ЦИФРЛЫҚ ҚЫЗМЕТТІ ҚАУІПСІЗ ПАЙДАЛАНУ МАҢЫЗДЫ

0
17

Бүгінде мемлекеттік анықтама алу, жеке құжатты көрсету, коммуналдық төлем жасау немесе қажетті ақпаратты іздеу үшін мекемеге бару міндетті емес. Көптеген қызметті смартфон арқылы бірнеше минутта орындауға болады. Алайда цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану үшін тұрғын тек қосымшаларды меңгеріп қана қоймай, жеке деректерін қорғауды, онлайн операциялардың қауіпсіздігін және жасанды интеллект ұсынған ақпаратты дұрыс бағалауды да білуі қажет.

Осы тұрғыдан алғанда, цифрлық сауаттылық – заманауи технологияны қолдана алу ғана емес, оны күнделікті өмірде саналы әрі қауіпсіз пайдалану мәдениеті. Түркістан облысында тұрғындардың электрондық қызметтерге қолжетімділігін арттырумен қатар, цифрлық сервистерді өз бетінше қолдануға үйретуге бағытталған жұмыстар жүргізілуде.

Мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі электрондық форматта қолжетімді. Азаматтар eGov.kz порталы мен eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы түрлі анықтамалар мен қызметтерді қашықтан рәсімдей алады. Қосымшадағы «Цифрлық құжаттар» бөлімінде жеке куәлік, паспорт, жүргізуші куәлігі секілді құжаттардың электрондық нұсқалары сақталады. Қажет болған жағдайда құжаттың түпнұсқалығын QR-код арқылы тексеруге мүмкіндік бар.

Бұл қызметтерді пайдалану үшін азаматтың электрондық үкімет жүйесінде тіркелуі және мобильді қосымшада авторизациядан өтуі қажет. Сонымен бірге тұрғындар қызметті рәсімдеу кезінде тек ресми порталдар мен қосымшаларды пайдаланғаны жөн. Белгісіз сайттарға жеке деректерді енгізу немесе бөгде адамдарға телефон арқылы келген растау кодтарын айту қауіп төндіреді.

Түркістан қаласында жасанды интеллект негізіндегі eGov GPT көмекшісі бар жаңа форматтағы цифрлық кеңсе жұмыс істеп тұрған тоғыз орталықтың қатарына енді. Мұнда азаматтар қажетті қызметті анықтап, оны рәсімдеу қадамдарын түсіне алады. Оқу аймағында цифрлық сауаттылықты арттыруға да мүмкіндік қарастырылған.

Қолма-қол ақшасыз есеп айырысу, мобильді банкинг және QR арқылы төлем жасау күнделікті тұрмыстың бір бөлігіне айналды. Дегенмен қаржылық операцияның жылдамдығы қауіпсіздік талаптарын екінші орынға ысыруға себеп болмауы тиіс. Төлем жасамас бұрын алушының деректерін, аударылатын соманы және төлем мақсатын тексеру қажет. Банк қосымшасына тек ресми арна арқылы кіріп, құпиясөз бен растау кодтарын ешкімге бермеу керек.

Түркістан облысында интернет-алаяқтықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар да осы мәселелерді қамтиды. Мәселен, жыл басынан бері полиция қызметкерлері 38 229 тұрғын үйді аралап, азаматтарға интернет-алаяқтықтың кең таралған тәсілдері мен сақтану жолдарын түсіндірген. Бұдан бөлек, 50 460 тұрғынға жеке профилактикалық ескерту жұмыстары жүргізілген. Ақпараттық материалдар өңірдегі LED-экрандар мен билбордтарға да орналастырылуда.

Алаяқтар өзін банк қызметкері, мемлекеттік орган өкілі немесе жеткізу қызметінің маманы ретінде таныстырып, азаматтарды асықтыруы мүмкін. Олар жалған сілтемелер жіберіп, «қауіпсіз шотқа» ақша аударуды немесе SMS-кодты айтуды сұрайды. Мұндай жағдайда әңгімені тоқтатып, ұйымның ресми нөмірі арқылы өз бетінше хабарласқан дұрыс. Ең бастысы – банк картасының деректерін, құпиясөзді және бір реттік кодтарды бөгде адамға бермеу.

Жасанды интеллект құралдары мәтін әзірлеуге, ақпаратты жинақтауға, аударма жасауға және күнделікті сұрақтарға жауап іздеуге көмектеседі. Бірақ мұндай сервистер ұсынған мәліметтің барлығы бірдей дұрыс бола бермейді. Сондықтан маңызды ақпаратты ресми дереккөздермен салыстырып, құқықтық, қаржылық немесе денсаулыққа қатысты шешімді тек ЖИ жауабына сүйеніп қабылдамаған жөн.

Сондай-ақ жасанды интеллект платформаларына жеке куәлік нөмірі, банк деректері, құпия құжаттар, парольдер мен басқа да жеке ақпаратты енгізуге болмайды. Қызметті пайдаланбас бұрын оның ресми екеніне және деректерді өңдеу шарттарына назар аудару қажет. Бұл талаптар балалар мен жастарға да түсіндіріліп, цифрлық ортадағы жауапкершілік дағдысын қалыптастыру маңызды.

Электрондық қызметтерді пайдалану дағдысы әсіресе шалғай елді мекендердегі тұрғындар, егде жастағы азаматтар және технологияны енді меңгеріп жүрген адамдар үшін маңызды. Сондықтан түсіндіру жұмыстары тек ақпарат таратумен шектелмей, қызметті іс жүзінде көрсетуді, қадамдық нұсқаулық беруді және азаматтардың сұрақтарына нақты жауап ұсынуды қамтуы қажет. Тұрғын цифрлық қызметті өздігінен пайдалана алса, уақытын үнемдейді, қажетті ақпаратқа жедел қол жеткізеді және делдалдарға тәуелді болмайды. Ал қауіпсіздік ережелерін білу қаржылық шығын мен жеке деректердің таралу қаупін азайтады. Түркістан облысында цифрлық сервистерді кеңінен қолдану үдерісі халықтың күнделікті қажеттілігімен ұштасып келеді. Сондықтан басты міндет – жаңа технологияны таныстырумен қатар, әр азаматқа оның мүмкіндігін дұрыс пайдалануды үйрету. Өйткені цифрлық қоғамның дамуы тек технологиялық инфрақұрылымға емес, сол мүмкіндікті сауатты әрі жауапкершілікпен қолдана білетін тұрғындарға да байланысты.

 

Leave a reply