САРЫАҒАШТЫҚ ТҰРҒЫН «АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫМЕН ӨЗ ЦЕХЫНЫҢ ЖҰМЫСЫН ЖАНДАНДЫРДЫ

0
87

Түркістан өңірінде шағын және орта кәсіпкерлік саласы жақсы дамып келе жатыр. Дархан Сатыбалды Сарыағаш ауданы, Жартытөбе ауыл округі, Ынтымақ елдімекенінде орналасқан темір өнімдерін дәнекерлеп, өз өнімін ұсынатын дәнекерлеу цехының жұмысымен танысты. Бүгінгі таңда өндіріс орны тәулігіне 50 дана өнім шығарады. Жобаны іске асыруға 8,6 млн. теңге жұмсаған. Оның аясында 8 адам жұмыспен қамтылған. Түркістан өңірінде қарқынды түрде іске асырылып жатқан ауқымды бағдарлама – «Ауыл аманаты» жобасы.

Кәсіпкер аталған жоба аясында 2,5 пайызбен несие алып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Өнімдерді Түркістан облысы және Шымкент қалаларына саудалап жатыр.Кәсіпкердің жұмысымен танысқан облыс әкімі бүгінде іске асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты ауыл тұрғындарына кәсіп бастауына қаржы бөлу екенін жеткізді. Тұрғындардың әлеуетін жақсарту қажеттігін айтып, аудан басшысына осы саланы қолдап, кәсіпкерлікті насихаттау қажет екенін жеткізді. Сондай-ақ алдағы уақытта да «Ауыл аманаты» жобасы аясында жұмысты күшейтіп, кез келген тұрғынның іс бастауына көмектесуді тапсырды.

Түркістан облысының тұрғындары «Ауыл аманаты» бағдарламасына ерекше қызығушылық танытып келеді. Осылайша, ауылдық жерлердің тұрғындары өздері қадаған кәсіпті ашуға қол жеткізіп қана қоймай, өңірдегі әлеуметтік ахуалдың түзелуіне де үлес қоспақ. Биылғы жылдың тағы бір жағымды жаңалығы – ендігі кезекте ауылдардың ғана емес, шағын қалалардың тұрғындары да аталған бағдарлама арқылы несие алмақ. Бұл тұрғыда бағдарлама арқылы бөлінген қаржының жартысынан аспайтын бөлігі балық, құс және мал алуға бағытталмақ. Ол үшін ел қазынасынан 13,2 миллиард теңге бөлініп, алпыстан астам елді мекенде кооперативтер құрылады деп жоспарланған. Жалпы, екі жарым мыңнан астам жобаға қаржы қаралып, төржарым мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.

Осы орайда, өңір басшысы бірер күн бұрын жауапты мамандар, аудан басшылары мен қаржы ұйымдары мамандарының басын қосып, бағдарламаны жан-жақты зерделеу, жаңа әрі озық технологияларды қолданысқа енгізу, шаруашылыққа қолайлы жерлерді белгілеу жұмыстары бойынша тапсырмалар жүктеді. Облыс басшылығының ақпаратына сүйенсек, ендігі кезекте несие алушыларға мейілінше жаңа жұмыс орындарын құру жұмысы да тапсырылады екен. Одан бөлек, берілген ақшаға жеңіл көлік сатып алуға және несиеге ие болғандардың тауарды ағайын-туыстарынан сатып алуларына шектеу қойылатын көрінеді. Сәйкесінше, бұл өзгерістер нақты нәжеге бастайды деп ойлаймыз. Сонымен қатар, облыс басшысы тың жобаларға көңіл бөлу, әрбір ауданның өзіндің брендін орнықтыру, бизнес-жобаларды түрлендіру жұмыстарына басымдық беруді жүктеді. Облыс әкімінің сөзіне сүйенсек, аталған жоба өңірде іске қосылғалы бері үш мыңнан астам жобаға қаржы беріліп, жетпістен астам коопреатив пайда болған. Одан бөлек, жылыжай көлемі артып, жиырмадан астам жаңа техника алынған екен. Оған қоса, ет бағытындағы ірі қара мал басы алты мыңға жуықтаса, сүт бағытындағы ірі қара мал саны жиырма екі мыңнан, жылқы саны екі жарым мыңнан, ұсақ мал басы он төрт мыңнан асқан. Бағдарламаның халық арасында тәтпіштеп түсіндірілуінің арқасында шағын кәсіпкерлікпен айналысатындар көбейіп, елдің тұрмысы, ауыл шаруашылығы өкілдерінің экономикалық жағдайы, агрокешеннің ахуалы түзеле бастаған.

Leave a reply