САЙРАМ: ОБЛЫСТЫҚ ҚХА ЖАНЫНДАҒЫ АҚПАРАТТЫҚ-ТҮСІНДІРУ ТОБЫ АУДАН ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

0
9

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясында айтқан маңызды міндеттерін іске асыру және мемлекеттік бағдарламаларды халыққа жан-жақты түсіндіру мақсатында Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылында Түркістан облыстық ҚХА жанындағы ақпараттық-насихаттық топтың тұрғындармен кездесуі өтті.
Келелі жиынға Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов модераторлық етті.
Алқалы басқосуға Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов, Түркістан облыстық полиция департаментіне қарасты есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім бастығы, полиция подполковнигі Абзал Аитов, Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева, Сайрам аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысының орынбасары Алмас Бағдатов, Түркістан облысы дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ бөлім басшысы Айбек Тағай, Сайрам аудандық Мансап орталығы филиалының «Кәсіпкерлікті қолдау және еңбек нарығының ұтқырлығын арттыру» бөлімінің басшысы Азамат Сыдықұлы, сондай-ақ психологтар, БАҚ өкілдері қатысты.
Сансыз бабтар мекені Сайрамдағы кездесуге келген халық көп мағлұматқа қанықты. Кездесу барысында жиналған жұртшылық өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды. Басқосуда Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов бұл жиынның берері мол екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясында мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға бірқатар тапсырмаларды жүктеді. Атап айтсақ, ҚХА-ның жұмысына белсенді түрде атсалысуды, ҚХА-ның өкілдерімен тұрақты жұмыс кездесулерін өткізуді тапсырған болатын. Осы мақсатта бүгін өздеріңізбен бас қосып отырмыз. Баршаңызға мәлім, Президентіміздің саяси реформаларының нәтижесінде мемлекеттік бағдарламалар арқылы халықтың тұрмысын жақсартуға үлкен қолдау жасалып отыр. Кәсіп ашамын, жұмыс істеймін деген азаматтарға мемлекет тарапынан жеңілдетілген 2,5% несие, қайтарымсыз грант, жұмыссыздарды қоғамдық жұмыспен қамту, «Серпін», «Жастар практикасы» сияқты шарапаты мол бағдарламалар бар, – деді Созақбай Исаұлы.
Сондай-ақ жиын барысында синтетикалық есірткінің ағзаға зияны мен әсері, «Синтетикалық есірткіні қолданатын адамды қалай тануға болады», «Жасөспірімдер арасында буллинг пен кибербуллингтің алдын алу», «Білімді ұрпақ – жарқын болашақ кепілі», Экстремизм мен терроризмге қарсы ақпараттық-насихаттық алдын алу және сақтандыру бағыттары, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын іске асыру аясында еліміздің еңбек күші артық өңірлерінен еңбек күші тапшы солтүстік өңірлерге қоныс аудару, Ұлттық жоба шеңберінде көрсетілетін белсенді жұмыспен қамту шараларының басым бағыттары талқыланды. Аталған тақырыптар төңірегінде жауапты сала жетекшілері мазмұнды баяндама жасады, ал тұрғындар өзекті мәселелерге қатысты сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Жиынды қорытындылаған Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Жанғазиева тұрғындардың талап-тілегі тиісті мекемелер тарапынан ұдайы назарда болатынын айтып, мұндай кездесулер жүйелі жалғасатынын жеткізді.

Leave a reply