Ағайынды Махмудовтар биыл да мол өнімнің негізін қалады

0
107
Дәл қазір диқандардың қасындағы адамға бұрылып қарауға уақыттары жоқ, науқанның нағыз қызған шағы. Мақтаарал ауданының қай округіне, қай ауылына барсаңыз да қауын-қарбыз  қабылдау бекеттерінде  қайнаған жұмысты, қарбалас тірлікті көресіз. Маңдайы шып-шып терлеген диқандар ерте көктемнен бергі тынымсыз еңбегінің жемісін көріп жатыр. Жұпар иісі аңқыған, дәмі тіл үйірген сап-сары қауынды  «Фура» жүк көлігіне тиеп жатқан шаруаның көңілі көтеріңкі, жүздері жарқын. Жақында Ж.Нұрлыбаев ауылдық округі, Қарақыр елді мекеніндегі «Рамиз» шаруа қожалығының егістік алқабына барғанымызда осы көрініске куә болдық. Біз аталмыш шаруа қожалығының төрағасы Рамиз  Махмудовты әңгімеге тартқанбыз.
– Біз, ағайынды Махмудовтар төрт отбасы бірігіп, жыл сайын 400 гектар суармалы алқапқа мақта, қауын-қарбыз, қырыққабат өсіреміз. Биыл 120 гектарға бақша егіп, қауын-қарбызды өзіміздің 2 «Фура» жүк көлігімізге  тиеп, Ресейге, Қазақстанның солтүстік облыстарына жіберіп  жатырмыз. Қазірге дейін пленка астына егілген қауынның «Торпедо»  сортын түгел жинап өткіздік. Бүгінгі күні ашық алқапта егілген «Валет» сортты қауын пісіп-жетілді. Екі-үш күн сайын екі «Фураны» толтырып, жөнелтеміз. Қауынды әр көлікке 20 тоннадан тиейміз.  Түсім жақсы. Піскен қауынды түнгі сағат  3-4-тен бастап үзіп, оны таңғы 6-да тіркемелерге артып, қабылдау бекетіне жеткізу оңай шаруа емес. Мұнда уылжыған қауынды сұрыптап, қағаз жәшіктерге салу  әбжіл, ширақ қимылды қажет етеді. Әрбір минут қымбат. Шілденің аптап ыстығында  қауын көпке шыдамайды. Оны мұздатқышы бар көлікке тиеу жұмысына жергілікті 100-ден астам жұмысшы атсалысуда. Олардың әрқайсысына 4-5 мың теңге төлейміз.
Иә, күн-түні еңбек етіп жатқан жұмысшылар  уақытпен санаспай өнімді жұмыс істеуде. Шаруа қожалығындағы қат-қабат тірлікті тап-тұйнақтай етіп ұйымдастырып жүрген Ибрагим Ахметов, Құрбаноғлы Каримов,  Афис Махмутовтың іскерлігіне, еңбексүйгіштігіне тәнті боласыз. Олар таңнан бастап қас қарайғанша егістік алқабында тыным таппайды.
«Мен осындай еңбек десе жанып тұратын көмекшілеріме өте ризамын. Біз 4 отбасы бірігіп, ынтымақтаса еңбек етудің арқасында  мол табысқа кенеліп отырмыз. Үкімет тарапынан жеңілдетілген бағамен берілетін жанар-жағармай, тыңайтқышты уақтылы алдық» дейді қожалық жетекшісі Рамиз Иманбердіұлы.
Қожалық диқандары биыл 3 гектарға ерте пісетін қырыққабат егіп, одан 150 тонна өнім алған. Оның әр келісін орта есеппен 80-100 теңгеден өткізіпті. Мамыр айында қырыққабатты жинап алған соң бұл жерге мақта еккен. Бір алқаптан екі өнім алып, табысын еселеп молайтқан  шаруалардың іскерлігіне  қалайша риза болмайсың?!
– Өткен жылы мақта бағасы жоғары болды. Сондықтан биыл 280 гектарға мақта ектік. Қазір қозаны күтіп-баптау жұмыстары ойдағыдай жүргізілуде. Қозаны екі рет  культивация мен шабықтан өткіздік. Қоза зиянкестерімен биологиялық әдіспен күресудеміз. Қазірге  дейін 150 гектар қозалықты суарып үлгердік. Енді бір аптадан соң қозаның ұшын шырпу жұмысына кірісеміз, – деді Рамиз Махмудов.
Шаруа қожалығының жеке мақта қабылдау пункті бар. Өткен жылы 3500 тонна «ақ алтын» жиналды. Биылғы меже  – 5 000 тонна ақ ұлпа жинау. Ұжымда мақта жинайтын 13 «Джон Дир», 8 доңғалақты әмбебап тракторы, 5 жер жыртатын «ДТ-75» тракторы, т.б. тіркемелері, соқа, құрал-саймандары бар.
«Рамиз» шаруа қожалығы  диқандарына  биыл да өнім берекелі, табыстарыңыз мол болсын дейміз.
Сәбит ҚАЛДЫБАЕВ.
Мақтаарал ауданы.

Leave a reply