Адал еңбегімен үлгі болған ұстаз

0
42

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Адал азамат» тұжырымдамасында ел дамуының басты тірегі – адал еңбек пен әділдік екенін атап көрсеткен еді. Білім саласында осы құндылықтарды өмірлік ұстанымына айналдырған тұлғалардың бірі – тәжірибелі педагог, саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған Тұрдықұлова Фарида Хакимжанқызы.

Ол 1991 жылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін бітіріп, кәсіби педагог ретінде еңбек жолын бастады. Міне, содан бері 30 жылдан астам уақыт бойы мектеп қабырғасында жас ұрпаққа сапалы білім мен өнегелі тәрбие беріп келеді. Қазіргі таңда Фарида Хакимжанқызы Шымкент қаласындағы  №139 жалпы орта білім беретін мектебінде еңбек етіп келеді. Осы жылдар ішінде 27 жыл сынып жетекшісі болып, талай шәкіртті үлкен өмірге жолдады. Оның оқушыларының арасында мемлекеттік грант иегерлері, «Алтын белгі» иегерлері, түрлі білім сайыстарының жүлдегерлері бар.

Фарида Хакимжанқызы тек сабақ берумен шектелмей, әдістемелік бірлестік жетекшісі ретінде әріптестерінің кәсіби дамуына да ықпал етті. Авторлық бағдарламалар жазып, оқу үдерісін жаңғыртуға бағытталған жобалар әзірледі. 2024 жылы «Как с помощью басен Крылова обучить ИИ различать добро и зло» тақырыбындағы ғылыми жобасын сәтті қорғап, ізденімпаздығын танытты. Сондай-ақ, «Виды работ по развитию орфографической зоркости» атты авторлық бағдарламасы жарық көрді. Бұл еңбектер педагогикалық тәжірибені жаңа деңгейге көтеруге бағытталғаны анық.

Шәкірттері аудандық, қалалық, республикалық олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болып жүр. Мәселен, 2024 жылы оқушысы Мирабутова Дурдона қалалық «Дарын» орталығы ұйымдастырған олимпиаданың жүлдегері атанса, 2022-2023 жылдары Акмалжанова Жасмина бірнеше деңгейлі жүлделі орындарға қол жеткізді. Бұл – ұстаз еңбегінің нақты нәтижесі.

Фарида Хакимжанқызының еңбегі әрдайым бағаланып келеді. Ол түрлі педагогикалық конкурстарға қатысып, марапаттарға ие болды. 2025 жылы Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты мұғалімдерге арналған семинарда «Развитие читательской грамотности на уроках русского языка» тақырыбында баяндама жасап, тәжірибесімен бөлісті.

Білім беру саласы бойынша мақалалары республикалық педагогикалық журналдар мен онлайн платформаларда жарияланып, тәжірибесі кең тарауда. Заманауи білім беру технологияларын тиімді қолдана отырып, педагогикалық инновацияларды сәтті енгізіп келеді.

Фарида Хакимжанқызы үшін ұстаздық – жай ғана мамандық емес, өмірлік миссия. Оның басты мақсаты – өскелең ұрпақты жан-жақты дамыған, білімді әрі тәрбиелі тұлға етіп қалыптастыру. Президент Тоқаев ұсынған «Адал азамат» тұжырымдамасында айтылғандай, ол адал еңбегімен, шәкіртке деген шынайы қамқорлығымен қоғамға пайдасын тигізіп, болашаққа сенімді із қалдырып келеді.

Leave a reply