ОРДАБАСЫДА «АУЫЛ АМАНАТЫ» БАҒДАРЛАМАСЫМЕН 165 ЖОБА ҚОЛДАУ ТАПҚАН
Ордабасы ауданындағы Шұбар ауылында орналасқан «Сұлтанберді» жылыжай кешенінің инвестициялық құны – 420 млн теңге. 2 гектар аумақты алып жатқан жылыжайда 2020 жылы іске қосылған. Қазіргі таңда 15 адам жұмыспен қамтылған. Жылына 400 тонна өнім өндіреді.Бұдан бөлек, жалпы ауданда 105,9 гектар алқапқа жылыжай кешені бар. Оның ішінде 21 гектары – өндірістік жылыжайлар, ал 84,9 гектар аумағы – фермерлік жылыжайлар. Сонымен қатар, аудандағы Шұбар ауылындағы «Тоғжан» мал бордақылау алаңы бар. Жеке кәсіпкер «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайыздық несиемен 7,5 млн теңге қаржы алған. Бүгінде орталықта 16 бас мал бордақыланып жатыр. Алдағы уақытта кәсіпкер бал басын көбейтуді жоспарлап отыр.
2023 жылы бағдарлама шеңберінде күнгей өлкеге 19,8 миллиард теңге қаржы бағытталып, үш мың екі жүзден аса жоба қаржыландырылыпты. Нәтижесінже үш жарым мыңға тарта жаңа жұмыс орны құрылып, ауыл шаруашылығы саласына тың серпін сыйлаған. Оның ішінде бройлер ет өнімін өндіру, балық шаруашылығын ілгерілету, наубайхана ісін дөңгелету, асылтұқымды мал асырап, ет көлемін ұлғайту сынды көптеген кәсіпорындар ашылған.
Облыстағы өндіріске бейім тағы бір өңір – Ордабасы ауданында да «Ауыл аманатымен» кәсіп ашқандар саны көп екен. Нақтырақ айтсақ, былтыр ауданға қарасты төрт ауылдық округтің тұрғындарынан төрт жүзге тарта өтініш түсіп, оның 250-ден астамы мақұлданған. Жалпы 1 миллиард 500 миллион теңгеден астам несие берілген жобалардың басым бөлігі мал шаруашылығын дамыту бағытына арналған екен. Өсімдік, өз кәсібін дамыту бағыттары да мықтап қолға алынған. Ауыл шаруашылығы саласына қажетті техникаларды сатып алу жобалары да жүзеге асырылыпты.
Биылғы жылдың тағы бір жағымды жаңалығы – ендігі кезекте ауылдардың ғана емес, шағын қалалардың тұрғындары да аталған бағдарлама арқылы несие алмақ. Бұл тұрғыда бағдарлама арқылы бөлінген қаржының жартысынан аспайтын бөлігі балық, құс және мал алуға бағытталмақ. Ол үшін ел қазынасынан 13,2 миллиард теңге бөлініп, алпыстан астам елді мекенде кооперативтер құрылады деп жоспарланған. Жалпы, екі жарым мыңнан астам жобаға қаржы қаралып, төржарым мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.