 жаңа жұмыс орны ашылды. Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдауға 9 бюджеттік бағдарлама бойынша 30,3 млрд. теңге бөлініп, 25 112 агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне қолдау көрсетілді.

Сонымен қатар, егіс көлемі алдыңғы жылдармен салыстырғанда 14,4 мың гектарға артып, 859,9 мың гектарға егін егілді (2021 ж. – 845,5 мың га). Оның ішінде дәнді және бұршақтық дақылдар – 313,7 мың гектарға, мал азықтық дақылдар – 220,9 мың гектарға, картоп, көкөніс, бақша дақылдары – 119,4 мың гектарға, майлы дақылдар – 79,9 мың гектарға егілді. Агротехникалық іс-шараларды тиісті деңгейде жүргізудің нәтижесінде дәнді дақылдар түсімділігі гектарына 4,9 центнерге артып (гектарына 24,8 центнерден), 778,0 мың тонна өнім өндірілді. Көкөніс, бақша, картоп дақылдарының түсімділігі гектарына 9,5 центнерге артып (гектарына 239,4 центнерден), 2,9 млн. тонна өнім өндірілді.

Leave a reply