ОТЫРАРЛЫҚ ЖАС КӘСІПКЕР МЕМЛЕКЕТТІК ГРАНТПЕН ТЕМІРДЕН ТОР ЖАСАУ ӨНДІРІСІН ДАМЫТЫП ОТЫР

0
95

Түркістан облысының Отырар ауданында жас кәсіпкер мемлекеттік гранттың есебінен темірден тор жасап, жерлестерін жұмыспен қамтып отыр.

Отырар ауданының тұрғыны, жас кәсіпкер Данияр Ақылов – «Бастау Бизнес» жобасының түлегі. Ол жоба аясында кәсіпкерлік білімін арттырып, өз бизнес жоспарын сәтті қорғап, Палата мамандарының сүйемелдеуімен 2020 жылы «Еңбек» бағдарламасы аясында 200 АЕК грантқа қол жеткізген.

Жоба құны 3 млн теңге тұратын шағын кәсібін ашып, оның 555 мың теңгесі грант есебінен қаржыландырылған. Кәсіпкер грантты алған уақытта кішігірім цех ретінде ашылса, қазір бизнесті кеңейтіп, үлкен қойма ашқан.  Сөйтіп кәсіпкер темір торларды ғана емес, тікен сымдарды да шығарып бастаған. Ал биыл Шымкент қаласынан цех ашып, қала бойынша тегін жеткізіп беру қызметін қосып отыр.

Данияр Ақыловтың айтуынша, қазіргі таңда мал және егін шаруашылығында темір торлар мен тікен сымдарға сұраныс өте жоғары.

«Күніне темір тордан 300 шаршы метр, байланыс торынан 2000 шаршы метр шығарып отыр. Кәсібін кеңейту арқасында тек Отырар ауданы бойынша ғана емес, сонымен қатар, көршілес аудандарға жіберіліп, олардың сатылымы  тұрақты өсіп келеді. Бұрын сырттан әкелінген болса, қазір өз елімізде шығарылатыны қуантады», – деп бөлісті кәсіпкер.

Маман алдағы уақытта тек темір торлар мен тікен сымдарды шығарып қоймай, қосымша құрылысқа ең қажетті шеге, шуруп және басқа құрылыс материалдарын шығаруды жоспарлағанын атап өтті.

Leave a reply