Төлеби ауданында өнеркәсіп өнімі ұлғайып келеді
Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараевтың мәлімдеуінше, былтырғы жылдың он айында аудандағы жалпы өңірлік өнім көлемі 110 млрд. теңгеге жуықтады. Бұл алдыңғы жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 2,5 пайызға артық. «Мұның өзі де қомақты көрсеткіш», — дейді аудан әкімі. Енді осы көрсеткішті сала-салаға бөліп, әрмен қарай сандарды сөйлетсек. Бұл көрсеткіштің 58 млрд. теңгесі ауыл шаруашылығы, 35 млрд. теңгесі өнеркәсіп салаларының еншісінде. Алдағы уақытта ауыл шаруашылығы саласындағы өнім көлемін 60 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, былтыр ауданға 15 млрд. теңгеге инвестиция тартылды. Оның 4 млрд. теңгеден астамы бюджеттік инвестиция болса, қалғаны – бюджеттік емес, жеке инвестиция. Соның нәтижесінде, аудан бюджеті тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда әжептәуір өсті. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша айтар болсақ, 22,5 млрд. теңгеге жетті. Соңғы уақытта өңірде ауыл шаруашылығы ғана емес, өнеркәсіп саласы да қарқынды даму бастады.
Ауданда өнеркәсіп саласында 20-дан астам ірілі-ұсақты кәсіпорын жұмыс істеп тұр.Оның екеуі ірі және орта, 15-і шағын және үшеуі қосалқы кәсіпорындар. Бұл салада былтырғы жыл басынан бері 35 млрд. 687 млн. теңгенің өнімі өндірілген. Сонымен қатар, құны 1 млрд. 700 млн. теңгені құрайтын 3 инвестициялық жоба іске асырылды. Ал, кәсіпкерлік саласында жұмыс істейтін субъектілер саны 8658 болса, оның 8428-і жұмыс істеп тұр. 17 мыңға жуық адам қызмет ететін кәсіпорындарда биыл 31 512 млн. теңгенің өнімі өндірілген. Одан бөлек, кіші және орта бизнесті дамыту үшін жыл басынан бері 6100 азаматқа 3 млрд. 921 млн. теңге несие берілген. Оның ішінде, «Оңтүстік» АИО» ЖШС және «Ырыс» МКҰ арқылы 296 млн. 100 мың теңгеге 39 жоба қаржыландырылған.
Бүгінде «Балмұздақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін тек облыс жұртшылығына ғана емес, республика жұртшылығына да танымал. Сонымен қатар, «Фудмастер» өнімдері де бүкіл елімізге белгілі. Бұларды Төлебидің бренді деуге болады. Мұнан бөлек ауданның мақтаныш тұтар бренді, әрине, ол – қазақтың қымыз. Ауданда бүгінде 85 шаруашылық осы қымыз өндірумен айналысады. Мұнымен қатар өңірде тауда бал арасын өсірушілер де жеткілікті. Соңғы уақытта шаруалар ет, мақсары өндіруден, жылқы шаруашылығын дамытудан көзге түсе бастады.
Тәуелсіздік жылдары біздің ауданымыз құрылыс алаңына айналды. Көптеген әлеуметтік нысандар бой көтерді. Мектептер салынды. Жаңа ауруханалар пайдалануға берілді. Ал, былтыр саябақтар жөндеуден өткізілді. демеушілердің есебінен Орталық саябақта жаңа үлгідегі ардагерлер үйі салынды. Айтайын дегеніміз, осы ғимараттың ішінде 40-50 орынды қымызхана, одан бөлек шахмат ойнайтын орын, ал, әжелерге керемет жабдығымен асхана бар.
Жалпы былтыр өңірдің 90 жылдық мерейтойы аясында аудан орталығындағы үлкен шатқалда биіктігі 23 метр болатын Төле би бабаның ескерткіші орнатылды. Ол аудан тумасы Әсет Қайыпбековтің демеушілігімен жүзеге асты. Ауданның мерейтойына тарту ретінде спорт кешені де ашылды. Бұл әлеуметтік нысан асар тәсілімен бой көтерді. Нысанның жылу жүйесін де жомарт азаматтар өз есептерінен жасатып берді.
Реті келгенде айта кетейік, ауданның 90 жылдық мерейтойы қарсаңында көптеген спорттық, мәдени іс-шаралар өткізілді. Білім мекемелерінде тарихи-тағлымдық іс-шаралар, Төлеби ауданынан шыққан атақты спорт, өнер және ғылым қайраткерлерімен кездесу ашық тәрбие сағаттары түрінде өткізіліп отырды. Спорттың 7 түрінен (аударыспақ, жамбы ату, арқан тарту, қошқар көтеру, қазақша күрес, тоғызқұмалақ, асық ату) облыстық «Көшпенділер» сайысы өткізілді. Төлеби ауданы жөнінде деректі фильм дайындалып, жастар арасында «Көңілділер мен тапқырлардың» аудандық байқауы ұйымдастырылды.
Ауданда туризм бағытына да ерекше көңіл беріліп келеді. Ауданның орналасқан жері таулы аймақ болғандықтан, мұнда туристер көптеп келуде. Мұнда «Біркөлік» және «Қасқасу» шатқалдарында демалыс аймақтары, сауықтыру орталықтары орналасқан. Онда жылына 50 мыңға жуық адам келіп, демалады. Бұл, әрине, ауданның экономикасына оң әсерін тигізеді. Реті келгенде толығарақ айта кетсек, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы мен «Кәсіпкерлік қырандары» жобасы арқылы қаржыландыру нәтижесінде жеке кәсіпкер Э.Еспенбетова Диханкөл елді мекенінде «Дихан Тау» саумалы сауықтыру орталығын іске қосты. Құны 57 млн. теңгені құрайтын кешен бір мезгілде 25 отбасын қабылдай алады екен. Көксәйек ауылдық окургінде де «Сақ» демалыс аймағының құрылысы жүргізілді. Қазіргі уақытқа дейін мұнда балық шаруашылығы, тамақтану қызметі мен сақ моншасы іске қосылған. Сонымен қатар, Кемеқалған ауылдық округіндегі «Алма-тау» тау курортындағы қосымша қонақүй мен спорт кешенінің құрылысы да аяқталып, пайдалауға тапсырылды. Бұл жобаның құны 2 млрд. 650 млн. теңге. Ал, тау туризмін дамыту мақсатында «Қасқасу туристік-рекреациялық кешенінің» жобасын жүзеге асыру мақсатында инженерлік инфрақұрылым жүргізу үшін облыстық бюджеттен 1 млрд. 050. млн теңге қаржы қарастырылып, тиісті жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде, туризм саласына өтен жыл соңына дейін 3 млрд. 757 млн. теңге инвестиция тартылды. Жалпы ауданда 76 туристік нысан жұмыс істеп тұр деуге болады. Оның ішінде бір шаңғы базасы, 4 емдік-сауықтыру орны, демалыс аймақтары мен саяжайлар бар. Онда келушілерге 586 млн. теңгенің қызметі көрсетілген.