Thursday, November 21

САЙРАМ: БІЛІМ БЕРУДІҢ ЗАЙЫРЛЫ ЖҮЙЕСІ

0
7

Білім беру – тиісті оқу орны арқылы ғылыми мағлұмат беріп, адамның танымын, білімін, дағдысын, дүниеге көзқарасын жетілдіру үдерісі – қоғам мүшелерінің мәдениетін дамытудың негізгі шарты.
Білім беру қызметі – білім беру субъектілерінің мақсатты, педагогикалық білімге негізделген, оқушыларды оқыту, дамыту және тәрбиелеу міндеттері шешілетін үдеріс.
Қазақстан Республикасның 2007 жылы 27 шілдеде қабылданған «Білім туралы» Заңына сәйкес білім саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттары төмендегідей:
– баршаның сапалы білім алуға құқықтарының теңдігі;
– білім беру жүйесін дамытудың басымдығы;
– әpбip адамның зияткерлік дамуы, психикалық-физиологиялық және жеке ерекшеліктері ескеріле отырып, халықтың барлық деңгейдегі білімге қолжетімділігі;
– білім берудің зайырлы, гуманистік және дамытушылық сипаты, азаматтық және ұлттық құндылықтардың, адам өмірі мен денсаулығының, жеке адамның еркін дамуының басымдығы, т. б.
Сонымен қатар аталған заңға сәйкес білім беру ұйымдарында төмендегідей ic-әрекеттерге:
– саяси партиялар мен діни ұйымдардың (бірлестіктердің) ұйымдық құрылымдарын құруға және олардың қызметіне;
– білім беру ұйымдарында нәсілдік, этностық, діни әлеуметтік ымырасыздық пен айрықшалықты насихаттауға, милитаристік және халықаралық құқық пен ізгіліктің жалпыға танылған принциптеріне қайшы келетін өзге де идеяларды насихаттауға;
– педагог қызметкерлердің білім беру процесін саяси үгіттеу, діни насихат жүргізу мақсатында немесе білім алушыларды Қазақстан Республикасының Конституциясына және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келетін әрекеттерге итермелеу пиғылымен пайдалануға тыйым салынады.
Аталған қағидаттардың барлығы білім алушылардың бостандықтары мен құқықтарын, қауіпсіздігін және заң аясында әрекет етуін қамтамасыз ету мақсатында жасақталған.
ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының 3-бабының 4-тармағы бойынша: «Діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасында білім беру мен тәрбиелеу жүйесі дін мен діни бірлестіктерден бөлінген және зайырлы сипатта болады» деп көрсетілген.
Соңғы кездері мемлекеттік мектептер мен оқу орындарында діни үлгідегі киім кию мәселесі, білім беру бағдарламасына енген сурет, ән сабағы және дене шынықтыру сабақтарынан бас тарту сияқты кейбір фактілер орын алуда.
Мемлекеттік білім беру мекемелерінде жауапты Оқу-ағарту министрлігімен бекітілген жоспарға сай білім беріледі және оқу бағдарламаларының мазмұнында канондалған діни білім алу қарастырылмаған, сондай-ақ діни бірлестіктердің оқу үдерісіне араласуына немесе ықпал етуіне жол берілмейді. Қосымша мектептен тыс діни білімін жетілдіре алады. Ата-аналары мен заңды өкілдері балаларының қандай мазмұндағы діни білім алып жатқандығына жіті назар аударып, күмәнді діни топтардың ықпалынан сақтандырудың жолдарын қарастырғаны жөн. Дінге қызығушылық танытқан оқушылардың ата-аналары мен заңды өкілдері олардың мінез-құлқы мен жүріс-тұрысына уақытлы назар аударып, қандай діни кітаптар оқитынын, діни ақпарат алу дереккөздерін (интернет сайттар мен әлеуметтік желілер) және діни қарым-қатынастағы ортасын қадағалап отыруы қажет.
Бұл балалар мен жас-өспірімдерді деструктивті діни ағымдардың ықпалынан сақтандыру мен алдын алудың тиімді жолдарының бірі болып табылыды.
Себебі зерттеу нәтижелері көрсеткендей, отбасылық қарым-қатынас пен қамқорлықтың жетіспеуі, ата-аналық қадағалаудың әлсіздігі аталған әлеуметтік топтардың жат діни ағымдардың жетегінде кетуіне себеп болатын басты факторлардың бірі болуда.
Білім беру жүйесінің зайырлы сипаты төмендегідей қағидаттарға негізделеді. Рухани (діни) білім беру ұйымдарынан басқа білім беру ұйымдарында білім жүйесінің негізгі қағидаттары мыналар:
– мемлекеттің білім беру жүйесінің зайырлы сипатын қамтамасыз етуі;
– діни дүниетанымды күштеп таңғаны және насихаттағаны үшін педагогтер құрамының жауапкершілігін белгілеу;
– білім беру ұйымының ішкі құрылымы мен қызметін қандай да бір діни қағидаттардан тәуелсіздігін қамтамасыз ету;
– білім алушылар мен тәрбиеленушілердің, олардың ата-аналарының (заңды өкілдерінің) ішкі тәртіп қағидаттарын сақтауы, білім беру ұйымының жарғысында және білім беру қызметін көрсету туралы шартта көзделген өзге де талаптарды орындауы;
– білім беру және тәрбие процесінде оқушыларға дін туралы тек ғылыми тұрғыдан білім беру;
– оқыту кезінде қандай да бір діни бірлестікке кіруге немесе онда болуға мәжбүрлеуге жол бермеу;
– діни себептерге байланысты оқушылардың оқу сабақтарына қатысудан бас тартуына жол бермеу;
– білім беру ұйымдарында діни іс-шалар мен миссионерлік қызметті өткізуге жол бермеу;
– білім беру ұйымдарында белгіленген киім үлгісіне қойылатын талаптарды орындау;
– білім беру ұйымдарында «Зайырлылық және дінтану негіздері» курсын оқыту оқушылардың діни ілімнің ерекшелігі мен тарихы туралы ғылыми білімін қалыптастыруға, жастарды бейбітшілікке, мәдени және діни саналуандылыққа тәрбиелеуге бағытталған.
Білім берудің зайырлы сипаты діни немесе дінтанулық білімге тыйым салынады дегенді білдірмейді. Еліміздің заңнамалары аясында діни және дінтанулық білім берудің өзіндік мүмкіндіктері жасақталған.
Ұлт дүниетанымының, мәдениеті мен тарихының ажырамас бөлігі ретінде дін туралы түсініктер мен діндер тарихы туралы мәліметтер, соның ішінде ҚР үшін дәстүрлі болып табылатын діндерге қатысты мағлұматтар, олардың пайда болуы, дамуы, қоғам өміріндегі орны туралы ақпараттар жалпыға бірдей білім беретін орта мектептен бастап, білім беру мекемелерінің барлық деңгейінде қоғамдық пәндер аясында окытылады.
Орта мектептерде 9–сыныпта оқытылатын «Зайырлылық және дінтану нeгiздepi» пәні аясында діндер тарихы мен тәжірибесі, дәстүрлі діндер мен жаңа діни қозғалыстар, Қазақстандағы негізгі діндер, олардың қасиетті кітаптары және діни мейрамдары, ислам дінінің қазақ жеріне таралуы, Ханафи мәзхабы мен Матуриди ақидасының қазақ діни танымындағы орны, қазақ ғұламаларының рухани-діни мұрасы, қазақ жеріндегі исламдық мәдениет туындылары секілді өзекті дінтанулық мәселелер жүйелі негізде оқытылады.
Дінтану пәні таңдамалы курс ретінде еліміздің барлық жоғары оқу орындарының бағдарламаларына енгізілген. Білім алушылар өздерінің қызығушылықтары мен таңдауларына сәйкес осы пән арқылы дін туралы білімдерін кеңейте алады. Аталған шаралар зайырлы мемлекетімізде діни және дінтанулық білімінің өзіндік орны мен қалыптасқан жүйесі бар екендігінің айғағы болып табылады.
Дін қашанда қоғамның, мемлекеттің, адамның өмірінде дүниеге көзқарас пен сенімдер жүйесі ретінде маңызды орын алып келеді. Осы орайда зайырлы мемлекеттегі діни және дінтанулық білім жүйесі мемлекеттік саясаттың жалпы қағидаттарына, қоғам сұранысына, заманауи бағдарлар мен даму болашағын ескере отырып, білім жүйесіне жасалатын объективті талдауларға сүйенеді.
Қорыта келе мемлекетіміздің зайырлы сипатын ескере отырып, жоғарыда аталған мәселелерді құқықтық реттеу республикамыздағы әр түрлі конфессиялардың өзара және мемлекетпен қарым-қатынасын жүйелі жетілдіріп, өзара төзімділік пен келісімді дамытуға өз үлесін қосады.
Яғни, адам құқықтарын қорғау, діни бірлестіктердің қызметін реттеу, азаматтық заңнамамен сәйкестендіру және кемшіліктердің орнын толтыру қажет деп санаймын.
Ж.Битанов,
Түркістан облысының дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
Сайрам ауданындағы дінтанушы маманы.

Leave a reply