САЙРАМ: «ЫНТЫМАҒЫ ЖАРАСҚАН ТУҒАН ӨЛКЕМ – ҚАЗАҚСТАН» ТАҚЫРЫБЫНДА ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ

0
4

Сайрам ауданы, Ақсукент ауылында орналасқан Оңтүстік Қазақстан индустриалды-инновациялық колледжінің мәжіліс залында «Ынтымағы жарасқан туған өлкем – Қазақстан» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
«1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні» мерекесіне орай өткен іс-шарада аудан әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов алғы сөзді алып, қатысушыларға аудан әкімінің арнайы құттықтау лебізін жеткізді.
Жиынға аудандағы этномәдени бірлестік төрағалары мен өкілдері, ақсақалдар және аналар кеңесінің мүшелері мен Ассамблея жастары қатысты.
Дөңгелек үстелде Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесі Сайрам аудандык филиалының басшысы Базарбай Айтбаев этносаралық татулықты нығайту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында айтылған сөзінде «Біз сын сағатта жұрт болып жұмылдық. Су тасқынымен күреске этномәдени бірлестіктердің 12 мыңға жуық өкілі қосылды. Олар қайырымдылық және гуманитарлық көмек жинауға жұмылды. Сондай-ақ жұртты қатерден хабардар етуге және қауіпсіз жерге көшіруге атсалысты. Мұның бәрі – өзара жанашыр және тілеулес болудың айқын көрінісі екендігін айтып өтті. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасымен республика бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бес аптаға 6 сәуірден басталған игі шара 11 мамырға дейін жалғасатыны «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» болып белгіленген. Әр аптаның өзіндік тақырыбы мен нақты мақсаты бар, – деп қатысушыларды сенбіліктерде белсенді болуға шақырды.
Өз кезегінде А.Исмаилов атындағы кәсіптік колледждің студенттері де мерекеге орай қара сөзбен жыр жолдарын оқыды.
Жиын соңында аудан әкімінің орынбасары М.Бақтыбайұлы мерекелік шараға қатысушы бірқатар азаматтарға аудан әкімі Арман Сәбитовтің арнайы Алғыс хаттарын табыстады.

Leave a reply