ШЫМКЕНТТЕ ҚҰРЫЛЫС ЖӘНЕ ЖОЛ САЛАЛАРЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

0
48

Тамыз айында елімізде құрылысшылар мен жол саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекелері атап өтіледі. Осыған орай бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков мегаполистің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген сала мамандарын арнайы құттықтап, мемлекеттік наградаларды табыстады.

Қазақстан Республикасы Президентінің атынан бірқатар қызметкер ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Сондай-ақ өз саласында үздік танылған мамандарға қала әкімінің алғыс хаттары табыс етілді.

Салтанатты жиында қала басшысы құрылысшылар мен жол саласы қызметкерлерінің еңбегін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, олардың кәсіби шеберлігі мен қажырлы еңбегінің арқасында Шымкент қаласында жаңа тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылымдық жобалар қарқынды түрде жүзеге асуда. Бұл – қала тұрғындарының өмір сапасын арттыруға ықпал ететін игі істер.

Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесін иеленгелі бері 4,5 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілген. Ал биылдың өзінде 1,37 миллион шаршы метр жаңа баспана халық игілігіне тапсырылмақ. Сонымен қатар, өткен жылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 11 жаңа мектеп пен 2 оқушылар сарайы бой көтерді. Қазірдің өзінде 17 білім беру нысаны мен бірнеше әлеуметтік ғимараттың құрылысы қарқынды жүріп жатыр.

Жол-көлік инфрақұрылымын дамыту ісінде де айтарлықтай ілгерілеушілік бар. Әдетте жылына орта есеппен 250 шақырым жол жөнделсе, биыл бұл көрсеткіш 1 059 шақырымға жетпек. Бұл – қаланың көлік жүйесін түбегейлі жақсартып, тұрғындардың қауіпсіз әрі ыңғайлы қозғалысына жағдай жасайтын маңызды қадам.

Қала әкімінің айтуынша, құрылыс пен жол саласы – Шымкенттің экономикалық өсуіне серпін беріп отырған негізгі бағыттардың бірі. Сондықтан бұл саланың әрбір қызметкері құрметке лайық.

 

Leave a reply