Н.Құралов: «Инвестордың ақшасына жұмыс істеу әлемдік тәжірибеде бар»

0
102

Кейбір адамдар тумысынан елгезек келеді. Жүре келе олардың бойынан іскерлік қасиетпен бірге ұйымдастырушылық қабілет те менмұндалап көрініп тұрады. Сондай жандардың санатына жас та болса бас болып, үлкен шаруашылықты басқарып отырған Нұрболат Құраловты жатқызуға болады. Іскерлік қасиет, сірә, бұл әулеттің қандарында болса керек, туыс ағасы Нұрлан Құралов Қазығұрт ауданындағы «Аманкелді» шаруа қожалығының иесі. Бүгінде ол – Астанада құрылған «Қазақстан бақтары» консорциумының төрағасы.

Құрылыстан – ауыл шаруашылығына 

Нұрболаттың жасы 38-де. Өзгелер сияқты оның да өмірде өз бағыты, жолы болды. Шымкент қаласындағы «Дарын» мектебін үздік бітірген соң, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-ға түсіп, автоматтандыру жүйесінің инженері мамандығын алып шықты. «Ол кезде өндіріс орындарына білікті мамандар керек болды, тәжірибем болмағандықтан маған жұмыс табу қиын еді, – дейді Нұрболаттың өзі бізбен әңгімесінде. – Әдетте мұндайда бәрі құрылыс жағалап кетеді ғой, мен де амалсыздан сонда келдім. Біраз жұмыс істеген соң, прорабтың жеке көлік жүргізушісі болып ауыстым. Біртіндеп прораб маған өз ісінің қыр-сырын үйрете бастады. Жобалау жұмыстарын тез үйреніп алдым. Сөйтіп, прорабтың көмекшісі болып шыға келдім. Көп ұзамай өндірістік-техникалық бөлімнің инженері атандым. Осылайша құрылыс саласындағы «карьерам» басталды. Бригадирден бастап, құрылыс компаниясының директорлығына дейін көтерілдім. Бұған 12 жыл уақытым кетті. Бала кезімнен ауыл шаруашылығымен айналысқанды жақсы көретінмін. 2018 жылы құрылыстан мүлде кеттім, ауылда бау-бақша отырғызып, егін салдым, мал бақтым. 500 гектарға бидай ектім, 150 бас қара мал өсірдім, сондай-ақ түбі Тәжікстаннан шыққан кисар тұқымды қойды асылдандыру бойынша да бағымды сынадым. Былтырғы жұт шаруаға ауыр тиді. Көктемнен бастап мал қырылып, біраз әбіржідік. Бұл кезде мен Алмасбек Садырбаевпен бірге «Шопан ата» қауымдастығында да жұмыс істеп жүргенмін. Былтырға дейін «Шопан ата» қауымдастығының Түркістан облысы бойынша төрағасы болып келдім. Қазір қым-қуыт тірлігіме байланысты аталған қауымдастықтың Қазығұрт ауданындағы төрағасы болып қалдым. Бастапқыда «Мал өсірушілер» қауымдастығы болып республика көлемінде ашылған қауымдастық бүгінде жалпы шаруалардың «Шопан ата» агроқозғалысы деп аталады».

Былтыр күзде Нұрболатты ағасы Нұрлан Құралов өзіне шақырыпты. Ол өзінің «Аманкелді» шаруа қожалығындағы бауын көрсетіп, «мынау 500 гектар баумен айналыс немесе мұны сатамын» деген екен. Демек, ағасы мұның қабілетін жақсы білген. Ойлана келе Нұрболат осы бау жұмысын қолға алуды шешіпті. Малын сатып, басқа да бизнестерін жинастырып қойып, осы бауды қолға алған көрінеді. Инвесторлар тартып, Түркиядан мамандар алып келіп, өз міндетін ынты-шынтысымен атқаруға кірісіп кетіпті.

Айтуынша, Қазығұрттан басқа Арыс, Сайрам аудандарында да «Аманкелді» шаруа қожалығының бірнеше гектар бау-бақшасы, мал шаруашылығы бар. Қожалық 2014 жылы түріктің «Гүлбудақ» агроөнеркәсіптік корпорациясымен бірігіп, тұқым бағын құрыпты. Ол 18 гектар жерді алып жатыр. Биыл онда түрлі жемістердің 200 000 түп көшеті күтіп бапталуда. 2016 жылы голландық заманауи құрылғымен жабдықталған, ультракүлгін дезинфекциясы бар, сыйымдылығы 2 мың тоннаны құрайтын жеміс қоймасы салынды. Баудағы бір гектар жерді күтіп-баптаудың өзіне жылына 500 мың теңге кетеді екен.

Былтыр табиғат бағбандарға тосын мінез танытты. Соның салдарынан бұлар өздері ойлағандай пайда таба алған жоқ. Бау мен жүзімдікке салынған 250 млн. теңге «желге ұшты». «Осындай кезде мемлекеттен ешбір қолдау болмады. Субсидия жайлы сөз етпей-ақ қоялық, олар нағыз шаруаларға онсыз да қолжетімсіз. Әйтсе де, су мен жарықтың төлеміне байланысты қандай да бір көмек беруге болар еді» дейді Нұрболат.

Нұрболат ағасы Нұрлан екеуі өткен жылы «Аманкелді» шаруа қожалығына еншілес ұйым ретінде «Agniet Agro Gardens» ЖШС-ін құрыпты. Оны Нұрболат басқарады.

– Қазіргі таңда «Agniet Agro Gardens» ЖШС-де 500 гектар бау бар, атап айтқанда, 108 гектарға жүзім, 250 гектарға жуық алма, 100 гектарға жуық қара өрік, 50 гектарға шабдалы, 50 гектарға тәтті шие, 1-2 гектарға бадамша егілген. Бұл жұмысқа үш инвестордан 150 миллион теңгеге жуық қаражат тартылды, оларға түскен пайданың үштен бір бөлігін беруге келіскенбіз, – дейді Нұрболат.

Ол банк пен инвестордың айырмашылығы туралы да егжей-тегжейлі айтып берді. Биылғы пайданы есептеп отырғанын, егер өнім ойдағыдай болса инвесторға салған ақшасының үстіне 50 пайыз қосып қайтаратынын айтты. «Әрине, бұл аз ақша емес. Банктерде несиені 20-25 пайызбен алуға болады. Тіпті, жеңілдетілген 7-8 пайыздық несие де бар. Бірақ, оны алу қиын әрі кепілзат сұрайды. Оның үстіне пайда түссе де, түспесе де банкке несие пайызын төлеуге тиіссің. Ал, инвесторға пайда болса бересің, болмаса болмады деп айтасың. Инвестордың ақшасына жұмыс істеу әлемдік тәжірибеде бар. Бірақ, біздің елімізде әлі де мұны дамыта түсу керек. Былтыр жеміс ағаштарын беймезгіл үсік шалғаннан кейін инвесторлар ауыл шаруашылығына ақша салуға қорқып қалды. Сондықтан біз олардың салған ақшасының қайтарылуына кепілдік бердік. Менде құрылыс саласынан қалып кеткен бизнес бар. 2013 жылы төрт жігіт серіктес болып бетон зауытын ашқанбыз. Бұдан басқа пластик терезелер шығаратын цехымыз болған, алайда, ол бәсекелестікке төтеп бере алмады» дейді кәсіпкер.

Алмұрт өте нәзік жеміс

«Agniet Agro Gardens» ЖШС-де 50 адам тұрақты жұмыс істейді. Жиын-терім кезінде олардың саны 300-ге дейін жетеді. Түскі тамақ та, әрі-бері тасымалдау да тегін. Жұмысшыларға күніне 4 мың теңге ақша төлейді.

Қызылқия елді мекенінде орналасқан 180 гектарлық бауды араладық. Алма, алмұрттың түр-түрі самсап тұр. Алмұрт өте нәзік, «ауру-сырқауға» төзімсіз келетіндіктен 10 мың гектардан тек 3500 гектарын ғана қалдырыпты. Өйткені, оның бойын кеулеген зиянкестер жанындағы алма талдарға да берілетін көрінеді. «Нұрлан ағамның бауында алмұрт алғашқы өнім беретін жылында жақсы салған, қалған төрт жыл бойы «ауырып», өнім бермеген. Былтыр қыркүйек айында келгенімде алмұрт ағашының бойында шырыны сақталғанымен, мүлде жапырағы жоқ еді. Биыл соны емдедік. Соның нәтижесінде 3500 гектардан 20 тонна өнім жиналды. Жалпы алмұртқа сұраныс өте мол. Кеше «5 тонна алмұрт бар, келісі 500 теңгеден» деп хабарландыру беріп едім, сұраушылар көбейіп кетті. Бірақ, тұрақты клиентіміз бар, біздің қара өрікті де, алмұртты да сол алып кетеді» деді Нұрболат Нұрдәулетұлы.

Ал, қара өріктен биыл 280 тонна өнім жинапты. Оның 180 тоннасын «фуралармен» Ресейге жөнелтсе, қалғаны жергілікті базарларда саудаға түскен. Бүгінде қара өрік ағаштарының отырғызылғанына 8 жыл болған, олар 25 жылға дейін өнім береді екен. Ал, жүзімге келсек, былтыр тек 300 тонна ғана жүзім жинап алыныпты. Биыл сәуір айындағы 20 градус суықта үсік шалған жүзім бауы жеміс бермепті.

Жалпы бауда тамшылатып суару әдісі қолданылады. Алайда, Нұрболаттың айтуынша, шаруалардың «ҚазСуШар» мекемесінің жұмысына көңілі толмайды. Оның жұмыс жүйесін өзгерту керек деген пікірде. Әр ауданда мекеменің филиалы болғандықтан, ақша солардың өздеріне түсіп, өз ақшаларын өздері игерсе дейді. Себебі, жоғары жаққа кеткен ақшаны каналды жөндеу жұмыстарына кері жіберген кезде, ол ақша неліктен екені беймәлім, толық жетпей қалады.

Әңгіме барысында біз Нұрболаттың мықты менеджер екендігіне көз жеткіздік. Есеп-қисапқа жүйрік, тірліктің көзін біледі. Жас болғаннан соң шығар тайсалмай батыл сөйлейді. Оның орда бұзар отыздан асып, қамал алар қырыққа жақындағанда алған асуының етегіне де іліне алмай жүргендер қаншама?! Ал, ол кәсіптің түр-түріне сүрлеу салып көрді, ізденді. Аяғына нық тұрғаны емес пе, түріктермен тіл табысты. Соның нәтижесінде жаңа әдістемелерге қол жеткізді.

Және бір қызығарлығы, бұл бауда тағы бір Құралов жұмыс істейді. Берік Әуесхан­ұлы Құралов – 2012 жылдан бері баудың агрономы. Ол мектеп қабырғасынан бері осы егін шаруашылығының қайнаған ортасында жүріп, әбден ысылды. «Негізінде «карлик» алмұрт ағаштары үш жылдан бастап өнімге кіргенмен, алтыншы-жетінші жылдан бастап он бес жылға дейін өнімді жақсы береді. Жалпы, бір түбінің өзі бұл кезде 40-50 келіге дейін өнім береді. Биыл бізге бауды баптап күтуге түркиялық төрт азамат көмеккке келді. Қазіргі таңда Түркия – алма өндіруден әлем бойынша үшінші орында. Былтыр олар 3 миллион тонна алма өндірді. Бұл кісілерден үйренеріміз өте көп. Бауда түркиялық жүйені қолдана бастадық» дейді Берік Құралов.

Бір қынжыларлығы, егін шаруашылығында білікті мамандар табу қиынның қиыны. 2022 жылдың қаңтарында «Аманкелді» шаруа қожалығына Алматының ауыл шаруашылық институтынан екі үздік студент диплом қорғау алдындағы практикадан өтуге келген екен. «Өз қатарымызға отандық білікті мамандарды тартамыз деп қуандық. Бірақ, соның біреуі ғана келді, екіншісін жоғары оқу орны өздерінде алып қалыпты» дейді Нұрболат.

Нұрболаттың алға қойған жоспарлары көп. Мысалы, жеміске арналған пластик жәшіктер Шымкент қаласына қарағанда Сарыағаш ауданында қымбатырақ. Алайда, оны қаладан жеткізу шығыны бар, сондықтан ауданнан сатып алуға тура келеді. Бұл тұрғыда шығынды азайтып, үнемдеудің бір жолы пластик ыдыстарды шығаратын жеке цех ашу екендігін Нұрболат жақсы түсінеді. Сол себепті бұған қажетті нәрселердің барлығы сатып алынды, енді тек іске кірісу ғана қалды.

Өндірушіден – тікелей дастарқанға

Жас басшы жақында құрылған «Қазақстан бақтары» консорциумымен бірігіп жұмыс істеуді көздеп отыр.

– Оның мақсаты – фермерлер нарығын тұрақтандыру. Өнімдерді делдалдарсыз сату. Яғни ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушіден тікелей үй дастарқанына жеткізу. Біз қоймадан жемістерді қолжетімді бағада сатамыз, ал, дүкендерде оның құны көтеріліп кетеді. Ал, бұл делдалдар өндірушіден көп ақша табады деген сөз. Бұл – әділетсіздік. Бұлай болмауы тиіс. Бұған тосқауыл қою керек. Осылай еткенде ғана жеміс-жидектер барлық қазақстандықтар үшін таңсық емес, қолжетімді болады, –деген ойын айтты Нұрболат Құралов.

Иә, ел ертеңі – осындай іскер жастар. Бұлар біреу-екеу емес, жүз, мың болса, көбейсе, келешегіміз жарқын болатынына күмән жоқ.

Баян ДАРҒОЖИНА, 

«Ońtústik Qazaqstan».

 

 

Leave a reply