ТҮРКІСТАН: ЕҢ ҮЗДІК МАМАН КИЕЛІ ШАҺАРДА ҚЫЗМЕТ ЕТУДЕ

0
43

 

Медицина саласының адам өміріндегі маңызы мен міндеті зор. Сондықтан бүгінде әлемнің кез келген елі аталған саланың дамуына айрықша көңіл бөліп отыр. Бұл үрдіс әсіресе әлемді жайлаған пандемиядан кейін жеделдей түсті. Бұл қатарда Қазақстан да бар. Бүгінде мемлекет басшысының тапсырмасы аясында ірі қалалардан бастап, шалғайда жатқан елді мекендерге дейін медициналық орталықтар салынып, барын күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. материалдық-техникалық база да заман талабына сай жаңғыра түсуде. Нәтижесінде небір күрделі оталар еліміздегі іргелі денсаулық сақтау мекемелерінде сәтті жасалып келе жатыр. Бұл ғана емес, мемлекетімізде медицинаны дамытуды көздейтін арнайы бағдарлама да бар.  Нақтырағы, 2021 жылы «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы бекітілген болатын.

Бастаманың өз мақсаты мен міндеттері бар. Жоба бойынша халықтың өмір сүру ұзақтығын 2020 жылғы 71,37 жастан 2025 жылы 75 жасқа дейін ұлғайту көзделген. Сондай-ақ халықтың медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасына қанағаттану деңгейін 80%-ға дейін арттыру керек екені айтылған. Ұлттық жоба негізгі төрт бағыт бойынша жұмыс істейді. Біріншісі —  қолжетімді және сапалы медициналық көмек көрсету. Екіншісі — эпидемиологиялық болжау мен ден қоюдың қазіргі заманғы жүйесін қалыптастыру. Үшіншісі отандық өндірістің қолжетімді дәрілік заттары мен медициналық бұйымдар болса, төртінші бағытында салауатты өмір салтын ұстанатын халықтың үлесін арттыру және бұқаралық спортты дамыту көзделген. Сонымен қатар халықты денсаулық сақтау қызметтерімен кеңінен қамтуды қамтамасыз ету, жүкті әйелдердің денсаулығын сақтау және балалардың денсаулығын нығайту, кадрлық әлеуетті нығайту, фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіп үшін ғылыми және кадрлық әлеуетті өсіру мен дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың отандық өндірісін дамыту, дене шынықтыру мен бұқаралық спорттың қоғамда кең сұранысқа ие болуына ықпал ету сынды міндеттері тағы бар. Әрине, мұндай ауқымды міндеттерді жүзеге асыру оңай емес. Әйткенмен заманның көшінен қалмай, озық технологияны жұмыс процесіне енгізіп келе жатқан мекемелер баршылық.

Олардың қатарына тарихи қала Түркістаннан орын тепкен Түркістан қалалық орталық ауруханасын қосуға әбден болады. Мекеме бүгінде өңір мен қала тұрғындарына кең ауқымдағы медициналық қызметті көрсетеді. Қызмет нарығында да бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеп келген. Бүгінде аурухана базасында жиырма алтыдан астам құрылымдық бөлімше бар. Оның ішінде он бес клиникалық, тоғыз параклиникалық бөлімшелердің жұмыс істеп тұрғанын айта кеткеніміз жөн. Осы арқылы медициналық нысан науқастарға сапалы қызмет көрсетуді сәтті жүзеге асыруда. Хирургиялық, терапиялық, кардиологиялық, неврологиялық, гинекологиялық, педиатриялық, офтольмотологиялық қызметтерді сапалы көрсете алатын мекемені бүгінде іздеп келушілердің қатары қалың. Пациенттердің пікірінше, бұл мекеменің басты артықшылығы – барлық медициналық қызметті алу үшін сабылып, аурухана аралап, табан тоздырудың қажеті жоқ, барша қажет медициналық техника мен аппарат мекеме базасында бар. Сонымен қатар аурулардың алдын алу және оларды ерте анықтау бойынша белсенді жұмыс атқарылады. Жаңа технологиялар мен емдеу әдістерін енгізу бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Медициналық орталықта білімі жоғары, тәжірибесі мол, сол арқылы күрделі оталарды сәтті жүзеге асыратын білікті дәрігерлер топтастырылған. Осыдан болса керек, бұл аурухананың дәрігерлерін облыстан, көрші облыстардан іздеп келетін пациенттер бар. Соңғы уақытта Түркістан қалалық орталық ауруханасының жақ-бет отасын жасайтын мықты мамандарына сұраныс айрықша артып шыға келген. Өйткені бұған дейін аталған аурухана базасында жақ-бет отасы сан рет сәтті жасалып, көмек сұрап келген көптің мәселесі шешілген еді. Сол себепті де нарық заманында сұраныстың артуы қалыпты құбылыс деп есептейміз.

Бүгінгідей бәсеке заманында мекеме қызметінің сінсіз болуы немесе жұмыс сапасының жоғары болуы білікті кадрға тікелей байланысты. Бұл тұрғыдан келгенде, Түркістан қалалық орталық ауруханасы білікті дәрігерлерімен мақтана алады десек, артық айтқанымыз емес. Қазіргі таңда біз сөз етіп отырған денсаулық сақтау мекемесінде Мәскеу қаласындағы Д.Рогачев атындағы балалар гематологиясы, онкология және иммунология ұлттық медициналық зерттеу орталығында бірнеше рет тәжірибесін шыңдаған білікті маман, Қазақстандағы алдыңғы қатарлы жақ-бет хирургы Қанағат Қожамжаров қызмет етеді. Осының өзі саладағы қызмет сапасының жоғары екенін айғақтайды десек, артық айтқанымыз емес. Себебі жақ-бет хирургиясын жетік білетін ақ халаттылар елімізде аса көп емес. Ал біз сөз етіп отырған маман күрделі реконструкциялық және пластикалық операцияларды жасауға маманданған. Сондықтан да бұл ауруханаға әртүрлі ауыр патологиялары мен жарақаттары бар науқастарға бірегей медициналық қызметтерді ұсынуға мүмкіндік береді.

 

Leave a reply