Thursday, November 21

Шұбарсуда инженерлік-инфрақұрылым мәселесі кезең-кезеңімен шешімін табуда

0
63

Жақында облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне бірінші кезекте ауыз су мәселесіне баса назар аудару керектігін тапсырып:

«Ауыз су мәселесін толық шешу – ең бірінші міндетіміз. Бұл бағыттағы жобалар сапалы, жұмыстар тиянақты болуы тиіс. Жер асты суын іздеу-барлау жұмыстарын жүргізіп, жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеп, тиісті іс-шараларды жылдамдатқан жөн. Жол карталары мен жоспарлар тағы да нақтыланып, елді мекендерді 100 пайыз ауыз сумен қамту жұмысын 2025 жылы толық аяқтауымыз қажет. Елді мекендерді ауыз сумен қамту жоспары жан-жақты пысықталып, жүзеге асыру жолдары қарастырылсын. Осы салаға қажетті ұсыныстарды жүйелеп, қаржы бөлу мәселесін шешуді тапсырамын, – деген болатын Дархан Амангелдіұлы.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сәкен Далиевтің мәлімдеуінше, қазіргі таңда өңіріміздегі 831 елді мекеннің 719-ы (7 қала, 712 ауылдық елді мекен) ауыз сумен толық қамтамасыз етілген. Бұл көрсеткіш 86,5 пайызды құрайды. Тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 57 нысанның құрылыс жұмыстарына бюджеттен 13,3 млрд. теңге бөлініп отыр. Оның ішінде 43 нысанның құрылысы биыл аяқталады. Қалған 14 нысанда жүргізілетін құрылыс жұмыстары келер жылы тәмамдалады.

Осындай шаралардың нәтижесінде су құбыры жоқ 17 елді мекен тұрғындары тіршілік нәріне қол жеткізбек. Олардың біреуі – Бәйдібек, алтауы –Сарыағаш, төртеуі – Келес, біреуі – Қазығұрт, төртеуі – Ордабасы, біреуі – Отырар ауданында орналасқан. Сонымен қатар 11 елді мекеннің тозығы жеткен ауыз су құбырлары жаңартылады. Олардың екеуі Бәйдібек, біреуі Қазығұрт, төртеуі Төлеби, біреуі Мақтаарал, біреуі Ордабасы, екеуі Түлкібас ауданында орналасқан. Мұнан бөлек, қазіргі таңда өңірімізде тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 16 нысанның жобалық-сметалық құжаты әзірленіп, сараптама қорытындысы алынды.

Айтайын дегеніміз, қазіргі таңда өңірімізде тұрғындарды ауыз сумен қамту бағытындағы жұмыстар тыңғылықты жүргізілуде. Мәселен, Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев таяуда Шұбарсу ауылының өзекті мәселелерімен танысты.Сондай-ақ, ауылдағы ауыз су мұнарасының, табиғи газбен қамту құрылыс алаңын, ауылдағы “Роллан” медициналық орталығы, 2000 орындық жекеменшік мектептің құрылысын аралап көрді.Аудан басшысы мердігер мекеме басшыларына бюджет қаржысына жүргізіліп жатқан құрылыс нысандарын белгілеген мерзімде сапалы аяқтап, ел игілігіне беруді тапсырды.

Азат Әбдіғалиұлы ауылды аралау барысында тұрғындармен кездесіп, халықтың талап-тілегін тыңдауда. Кездесу барысында аудан басшысы ауылдастар көтерген мәселелер, соның ішінде ауыз су, «көгілдір отынға» қатысты мәселелердің кезең-кезеңімен шешімін табатындығын жеткізді.

Leave a reply