ӘЙГІЛІ «МАЛЫШ» МАҚТАСЫ – ТҮРКІСТАН ӨНІМІ

0
114

Бүгінде еліміз бойынша мақтаны терең өңдеп, өнім шығаратын, қаланың 150-ден астам адамын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отырған үлкен зауыт өзіміздің Түркістан қаласында орналасқан.

Мақтадан жасалған өнімдерді өндіретін «Фараб» зауытының басшысы Құрбанәлиев Абдурасул өз жұмысын 2004 жылы бастайды.

«Алғашында бұл зауытты Қазақстан мен Ұлыбритания бірлесіп салған, кейін қаражат тапшылығына байланысты зауыт жұмысын тоқтатқан. Қазіргі таңда барлық өнімдер «Toyoda» маркалы германиялық, ағылшын, жапон аппараттарымен жүзеге асырылуда. Басында зауыт мақтаны тазалап, ағартуға бағытталған-ды. Келе-келе халық тұтынатын өнім шығару ісімен айналысуды қолға алдық. Алғаш жұмысымызды Кореядан 6 тәжірибелі маманды алдыртып, олардан кәсіп үйреніп, осындағы 5 жұмысшыны сол елге 6 айға біліктілігін арттырып, тәжірибе алмасуға жіберуден бастадық. Қазақстанда мақта Түркістан облысында ғана өсіріледі. Сондықтан мақта зауыттарының басым бөлігі осы облыстың аумағында орналасқан. Түркістан облысындағы зауыттардың көпшілігі мақтаны шитінен, яғни, дәнегінен айырып, жуып тазалау ісімен ғана айналысады. Елімізде өсірілген мақтадан таза өнім шығармайды. Ал, Түркістан қаласындағы орналасқан мақта зауыты мақтадан халық күнделікті тұрмыста тұтынатын медициналық және косметикалық бұйымдар шығару ісін жолға қойған ірі өндіріс ошағы», – дейді өндіріс басшысы.

Комбинат қазіргі таңда 1 сұрыпты мақта талшығынан баршамызға әйгілі «Малыш и малышка» атты гигиеналық медициналық стерильденбеген мақта, гигроскопиялы, стерильді мақта, дымқыл сулықтар (оның ішінде балаларға арналған), медициналық стерильді дәке бинті, «doctor sponge» косметикалық мақта жастықшалары секілді 106 түрлі экологиялық таза мақта өнімдерін өндіруде.

Өндірістің бастапқы жалпы құны 12,5 млн. долларды құрайды. Мақта шығару-өндіру зауыттарымен, жеке шаруашылықтармен келісіп, мақтаны зауытқа жеткізгеннен кейін мақтаны қайнатуға 7 сағат, шаң-тозаңнан тазартуға 3 сағат жұмсалады. Тазартылған мақта кептіру, таралу, өңделу, қайта тазарту секілді санқилы процестерден өтіп, түрлі бұйымдарды жасауға әзірленеді. Мысалы, «Малыш и малышка» 25, 50, 100 граммдық қалташаларға буып-түйіледі; мақта жастықшалары аппараттар арқылы орама етіп дайындалғаннан кейін трафарет секілді қондырғыдан өтіп, домалақ пішінге енеді, жіңішке қалтаға салынады. Тұтынушының бұл затты өзіне ыңғайлы етіп ашып-жабуы үшін аузына арнайы жабыстырғыш ілмек те қарастырылған. Дәке бинттері стерильденіп, оралып, қондырғыға тұтас етіп салынғаннан кейін бөліктерге бөлінеді. Комбинат өнімдері Қазақстанның барлық облыстары мен аудандарына тарап, халық игілігіне ұсынылуда.

Leave a reply