
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, өз Жолдауында: «Қоғамда еңбек адамының мәртебесі әрдайым жоғары болуы керек. Нағыз құрметке лайық – елге адал қызмет етіп, маңдай терімен нәпақасын тауып жүрген азаматтар» деген болатын. Кентау қаласында осы сөзге лайық, ел игілігі үшін аянбай еңбек етіп жүрген кәсіпкердің бірі – «Қаратау Полимер» ЖШС-ін басқарып отырған Ұлықбек Рахымжанұлы.
Оның басшылығымен 2018 жылдан бері табысты жұмыс істеп келе жатқан бұл кәсіпорын тұрмыстық пластик қалдықтарды өңдеумен айналысады. Пайдасыз көрінген қалдықты қайта өңдеп, одан құнды өнім жасап, оны экспортқа шығарып келеді. Кәсіпорынның өнімі бүгінде Ресей Федерациясына жөнелтіледі. Былтырғы көрсеткіш бойынша жылдық өңдеу көлемі 800 мың тоннаға жуықтаған.
Ұжымда 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Олар күнделікті тұрмыстағы ең көп ластайтын материал — пластик қалдықтарды жинап, сұрыптап, өңдеуге жауапты. Бұл бір жағынан өңір экологиясының жақсаруына үлес қосса, екінші жағынан экономикалық пайда әкеліп отыр дегенді білдіреді. Кәсіпкердің айтуынша, алдағы уақытта тек шикізат экспорттаумен шектелмей, қайта өңделген өнімді отандық нарыққа ұсыну көзделуде.
Пластик – табиғатта жүздеген жыл бойы ыдырамай, қоршаған ортаға үлкен зиян келтіретін қалдық түрі. Жер мен суды ластап, адам денсаулығына дейін қауіп төндіретіні белгілі. Сондықтан мұндай қалдықтарды қайта өңдеп, пайдаға жарату — экологиялық тепе-теңдікті сақтаудың, таза болашаққа жол ашудың бірден-бір жолы.
Мұндай кәсіп иелері – нағыз еңбек адамдары. Олар елге көзге көрінбей пайдасын тигізіп, қоғамның тыныс-тіршілігіне үнсіз үлес қосып жүрген жандар. Ұлықбек Рахымжанұлы сынды азаматтар «Еңбек – елдің бақуатты болашағының кепілі» деген қағиданы іс жүзінде дәлелдеп отыр.
Осындай өнегелі істер ел ішінде көбейсе, әрі табиғатты сақтап, әрі экономикамызды күшейтуге жол ашылады. Еңбекке деген құрмет – өз болашағымызға деген құрмет екені сөзсіз.













