СОЗАҚТА «АУЫЛ АМАНАТЫНЫҢ» АРҚАСЫНДА КӘСІП АШҚАНДАР САНЫ КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ

0
110

Созақ ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие алып, кәсібін жандандырып отырған азаматтардың саны күн санап артуда. Соның бірі – Созақ ауылының тұрғыны Жамила Айдарбекқызы.
Ол «Ауыл аманаты» бағдарламасының 6-бағыты негізінде үй іргесінен жүн, мақта өнімдерін қайта өңдеп, қолданысқа дайындау және тігін саласын жандандыру мақсатында 5 200 000 теңгеге жеңілдетілген несие алды. Кәсіпкер ол қаражатқа заманауи үлгідегі тігін құралдарын сатып алып, бүгінде өзінің «Елжан цехын» дөңгелетіп отыр.

– Бұл саланы осыдан 15 жыл бұрын үйреніп, 10 жылға жуық басқа кәсіпкердің қарамағында жұмыс істедім. Соңғы 5 жылда өз алдыма бөлек тігін машинасын алып, жеке кәсібімді бастадым. Қолданыстағы тігін машиналарым ескі болғандықтан жұмысым баяу болды. Уақыт өте бұл салада кәсіби маман ретінде жұмыс істеуді ұйғарып, «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасына қатысып, заманауи үлгідегі тігін құралдарын алуды шештім. Небәрі 20 күннен астам уақытта несиеге қол жеткізіп, қажетті құралдарды арнайы тапсырыспен алдырдым. Нәтижесінде, жұмысым едәуір жеңілдеп, бұл салаға қызығушылығым арта түсті. Бүгінде сұраныстың басым көпшілігі жергілікті тұрғындар тарапынан түседі. Халықтың арқасында табыс тауып отқан соң барынша сұранысқа сай үлгеріп, көптің көңілінен шығуға тырысамын, – дейді кәсіп иесі.

Жалпы, қазіргі таңда ауданда «Ауыл Аманаты» бағдарламасы бойынша – 269 азаматтың құжаты қабылданды. 208 азаматтың құжаттары 1 147, 225 млн. теңгеге мақұлданып, 169 азамат 928, 560 млн. теңге жеңілдетілген несие алды.

Қазіргі таңда ел аузында жүрген «Ауыл аманаты» жобасы енді ғана пайда болған бағдарлама емес. Бірнеше жыл бұрын бірер облыста сынақтан өткізілген. Ал, 2023 жылы республика көлемінде пилоттық режиммен енгізілді. Осылайша, еліміздегі мыңдаған азамат жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, ойларында пісіріп жүрген ауыл шаруашылығына қатысты бизнес-жобаларын іске асыра бастады. Бағдарламаның өсімдік, мал шаруашылығы, құс және балық ісі, техникаларды алу және жеке кәсіп ашу сынды алты бағыт бойынша жүзеге асырылып, 2,5 пайыздық несиенің бес жылға берілетіндігі де тиімділігін көрсетті деп айта аламыз. Әсіресе, Түркістан облысының тұрғындары үшін 20 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлініп, мыңдаған адам бағдарламаның игілігін көріп жатыр. Дәлірек айтсақ, 2023 жылы бағдарлама шеңберінде күнгей өлкеге 19,8 миллиард теңге қаржы бағытталып, үш мың екі жүзден аса жоба қаржыландырылыпты. Нәтижесінже үш жарым мыңға тарта жаңа жұмыс орны құрылып, ауыл шаруашылығы саласына тың серпін сыйлаған. Оның ішінде бройлер ет өнімін өндіру, балық шаруашылығын ілгерілету, наубайхана ісін дөңгелету, асылтұқымды мал асырап, ет көлемін ұлғайту сынды көптеген кәсіпорындар ашылған.

Leave a reply