ОТЫРАР АУДАНЫНДА ЖАЛПЫХАЛЫҚТЫҚ СЕНБІЛІК ӨТТІ
Тазалық жоқ жерде елдің болашағы бұлыңғыр, келешегі күмәнді болары хақ. Көрікті мекеніміздің келбеті тек сәнді де сәулетті ғимараттармен, жасыл желекті саябақтармен өлшенбейтіні белгілі. Күн сайын кемел келешекке құлаш сермеп, көркейіп келе жатқан ауданымыздың ажары оның тазалығына да тікелей байланысты.
Осы мақсатта бүгін ауданда «Таза Қазақстан» экологиялық тазалық акциясы аясында жалпыхалықтық сенбілік өтті. Сенбілікке барлық ауыл округтері мен дербес бөлім қызметкерлері, қоғамдық ұйымдар мен ауданның ерікті жастары және аудан тұрғындары қатысты.
Аудан тұрғындары арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, жастардың табиғатты аялауына және аудан тазалығын сақтауға бағытталған тәрбиелік мәні зор шараға арнайы барып қатысқан аудан әкімінің міндетін атқарушы Жансұлтан Сейтжанов, облыстық мәслихат депутаттары Мырзахан Манапов пен Нұржан Сейтжановтар туған өлкеміздің тазалығына жете мән беріп, қоршаған ортаның тазалығына бір кісідей атсалысу, сол арқылы жас жеткіншектерге үлгі көрсету әрбіріміздің азаматтық борышымыз екендігін айтып, көпшілікті сенбілік жұмыстарына біркісідей атсалысуға шақырды.
Сенбілік жұмыстары барысында көшелер мен саябақтар, арық-атыздар тазаланып, көшеттер мен талдар әктелді. Одан бөлек арнайы орындар мен мекемелердің қоршаулары сырланып, аудан ортылығындағы Ұ.Арғынбеков, Жібек Жолы даңғылдары мен Д.Алтынбеков, Т.Бозшабаев, Ә.Молдағұлова М.Әуезов, Н.Оңдасынов, Ә.Жылқышиев, А.Дәрібаев көшелерінің бойындағы арам шөптер оталып, қоқыс қалдықтарынан тазартылды.
Үйдің тазалығы іргесінен, ауласынан көрінеді. Ал, таза көше мен көгал саябақтар елдің айнасы іспетті. Қоршаған ортасы таза елдің жаны да таза. Осындай мысалдарға толы «тазалық» сөзінің мағынасы терең. Жеке тазалықтан бастап, қоғамдық тазалыққа дейінгі әрекеттердің барлығы адамның шынайы ниетімен жасалатын дүние. Елімізде табиғатты аялау, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы өтуде. Экологиялық науқанға 17 облыс пен 3 қаланың тұрғындары жаппай қатысып, туған жерін, тұрған аумағын таза ұстауға үлес қосуда. Әр өңірдегі жастар ресурстық орталығының бастамасымен қолға алынған акция 5 аптаға жоспарланған.