Сайрам ауданында 124 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген
Халықтың пікірі мен әрбір өтініші, ұсынысы маңызды. Осы ұстанымды арқау еткен Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды халықпен кездесулерін Сайрам ауданында жалғастырды. Тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, ауданның даму қарқыны туралы баяндады. Білім, құрылыс, инфрақұрылым, ауыз су, газ және өзге де салалар бойынша өткір әрі күрделі мәселелерді тыңдады.
– Тұрғындар тарапынан маңызды мәселелер көтеріліп жатыр. Әділ шешім қабылдау үшін қос тарапты да тең тыңдаған жөн. Сондықтан әрбір сұрақ пен арыз-шағым зерделенеді. Мемлекет тарапынан атқарылуы тиіс жұмысты атқарамыз. Тұрғындар тарапынан да қолдау, белсенді жұмыс болса ғана іс алға басады. Бұл ретте Сайрам ауданының әлеуеті зор әрі даму қарқыны өңірде үздіктер қатарында. Инженерлік инфрақұрылым жүйесін дамыту үшін былтыр ауданда 7 бюджеттік инвестициялық жоба жүзеге асырылып, инженерлік-коммуникация желілерін: ауыз су, газ, жол, электр желісін тартуға 848,4 млн. теңге қаралып, 3 нысан пайдалануға тапсырылды. Елді мекендерде су құбырларының орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, су ұңғымалары қазылып, су мұнаралары орнатылды.
Көлкент ауыл округіне қарасты Ақсуабад ауылында 32 гектар жерге ауыз су жүйесінің құрылысы жүргізіліп, 300 тұрғын тұрақты ауыз сумен қамтылды. Әйтеке би ауылында ауыз су жүйесінің құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. Ауданда 42 елді мекеннің 32-сі табиғи газбен қамтылған. Құтарыс, Қызылжар, Ақсуабад, Оймауыт, Ақарыс, Көлкент елді мекендерінің газ құбырларының құрылысына 2022 жылы қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары жүргізілген.
2022 жылы 6 елді мекенде жалпы ұзындығы 25,3 шақырым электр желілері ауыстырылып, 15 дана жаңа трансформатор, 1113 жаңа бағана орнатылды. Былтыр 2,6 млрд. теңгеге аудандық маңызы бар 5 автомобиль жолдардың 17,5 шақырымына күрделі жөндеу, 184,3 млн. теңгеге 13 ішкі көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл бағытта жұмыс жалғасады, – деді Дархан Сатыбалды.
Былтыр сайрамдықтар облыс басшылығына 16 мәселені көтеріп, оның басым бөлігі шешімін тапқан. Атап айтсақ, Жібек жолы ауылындағы ауыз су жүйесін жаңарту үшін «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасымен 2023 жылға 100 млн. теңге қаржы бөлінді. Ал Қарасу ауылына «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында спорт кешенінің құрылысына 649 млн. теңге қаржы қаралды. Құрылыс жұмыстары аяқталмақ. Аталған бағдарлама арқылы Ақбұлақ ауылына мәдениет үйін салуға қаржы бөлініп отыр. 7 каналға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық құжаттарды дайындалуда.
Құтарыс, Қызылжар елді мекендерінде газ жүйесінің құрылысы биыл аяқталады. Ал Ақарыс, Оймауыт ауылдарында құрылыс жұмыстары өндірістік кестеге сәйкес жүргізілуде. Сонымен қатар 2022 жылы Көлкент ауылына газ жүйелерін салуға 395,5 млн. теңге, Ақсуабад ауылына 215 млн. теңге қаржы қарастырылған.
Биыл аталған нысандарға тағы қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары өндірістік кестеге сәйкес жүргізілуде. Нысандар 2024 жылы тапсырылады.
Тұрғындар тарапынан инфрақұрылым, кәсіпкерлікке қолдау көрсету және әлеуметтік мәселелер көтерілді. Жеке қабылдауда да тұрғындар облыс әкімімен еркін пікір алмасып, өз сауалдарын қойды. Басқармалар мен құқық қорғау органдарының басшылары да тұрғындарды қабылдады. Түйткілдер хаттамаға енгізілді.
Сайрам ауданында былтыр өнеркәсіп өнім көлемі 57,5 млрд. теңгені құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 11,4 млрд. теңгеге артты. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 39,5 млрд. теңгені құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 10,7 млрд. теңгеге артып отыр.
Былтыр ауданда 2,9 млрд. теңгені құрайтын 5 инвестициялық жоба (газоблок зауыты, өнеркәсіптік жылыжай, диірмен, сүт өңдейтін зауыт, өсімдік май шығаратын цех) іске асырылып, 105 жаңа жұмыс орны ашылған. 2023 жылы құны 6 млрд. теңгені құрайтын жаңа 4 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін 2 зауыт құрылысы мен газоблок және мұнай өнімдерін өңдейтін зауыт жобалары бойынша 150 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтіліп отыр. Ауыл шаруашылығы саласында былтыр 124 млрд. теңгеге ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген.