«ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА МЕДИЦИНА САЛАСЫН ДАМЫТУҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛЕДІ

0
18

«Әділет» партиясының Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық сайлауалды штабының жетекшісі Алмас Салимов бастаған штаб мүшелері Мақтаарал аудандық «Атакент» емханасының медицина қызметкерлерімен кездесті.
Кездесуде денсаулық сақтау саласын дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Алмас Салимов халық денсаулығын қорғау, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, ауылдық жерлердегі медициналық инфрақұрылымды жаңғырту партия бағдарламасының негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті.
Бағдарламаға сәйкес, 2031 жылға дейін Түркістан облысында 48 денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланған. Оның ішінде Мақтаарал ауданына да бірқатар нақты жоба қарастырылған.
Атап айтқанда, 2026 жылдың соңына дейін Алғабас ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт, Жамбыл ауылында медициналық пункт пайдалануға беріледі. 2027 жылы Қалыбеков елді мекенінде дәрігерлік амбулатория салу көзделсе, 2028 жылы Қоңырат және Наурыз ауылдарында фельдшерлік-акушерлік пункттер бой көтереді. Сондай-ақ Абай елді мекенінде дәрігерлік амбулатория салу жоспарланған.
Бұдан бөлек, медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту, аурулардың алдын алу, ана мен бала денсаулығын қорғау және медицина қызметкерлерінің кәсіби әлеуетін арттыру бағытында да бірқатар міндет белгіленген.
Бағдарламада 2031 жылға дейін кеңейтілген практика бойынша мыңнан астам мейіргер маманын даярлау, жыл сайын 25 медицина қызметкеріне әлеуметтік қолдау көрсету көзделген. Сонымен қатар ана өлімін төмендету, тұрғындардың өмір сүру ұзақтығын арттыру және медициналық ұйымдар ғимараттарының тозу деңгейін азайту межелері белгіленген, — деді штаб төрағасы.
Кездесу барысында емхана қызметкерлері денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер мен ұсыныстарын ортаға салды. Штаб мүшелері медицина мамандарының қоғамдағы маңызды рөлін атап өтіп, олардың пікірлері мен ұсыныстары партия бағдарламасындағы міндеттерді жүзеге асыруда ескерілетінін жеткізді.

Тапсырыс беруші: Салимов А.А.
Түркістан облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді

Leave a reply