ЦИФРЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КИБЕРБУЛЛИНГКЕ ҚАРСЫ ШАРАЛАР ҰДАЙЫ ЖАЛҒАСАДЫ

0
20

Интернет пен әлеуметтік желілер балалар мен жастардың білім алуына, ақпарат алмасуына және шығармашылық қабілетін дамытуына кең мүмкіндік ашты. Алайда цифрлық кеңістікте кибербуллинг, интернет-алаяқтық, жеке деректердің таралуы, жалған ақпарат пен зиянды контент сияқты қауіптер де бар. Сондықтан өскелең ұрпақтың интернетті қауіпсіз пайдалану дағдыларын қалыптастыру – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі.

Түркістан облысында бұл бағытта құқық қорғау органдары, білім беру ұйымдары және жастар ұйымдарының қатысуымен профилактикалық әрі ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Негізгі назар балалардың құқықтық және цифрлық сауаттылығын арттыруға, интернеттегі қауіп-қатерлерді дер кезінде тануға және кибербуллингтің алдын алуға аударылған.

Балалар мен жасөспірімдер үшін интернеттегі қауіптің бірі – кибербуллинг. Ол әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде және онлайн ойындарда қорлау, кемсіту, қорқыту, жалған ақпарат тарату немесе жеке суреттер мен мәліметтерді рұқсатсыз жариялау түрінде көрініс табуы мүмкін. Мұндай әрекеттер баланың психологиялық жағдайына, өзіне деген сеніміне және оқу үлгеріміне кері әсер етуі ықтимал. Сондықтан цифрлық ортадағы әдеп пен өзара құрмет мәдениетін қалыптастыру, қысым көрген жағдайда көмек сұрауға үйрету маңызды.

Осы мәселелердің алдын алу мақсатында Түркістан облыстық прокуратурасы «Қауіпсіз балалық шақ» жобасы аясында онлайн кездесу ұйымдастырды. Іс-шараға 170 мыңнан астам оқушы, 8 мыңнан астам педагог және 20-ға жуық мектеп психологы қатысты. Кездесу барысында буллинг пен кибербуллингтің алдын алу, әлеуметтік желілердегі қауіпсіздік, құқық бұзушылықтар мен өзге де өзекті мәселелер талқыланды. Балалар мамандарға тікелей сұрақ қойып, құқықтық және психологиялық кеңес алды.

Интернеттегі қауіп тек кибербуллингпен шектелмейді. Жасөспірімдер жалған ұтыс ойындарына, күмәнді сілтемелерге, фишингтік хабарламаларға, жалған аккаунттар мен қаржылық алаяқтық схемаларына тап болуы мүмкін. Әсіресе жеке мәліметтерді, банк картасының деректерін, құпиясөздер мен SMS-кодтарды бөгде адамдарға беру үлкен қауіп тудырады. Осыған байланысты облыстық полиция департаменті білім беру ұйымдарында киберқауіпсіздік бойынша түсіндіру кездесулерін өткізуде.

Мәселен, Бәйдібек ауданындағы С. Әбдіжаппаров атындағы мектепте өткен кездесуге 300-ден астам оқушы қатысты. Полиция өкілдері интернет-алаяқтықтың кең таралған тәсілдерін түсіндіріп, күмәнді сілтемелерге өтпеу, жеке ақпаратты жарияламау және аккаунттарды екі факторлы аутентификация арқылы қорғау жөнінде кеңес берді. Сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасындағы қорқыту мен қысым көрсету әрекеттерінің құқықтық салдары айтылды.

Профилактикалық жұмыстар интернет-алаяқтықтың алдын алуды да қамтиды. 2026 жылдың алғашқы кезеңінде облыс полицейлері арнайы онлайн тестілеу арқылы 218 463 оқушының интернет-алаяқтыққа қатысты білімін тексерген. Сонымен қатар жоғары оқу орындарында 710 профилактикалық кездесу өткізіліп, жастардың цифрлық және қаржылық сауаттылығын арттыруға көңіл бөлінген.

Жастардың қоғамдық белсенділігін пайдалану арқылы да түсіндіру жұмыстары кеңейтілуде. Биыл шілде айында облыстық полиция департаменті мен жастар ұйымдары арасында интернет-алаяқтықтың алдын алу бағытындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Кездесуге 30-дан астам аудандық және қалалық Жастар ресурстық орталықтарының басшылары, жастар ұйымдарының жетекшілері мен еріктілер қатысты. Тараптар тұрғындар арасында ақпараттық акциялар өткізу және әлеуметтік желілерде қауіпсіздік тақырыбындағы контентті көбейту жөнінде уағдаласты.

Балалар мен жастардың цифрлық қауіпсіздігі тек мемлекеттік органдардың жұмысына ғана байланысты емес. Бұл ретте ата-ананың бақылауы, педагогтердің қолдауы және баланың сенімді ересек адаммен ашық сөйлесе алуы маңызды. Мамандар ата-аналарға баланың интернеттегі әрекетін тек шектеумен шектелмей, қандай ақпаратпен бөлісуге болмайтынын, бейтаныс адамдармен сөйлесудің қауіптерін және күмәнді жағдайларда кімге жүгіну керегін түсіндіруге кеңес береді.

Әлеуметтік желілерді қауіпсіз пайдалану үшін аккаунттардың құпиялылық баптауларын реттеу, күрделі құпиясөз қолдану, бейтаныс адамдардан келген файлдар мен сілтемелерді ашпау, жеке суреттер мен мекенжай сияқты мәліметтерді жарияламау қажет. Ал кибербуллингке тап болған жағдайда хабарламаларды өшірмей, дәлел ретінде сақтап, аккаунтты бұғаттап, ата-анаға, мұғалімге немесе мектеп психологына хабарлау маңызды.

Цифрлық кеңістік балалар үшін білім мен дамудың құралы болып қалуы тиіс. Сондықтан Түркістан облысында жүргізіліп жатқан түсіндіру және профилактикалық шаралардың негізгі мақсаты – жасөспірімдерді интернеттен оқшаулау емес, оны саналы әрі қауіпсіз пайдалануға үйрету. Цифрлық сауатты, өз құқығын білетін және желідегі жауапкершілігін түсінетін жас ұрпақ қалыптастыру – ортақ міндет.

Leave a reply