Воскресенье, 22 ноября

ӨҢІРДІҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӘЛЕУЕТІ: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮЙЕЛІ АТҚАРЫЛЫП, ІРІ ЖОБАЛАРДЫ ІСКЕ АСУДА

0
22

Түркістан облысында экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету, өндірістік әлеуетті арттыру және жаңа жұмыс орындарын ашу мақсатында инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Өңірге отандық және шетелдік капиталды тарту, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау, жаңа өндіріс орындарын ашу және инфрақұрылымды дамыту экономикалық саясаттың негізгі бағыттарының бірі болып отыр.

Инвестиция – өңір экономикасының дамуына серпін беретін маңызды тетіктердің бірі. Ол жаңа кәсіпорындардың ашылуына, заманауи технологиялардың енгізілуіне, өндіріс көлемінің артуына және халықты тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Осыған байланысты Түркістан облысында инвесторлармен байланыс орнату, ірі жобаларды сүйемелдеу және инвестициялық бастамаларды нақты нәтижеге жеткізу жұмыстарына ерекше көңіл бөлінуде. 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыстың негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 1 триллион 746 миллиард теңгеге жетіп, жылдық жоспар 121,6 пайызға орындалды. Ал тікелей шетелдік инвестиция көлемі 1,4 миллиард АҚШ долларын құрады. Бұл жоспарланған 475 миллион долларлық межеден едәуір жоғары. Аталған жылы жалпы құны 340 миллиард теңгені құрайтын 58 инвестициялық жоба іске қосылып, нәтижесінде 8 340 жаңа жұмыс орны ашылды.

2026 жылдың капиталға салынған инвестициялар көлемі 1 триллион 466,5 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13 пайызға өсті. Бұл көрсеткіш өңірге инвестиция тарту жұмыстарының жалғасып жатқанын және экономикалық белсенділіктің сақталғанын көрсетеді. Алдағы жылдарға арналған инвестициялық жоспарлар да ауқымды. 2026–2029 жылдар аралығында жалпы құны 3,2 триллион теңгені құрайтын 142 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Нәтижесінде 18 981 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Жобалар өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, өңдеу өндірісі, энергетика, құрылыс, туризм және қызмет көрсету салаларын қамтиды.

Өңірге инвестиция тартуда арнайы экономикалық аймақтар мен индустриялық алаңдардың мүмкіндіктері кеңінен пайдаланылуда. Түркістан облысында жалпы аумағы 4 397 гектарды құрайтын «TURAN» арнайы экономикалық аймағы, 21 индустриялық аймақ және шағын өнеркәсіптік парктер жұмыс істейді. Бұл алаңдарда кәсіпкерлер мен инвесторларға өндіріс орындарын орналастыруға, қажетті инженерлік инфрақұрылымды пайдалануға және заңнамада көзделген жеңілдіктерді алуға мүмкіндік қарастырылған. Арнайы экономикалық аймақтардың басты артықшылығы – инвесторлардың өндірістік жобаларды іске асыруына қолайлы орта қалыптастыру. Мұнда жер телімдері, электр энергиясы, газ, су және жол инфрақұрылымымен қамтамасыз ету мәселелері ескеріледі. Сонымен қатар инвесторларға жобаны жоспарлау кезеңінен бастап іске қосылғанға дейін қолдау көрсету, мемлекеттік органдармен өзара байланысты үйлестіру және туындаған мәселелерді жедел шешу тетіктері қолданылады.

Өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруда «TURAN» арнайы экономикалық аймағының орны ерекше. Мұнда өнеркәсіптік өндірісті дамытуға, отандық және шетелдік инвесторлардың жобаларын орналастыруға жағдай жасалған. Түркістан қаласындағы арнайы экономикалық аймақта жалпы құны 163,3 миллиард теңгені құрайтын, 4 576 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретін 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.

Оның ішінде өткен жылы 49,7 миллиард теңгеге бағаланған төрт ірі жоба іске қосылып, 916 жаңа жұмыс орны ашылды. Ал 2026 жылға 114 миллиард теңге көлеміндегі 12 ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бұл бастамалар өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, жаңа өндірістік бағыттардың қалыптасуына ықпал етеді.

Сонымен қатар Мақтаарал ауданындағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағының субаймағында да ірі инвестициялық жобалар қолға алынған. Жалпы аумағы 102,3 гектарды құрайтын өндірістік алаңда құны 100,9 миллиард теңге болатын бес жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде 845 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.

Түркістан облысының инвестициялық саясаты ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларын өзара байланыстыра дамытуға бағытталған. Атап айтқанда, мақта-тоқыма кластерін қалыптастыру, жүгеріні терең өңдеу, ет өндірісін дамыту және заманауи жылыжай кешендерін салу бойынша жобалар жүзеге асырылуда.

Мақта-тоқыма кластері аясында шикізатты өсіруден бастап, оны өңдеу, жіп иіру, мата тоқу және дайын өнім шығаруға дейінгі толық өндірістік тізбек қалыптастыру көзделген. Мұндай жобалар ауыл шаруашылығы өнімдерінің қосылған құнын арттырып, жергілікті шикізатты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. 2026 жылғы қазанда өткен IX Kazakhstan Global Investment Roundtable аясында Түркістан облысының әкімдігі үш инвестициялық жоба бойынша меморандумдарға қол қойды. Бұл жобалар агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге және заманауи жылыжай инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталған. Халықаралық инвестициялық алаңдарда осындай келісімдерге қол жеткізу өңірдің шетелдік серіктестермен байланысын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Инвестициялық жобалардың негізгі нәтижесі тек қаржы көлемімен өлшенбейді. Ең бастысы – олардың өңір тұрғындарына беретін әлеуметтік-экономикалық пайдасы. Жаңа кәсіпорындардың ашылуы жергілікті халықты тұрақты жұмыспен қамтуға, жастарға кәсіби мүмкіндік ұсынуға және мамандардың біліктілігін арттыруға жағдай жасайды. Осы ретте облыстағы колледждер мен жоғары оқу орындарында өндіріс орындарына қажетті мамандар даярлау, кәсіпорындармен тәжірибелік байланыс орнату және жастарды сұранысқа ие мамандықтарға бағыттау маңызды. Инвесторлармен бірлескен жұмыс нәтижесінде өңірде инженерлерге, технологтерге, құрылысшыларға, өндіріс операторларына және ауыл шаруашылығы мамандарына деген сұранысты қамтамасыз етуге мүмкіндік бар.

Жалпы, Түркістан облысында инвестиция тарту жұмыстары экономиканы әртараптандыруға, өндірістік қуаттарды арттыруға және жаңа кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға бағытталған. Арнайы экономикалық аймақтарды дамыту, халықаралық әріптестікті кеңейту, инвесторлардың құқықтарын қорғау және ірі жобаларды іске асыру өңірдің ұзақ мерзімді экономикалық дамуына негіз қалайды.

 

 

Leave a reply