«Ордабасы» қойына сұраныс артуда

0
267

Ғалымдардың 21 жылдық еңбегінің жемісі саналған қой тұқымының  бір аталығының басы 120 келіге дейін ет береді. Бүгінде ел аумағына таралған ет бағытындағы аталмыш қой тұқымына көрші мемлекеттер де қызығушылық танытып отыр. Себебі, жаңа тұқымды қойлар ыстық пен суыққа төзімді, шөлге шыдамды. Жүні мен майы аз, еті мол. Төрт айлық қозысының орташа салмағы 40 келі тартады. Ірі, сақа саулықтардікі 70-90, ал қошқарларының салмағы шамамен 95-тен 120 келіге дейін жетеді. Еттілігіне байланысты мұндай қой тұқымы қазірдің өзінде аса өтімді. Қазақы қойдың тағы бір ерекшелігі — барлық жердің табиғатына тез бейімделеді. Жер таңдамайды, жылдам жетіліп, тез қоңданады.

Айта кетерлігі, шаруа қожалығы  қойдың бұл тұқымын 20 жылдан бері өсіріп келеді. Қожалық басшысының Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік ғылыми институтының ғалымдарымен бірлесе жүргізген жұмысы өз нәтижесін беруде.

Қазіргі таңда қожалықтың асыл тұқымды қойларына деген сұраныс жылдан жылға артып отыр. «Ордабасы» қойының тұқымын жергілікті шаруалар ғана емес, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, берісі  Алматы, Қызылорда, Жамбыл өңірінің қожалықтары да қызығушылық танытып, сатып алуда. Шарушылықта қазір ұсақ малдың май емес, ет беру өнімділігіне баса мән берілуде. Бұрын керісінше еді. Сол себепті, бұл асыл тұқымды қойлар бойына май емес, етті көп жинайтындығы көпшілікті қызықтырып отыр.

Сондай-ақ, ұсақ малдың тұқымын асылдандыру мақсатында аталған шаруа қожалығы аталық қошқарларды шаруаларға «жалға беру» арқылы да «Ордабасы» тұқымының таралу аймағын кеңейте түсуде. Шаруашылық басшысының айтуынша қой басы 6000-нан асқан. Мұнан бөлек, ірі қара бордақылаумен айналысып, оған қажетті жем-шөпті жаңа техника күшімен өздері жинап алуда.

Leave a reply