Түркістан облысында осы жылдың тамыз айына дейін 15 мектеп ел игілігіне тапсырылады

0
50

Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде «Жайлы мектеп» жобасының жүзеге асырылу барысы кезекті рет пысықталды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды мектеппен қамту ісінің маңызды екеніне тоқталып, инфрақұрылыммен жасақтау, құрылысты кестеге сай жүргізу жөнінде тапсырма берді.

– «Жайлы мектеп» жобасын сапалы әрі уақтылы жүзеге асыруымыз керек. Әрбір мердігердің жұмысы бақылауда болуы тиіс. Тұрақты түрде кеңесіп, кездескен мәселелерді жедел шешіп отырайық. Мектептер мерзімінде дайын болуы қажет. Екіншіден, мектептерге білікті директорларды конкурс арқылы тағайындап, тәжірибелі, білімді ұстаздармен қамту жұмысын да жандандырыңыздар, – деді Дархан Сатыбалды.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеровтың айтуынша, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Түркістан облысында 63 мектептің (2024 жылы – 29 мектеп, 2025 жылы – 34 мектеп) құрылысы жоспарланған. Жоба аясында республикалық бюджеттен 2023 — 2025 жылдар үшін 288,2 млрд. теңге қаралған. 63 мектептің жер телімдері бөлініп, «Самырұқ-Қазына» АҚ-ның атына мемлекеттік актілері рәсімделген.

Айта кетсек, 2024 жылы пайдалануға берілетін 29 мектептін 4 мектебі инженерлік инфрақұрылымымен қамтылған. 25 мектепке сараптама қорытындылары алынып, құрылыстарына облыстық бюджеттен толығымен қаржысы қаралған. Бүгінгі таңда барлық мектетердің мердігерлері анықталып, құрылыс жұмыстары басталған.

Осы жылы 29 мектепті пайдалануға тапсыру жоспарланған. Оның ішінде бүгінгі таңда 1 тамызға дейін тапсырылатын 15 мектептің жетеуінің үшінші қабты көтерілген. 7 мектептің екінші қабаты көтерілсе, 1 мектептің бірінші қабаты көтерілген.

Жиында «Самұрық-Қазына» АҚ өкілдерінің пікірлері мен ұсыныстары тыңдалды. Облыстық құрылыс басқармасы мен аудан, қала әкімдерінің осы мәселеге байланысты жұмыстары сарапталды. Мердігерлерге құрылыс барысында жұмысшылар санын көбейту жөнінде тиісті тапсырмалар берілді.

Leave a reply