Thursday, November 21

ТҮРКІСТАН: КӨК ТУ – ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗДІҢ АЙҒАҒЫ

0
6

Әнұран, Ту, Елтаңба – орны биіктен сайланған мемлекеттің мызғымас рәміздері. Көпшілікке көбірек көрінетіні, әрине, Көк байрақ. Туды көргенде толқымайтын адам жоқ. Көк ту – бүкіл ұлттың азаттығының белгісі. Көк тудың көкке көтеріліп, желбіреуі – біздің еңсеміздің көтерілуі. Ол желмен жарысып жазыла түскенде, теңіздей толқитын бауырынан біздің асқақ, азат, бостан рухымыздың дауысы естіледі. Осы орайда түркістандықтардың назарына көк туымыздың қасиеті жайлы аз-кем мағлұматты ұсынып отырмыз. Көк туға көз тоқтатқанда, одан мемлекетіміздің азаттығы, біздің жанымыздың тазалығы көрінеді. Ақынның бақыты – әр қазақтың жүрегінде лапылдап тұрған лүпілді сезініп, ақ қағазға таңбалай алғаны.
Алмас Ахметбек, ақын
«Көк тудың желбірегені» алғашында, шағын өлең болып жазылды. Тәуелсіздіктің қарсаңында біз әлі қиыр жайлап, шет қонып жүргенбіз. «Елім» деп өткен Асқар Жакулин есімді ұлтжанды, іскер бауырым бар еді. Сол бауырым дүниеден қайтарда өсиет қалдырыпты. Өсиетінде екі-ақ нәрсе айтыпты: «Мен дүниенің барлық бұрышын араладым. Өзім үшін көп кереметтер таптым. Бай болдым, бақытты болдым. Өміріме ризамын. Мен үшін дүниедегі ең ұлы оқиға – Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болғаны. Ал менің өмірімдегі ең ұлы шешім – Қазақстанға қоныс аударуым», депті.
Асқар бауырым айтқандай, өміріміздегі ең ұлы шешімді жасап, 1993 жылы азаттықтың он төртінші айында алғаш рет туған елімнің топырағына табаным тигенде, Қорғас бекетінен желбіреген Туымызды көрдім. Тудың құдіреті жүрегімді шарпып өткендей болды. Адамдардың асқақ сезімін аспаннан ағыл-тегіл шашып, мемлекеттілігі бар ел екенін меңзеп тұрған талай жұрттың желбіреп тұрған жалауын көріп жүрміз, бірақ сол сәтте көз алдымда тұрған ту мен үшін басқа еді. Ақында аяқасты келетін алақұйын сезім, шалқып келетін шабыт деген болады. Тап сол сәтте ту маған ғана арнап тіл қатып тұрғандай көрінді. Сондай көңіл-күйдің әсерімен жазылған өлеңнің алғашқы шумағы:
Көк тудың желбірегені
Бақыттың елжірегені,
Қиырда қалған қазақтың
Ата жұртына жете алмай
Көзінің мөлдірегені, – деп өрілді.
Кейін сахнадан оқыған кезімде жарқ етіп, жай түсіріп өтетіндей отты өлең болғанын сезініп жүрдім. Кейін еліміздегі танымал сазгерлер бұл өлеңге әндер жаза бастады. Өзімнің де қолыма домбыра алып, ән салатын әдетім бар. Бірақ менің жүрегімді жарып шыққан өлеңмен бұл әндердің қауышуына көңіл толмады. Сөйтіп, өзіммен жаны сырлас ақын, өзі сазгер, өзі әнші Ермұрат Зейіп¬ханды шақырып алып, «осы өлеңге мажор ырғақтағы кең тынысты, патриоттық рухтағы ән жазайықшы» деген ұсынысымды айттым.
Ермұрат өте талантты жігіт еді, екі күннің ішінде екі нұсқадағы ән жазып алып келді. Екеуі де мажор, екеуі де диапазоны кең дауысқа арналған. Балаларымның бәрі де музыка мектебінде оқитындықтан, үйде екі фортепиано тұратын. Ермұрат Зейіпхан жазып әкелген әндердің екеуін де күйсандықта ойнап берді, екінші әуені қазір есімде қалмады, сөйтіп, бүгінгі күні ел аузындағы жүрген нұсқасын таңдадық. Әуеннің кей жеріне өлеңге бейімдеп, аздап өзгеріс енгіздік. Соңынан Ермұратпен бірге балаларым да, зайыбым да, өзім де қосылып, екі сағаттай осы әнді шырқадық.
Ән Ермұрат Зейіпханның да көңілінен шықты, ту туралы музыкалық толғанысы туғаннан кейін өзі де талай уақытқа дейін қуаныш құшағында жүрді. Екі фортепианоның біреуін бауырымның еңбегі үшін байғазыға бердім. Сол тартуым Ермұраттың үйінде әлі тұр. Ол ән жарыққа шыққан соң он жылдан кейін дүниеден қайтты. Бірақ алғашқы жылдары бұл ән қазіргідей танымал бола алмады. Алғашында ән белгілі опера әншісі Майра Мұхамедқызының лирикалық соп¬рано даусымен орындалған болатын. Қорғаныс министрлігі ансамблінің әншісі болып жүргенде Ермұрат Зейіпханның өзі де орындады, Елбасының алдында да шырқады.
Бірақ бұл әннің бағы Лондон Олимпиа¬дасы¬нан кейін ашылды. Сол жылы дүркін-дүркін жеңіске қол жеткізген спортшылары¬мыз тұғырға көтеріліп, теледидардан шырқалған сайын қазақы намыс, мемлекет-шілдік, ұлттық рух әнмен бірге төгілді. Әр қазақтың айтқысы келгені осы өлең жол¬дарындағы сөз болып шыға келді. Әні мен сөзі қауышып, көптің жүрегіне қона кетті. Ел ағаларының бірі үлкен жиында тұрып: «Ер¬мұрат екеуің осы әндерің арқылы қазақ хал¬қының рухында патриоттық төңкеріс жаса¬дыңдар», деген еді.
«Көк тудың желбірегені» әнінің жал¬пы¬халықтық ән болып кетуінде, әрине, Иб¬ра¬гим Ескендір бауырымның еңбегі зор. Өзі аранжировкасын жасап, әннің таби¬ға¬тын эстрадаға бейімдеп, домбыра мен сыр¬най үнін қосып орындағаны, расында да, жү¬рек¬ке жылы тиіп, жаңалық болып қабыл¬данды.
Басқа орындаушыларды айтпағанда, Қазақстанда 10 000-дай мектеп болса, сол мектептердің бар оқушысы жаны қалап жаппай орындайтыны әннің елін, жерін, ұлтын, Отанын сүюге үндейтін қуатқа ие екенін білдірсе, оны естіген сайын көңілім марқаяды. «Көк тудың желбірегенінің» патриоттық рухтағы жігерлі жырлардың қатарын толықтырғанына өлең авторы ретінде қуанамын.

Leave a reply