САУРАНДА 8 МЫҢҒА ЖУЫҚ АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ ТАБИҒИ ГАЗБЕН ҚАМТЫЛҒАН

0
65

Сауран ауданына қарасты Жаңа Иқан ауылдық округі, Ибата елді мекеніне табиғи газ берілді. Аталған ауылда бүгінде 7 871 тұрғын бар. Газбен қамту жұмыстарын «QazaqGaz» ұлттық компаниясына тиесілі «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ жүзеге асырды. Көгілдір сұйық отынды елді мекенге жеткізу үшін 100 шақырымға жуық газ құбыры жүргізілген.
Айтулы шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Мақсат Таңғатаров тұрғындардың қуанышымен бөлісіп, аудан инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жалғаса беретінін атап өтті. Жергілікті тұрғын Жанар Алшымбаева ауылға көгілдір отын келгеніне дән риза.

– Бүгін біздің ауылда үлкен қуаныш болып отыр. Газ келіп, бәріміз қуанып жатырмыз. Бұрын үйді жылыту үшін көмір тасып не отын жарып, күл шығарып әуреге түсетінбіз. Отын тасу да оңай шаруа емес. Қазір көмір мен отын да қымбат. Енді міне бұл бейнеттен құтылдық. Игі іске атсалысқан барша азаматтарға алғысымыз шексіз, – деді ауыл тұрғыны.

Жалпы Түркістан облысы елді мекендерді газдандыруда елімізде көш бастап тұр. Халық санымен есептегенде, 1 млн 750 мыңға жуық халық немесе облыс тұрғындарының 81,5% табиғи газбен қамтылған. Бұл еліміздегі жалпы көрсеткіштің 28,4 пайызы. Яғни, газбен қамтылған әрбір үшінші ауыл Түркістан өңірінде орналасқан. Биыл 75 мың халық табиғи газбен қамтылады.

Одан бөлек кейінгі он жылда құрылысы тоқтап тұрған нысандарды іске қосу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде 40-қа жуық проблемалық нысан іске қосылып, 35 елді мекенде құрылыс жұмыстары басталды. Ал жарты жолда қалған “сақалды” құрылыс бойынша 4 газ тарату стансасының мәселесі шешілді. 1,5 жылдың ішінде 100 мың халық жылдар бойы күткен газға қол жеткізді.
Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбековтің айтуынша, 2024 жылы 86 нысанның құрылысына 12,2 млрд теңге бөлініп, оның ішінде 48 нысанның құрылысы 2024 жылы аяқталады. Қалған 38 нысан 2025 жылы пайдалануға беріледі.
“Нәтижесінде Түркістан облысы тұрғындарының газбен қамту көрсеткіші 84,9 % -ға жетеді. Облыс елді мекендерін 100 % табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында “Түркістан облысы бойынша табиғи газбен қамтамасыз етудің 2023-2027 жылдарға арналған іс-шара жоспары” бекітілді”, – деп хабарлады ведомство.
Жоспарға сәйкес, облыстағы 319 елді мекен (469,6 мың халық) 2027 жылы табиғи газбен қамтамасыз етілуге тиіс.

Leave a reply