Адам жанына үңілген дәрігер

0
54

Шымкенттің №3 қалалық ауруханасына келген талай науқас алдымен бір жылы жүзді дәрігерді көреді. Сол сәтте бойды билеген қорқыныш сейіліп, сенім пайда болады. Ол – ультрадыбыстық диагностика бөлімінің меңгерушісі, тәжірибелі маман, білікті дәрігер Гүлжахан Әшірқызы Жұманова.

Гүлжахан Әшірқызы 1971 жылы Түлкібаста дүниеге келген. Әдетте дәрігер болуды жүрек қалауымен таңдайды дейді ғой. Оның жолы да солай болды. Мектепті бітірген соң, арман жетелеп, 1992 жылы Целиноград мемлекеттік медицина институтының табалдырығын аттады. 1998 жылы ақ халат киіп шыққан жас маманның алдында үлкен жауапкершілік тұрды.

Бүгінде ол медицина саласында 27 жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп келеді. Әрбір жыл, әрбір күн – жаңа емделуші, жаңа тағдыр, жаңа сенім. 2011 жылдан бастап ультрадыбыстық зерттеу бойынша қосымша мамандық алып, мыңдаған науқастарға дер кезінде диагноз қоюға сеп болды.

Әріптестері Гүлжаханды ұқыптылығы мен сабырлығына, ал науқастар адамгершілігі мен жанашырлығына ерекше бағалайды. Оның ең басты қағидасы – «Науқастың сенімі мен денсаулығы – ең бастысы». Бұл жай сөз емес, өмірлік ұстанымы. Әрбір емделуші оның қолынан өткенде тек медициналық көмек қана емес, шынайы қамқорлықты сезінеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал азамат – елдің тірегі, қоғамның сенімі» деген сөзі бар. Бұл сипаттама дәрігер Гүлжаханға дәл келеді. Өйткені ол өз ісіне адал, қарапайым, бірақ кәсіби білімі мен тәжірибесін ел игілігіне арнаған жан.

Көп жылғы еңбегі елеусіз қалған жоқ. 2009 жылы Сайрам ауданы әкімінің Алғыс хатын алса, 2011 жылы облыстық кәсіподақ комитеті Құрмет грамотасымен марапаттады. 2012 жылы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының, 2019 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамоталарын иеленді. 2020 жылы тағы да Алғыс хат, ал 2025 жылы аудан әкімінің марапаты – оның еңбегіне берілген лайықты баға.

Гүлжахан Жұманованың өмір жолы – адал еңбек пен адамға деген шынайы қамқорлықтың тарихы. Ол – тек кәсіби маман ғана емес, адам жанына үңілетін, сенім сыйлайтын дәрігер.

Leave a reply