ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНДА ЗАҢ ҮСТЕМДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЖӘНЕ ӘДІЛЕТТІ ҚОҒАМ ҚҰРУ МӘСЕЛЕСІ БАСТЫ НАЗАРДА

Заң үстемдігі – кез келген өркениетті қоғамның іргетасы. Әділеттілік, заң алдындағы теңдік және құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік – мемлекеттің тұрақтылығы мен азаматтардың сеніміне негіз болатын басты құндылықтар. Осы мақсатта Қазығұрт ауданында құқық қорғау саласындағы құрылымдар мен жергілікті билік органдарының бірлесуімен заңның үстемдігін және әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар ауқымды іс-шаралар өткізілді.
Жыл басынан бері ауданның барлық ауылдық округтерінде құқық қорғау органдары мен азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен ашық қоғамдық тыңдаулар, дөңгелек үстелдер және диалог алаңдары ұйымдастырылды. Бұл жиындарда тұрғындар мен билік өкілдері заңның орындалуы, құқық бұзушылықтың алдын алу, азаматтардың құқықтық қорғалуы, сондай-ақ әділетті шешім қабылдау тетіктері бойынша пікір алмасып, нақты ұсыныстар талқыланды. Атап айтқанда, «Заңның үстемдігі – әділ қоғамның негізі», «Әділет – елге тірек», «Сенім мен ашықтық – құқық қорғау жүйесінің өзегі» сынды тақырыптарда өткен кездесулер халық арасында үлкен қызығушылық тудырды. Әр жиынға 100-ден астам азамат қатысып, өз пікірлерін білдіруге мүмкіндік алды.
Әділеттілікке қолжетімділік пен азаматтардың құқықтық қорғалу мәселелері аудан көлемінде ұдайы атқарылып келеді. Аудан тұрғындары үшін құқықтық көмек пен кеңес алу мүмкіндігін арттыру мақсатында «Заң кеңес береді» атты мобильді қабылдаулар өткізілді. Прокуратура, сот, әділет және полиция органдарының өкілдері ауылдарға шығып, азаматтарға тегін заңгерлік кеңес, құқықтық сауалдарға жауап, дау-дамайларды шешу жолдары, құжаттарды рәсімдеу және шағым жасау тәртібі бойынша нақты ақпарат берді.
Мұндай ашық форматтағы кездесулер азаматтардың құқық қорғау органдарына деген сенімін арттырып, өз құқықтарын қорғай алуына мүмкіндік туғызды. Бірқатар нақты мәселелер сол жерде шешімін тауып, тұрғындар ризашылығын білдірді. Қоғамда құқық бұзушылыққа төзбеу мәдениетін қалыптастыру да басты назарда. Осыған орай Қазығұрт ауданында қоғамдық тәртіпті сақтау және ұсақ құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында бірнеше ақпараттық-насихаттық акциялар мен рейдтік шаралар жүргізілді. Полиция қызметкерлері мен учаскелік инспекторлар көпшілік орындарда, білім беру мекемелерінде және жастар орталарында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, «нөлдік төзімділік» қағидатын кеңінен насихаттады. Сонымен қатар, құқықтық мәдениетті көтеруге арналған плакаттар, жадынамалар, бейнероликтер таратылып, әлеуметтік желілер арқылы жарияланды.
Халық пен билік арасындағы ашықтықты қамтамасыз ету шаралары да назардан тыс қалмаған. Бұл бағытта өткен жиналыстар барысында аудан тұрғындары сот және құқық қорғау жүйесіне қатысты өз сұрақтары мен мәселелерін тікелей сала өкілдеріне қоюға мүмкіндік алды. Әсіресе сот шешімдерінің әділеттілігі, полиция қызметінің ашықтығы, қылмыстық істердің тергелу барысы, жеке бас қауіпсіздігі секілді тақырыптар жиі көтерілді. Қоғам тарапынан түскен ұсыныстар ескеріліп, олар бойынша нақты шаралар қабылданды. Қоғамдық кеңес мүшелері, ардагерлер, ақсақалдар алқасы және жастар өкілдері құқық қорғау жүйесіндегі өзгерістерге атсалысып, әділетті қоғам қалыптастыруда белсенді рөл атқаруда.
Қазығұрт ауданында заң үстемдігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасады. Бұл бағытта жаңа жобалар қаралып, іске асады деп жоспарланған. Яғни электронды қабылдау жүйесін жетілдіру, «Сенім терезесі» бұрыштарын әр округте ашу, Аудандық деңгейдегі «Құқық пен әділет апталығы» іс-шарасын өткізу, Жастар арасында «Әділетті ел – ертеңгі келешек» атты құқықтық форум ұйымдастыру жоспарланып отыр. Қазығұрт ауданында заң үстемдігін нығайту мен әділеттілікті қамтамасыз ету бағытында нақты әрі нәтижелі жұмыстар жүзеге асырылуда. Мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамның бірлесе әрекет етуі – құқықтық мемлекетке бастар берік жол. Әрбір азаматтың заңға құрметпен қарауы, әділеттілікке сенімі – елдің болашағы мен бірлігінің кепілі.
Жалпы кез келген аудан, қалаларда құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру – тек жалаң ұран емес, нақты істермен бекітіліп жатқан жүйелі жұмыс. Жергілікті билік пен құқық қорғау органдарының үйлесімді әрекеті, қоғамның белсенділігі мен бірлігі — қоғамдық тәртіптің кепілі. Сонымен қатар аудан тұрғындарына құқықтық көмек көрсету мақсатында «Заң кеңес береді» атты мобильді қабылдау топтары құрылып, шалғай ауылдық округтерге барып, азаматтарға тегін заң көмегі көрсетілді. Бұл шара барысында жер дауы, отбасылық құқық, мұрагерлік, еңбек қатынастары, әкімшілік жауапкершілік сияқты өзекті мәселелерге қатысты кеңестер берілді. Көптеген азаматтар құқықтық мәселелерін шешудің заңды жолдарын үйреніп, өз құқықтарын қорғау жолында нақты іс-қимыл жасауға мүмкіндік алды. Әділетті қоғам құруда құқықтық ақпараттың қолжетімділігі маңызды рөл атқаратыны дәлелденді.












