КЕНТАУ ҚАЛАСЫНДА  4378 ЖҰМЫССЫЗ  АЗАМАТ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛҒАН

0
256

Кентау қаласында  4378 жұмыссыз  азамат уақытша және  тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл кенді қала бойынша «Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында 8 айда атқарылған жұмыстың нәтижесі. Бұл туралы Кентау қалалық мансап орталығының директоры Нұркен Бекбаев айтты.

Айта кетейік, ҚР Үкіметі Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасын орындау үшін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті. Онда ұсынылған шараларды іске асыру сапалы жұмыс орындарының санын 3,6 млн-ға дейін ұлғайтуға және жұмыспен қамту құрылымын жақсартуға септігін тигізеді.

Тұжырымдама ұлттық басымдықтар мен мақсаттарды, сондай-ақ еңбек және жұмыспен қамту саласындағы халықаралық міндеттемелер мен стандарттарды ескере отырып әзірленген. Бұл 2030 жылға дейінгі кезеңге еңбек нарығын дамыту жөніндегі негізгі бағыттарды, іс-шараларды, индикаторларды және жауапты орындаушыларды айқындайтын стратегиялық сипаттағы құжат.

Қалалық мансап орталығының директоры Нұркен Бекмұратұлының айтуынша Кентау қаласы бойынша субсидияланатын жұмыс орындарына 1585 азаматты жұмыспен қамту жоспарланып, нақты 1327  азамат уақытша жұмысқа жолданған. Оның ішінде қоғамдық жұмыс орындарына 697 жұмыссыз азаматты жолдау жоспарланып, 792 азамат жаңа жұмысқа ден қойған. Бұл ретте шаһар бойынша жастарды жұмыспен қамту мәселесі де басты назарда екендігін жеткізген басшы, алғашқы жұмыс орындарына 20 жұмыссыз жас жолданғандығын айтып өтті.

Өткен жылы Жастар практикасы бойынша жұмысқа орналасқандардың ең көп саны Түркістан облысында тіркелген болатын. Бұған алған мамандығы бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алу мақсатында білім беру ұйымдарының 35 жастан аспаған жұмыссыз түлектері жастар практикасына қатыса алады. Жұмыс беруші жастар практикасына қатысушыларға кәсіби білім мен жұмыс тәжірибесін беру үшін тәлімгерді бекітеді. Осы ретте Кентау қаласы бойынша жастар практикасы арқылы 251 жұмыссыз жас өзінің алғашқы жұмыс орнын тапқан.

«Әлеуметтік жұмыс орындарының жоспарына сәйкес бүгінгі таңға 193 жұмыссыз азамат, Күміс жас жобасына 71 зейнет алды жастағы жұмыссыз азаматтар жолданып, «Бастау-Бизнес» кәсіпкерлік негізінде 160 азамат Еңбек порталы арқылы оқытылды. Сондай-ақ,  жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекет тарапынан берілетін грантты грант беру тәртібіне сәйкес, 2 лек өткізіліп, 89 азаматтың бизнес жобасы құрылған комиссия қорытындысымен мақұлданды. Тұрақты жұмыс орындарына 2000-нан аса жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту жоспары бекітіліп, бүгінгі таңға 1057 жұмыссыз азаматтар жұмыспен қамтылды. Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашу» тапсырмасы негізінде жеке бастамалар аясында 1000 жұмыс орнын ашу көзделген. Жалпы осы бағыт негізінде Кентау қаласында 1270 жұмыс орны ашылды. Одан бөлек, Түркістан облысы әкімдігінің қаулысы негізінде мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындары квотасына 15 жұмыс орны белгіленіп, бүгінгі таңда 8 азамат жұмысқа орналасты. Жалпы жыл басынан еңбекке қабілетті 190 мүгедектігі бар азаматтар жұмыспен қамту шарасына тартылды. Пробация есебінде тұрған адамдар үшін жұмыс орындары квотасы негізінде 4 азамат жұмысқа орналастырылды.  Сондай-ақ, пробация есебінде тұрған азаматтар қатарынан жұмыс іздеуші ретінде тіркелген 18 адам жұмыспен қамтылды», деді Қалалық мансап орталығының директоры Нұркен Бекмұратұлы.

Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар – мемлекет қолға алған «Еңбек нарығын дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясындағы нақты қадамдардың жемісі. Жұмыспен қамтуды арттырып, халықтың табысын тұрақты ету, әсіресе әлеуметтік осал топтарды қолдау – осы тұжырымдаманың басым бағыттарының бірі. Кентау қаласында ашылған жаңа жұмыс орындары мен кәсіпкерлік бастамалар – сол мақсаттардың сәтті жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Алдағы уақытта да еңбек нарығын жандандырып, тұрғындарды нәтижелі жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар жалғасын табатыны сөзсіз.

Leave a reply