«АУЫЛ АМАНАТЫ» – ӘЛЕУМЕТТІК АХУАЛДЫ АРТТЫРАТЫН ЖОБА

0
88

Бүгінгі таңда еліміздің бірнеше өңірінде, оның ішінде Түркістан өңірінде қарқынды түрде іске асырылып жатқан ауқымды бағдарлама – «Ауыл аманаты» жобасы. Бұл жобаны Үкімет «AMANAT» партиясымен бірлесе отырып, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға және проблемаларын жедел шешуге мүмкіндік береді деп іске қосқан болатын. Сондықтан оны Түркістан қаласының тұрғындары да білгені абзал.

Жалпы, әдепкіде бұл жобаны іске асыруға 2023 жылы республикалық бюджеттен 52,4 млрд. теңге бөлініп, 11 мыңнан астам шағын несие беріледі деп көзделген. Бұл ретте әкімдіктер қаражатқа қосымша қажеттілікті анықтау үшін ауылдық округтерде скрининг жүргізген. Сонымен қатар, «AMANAT» партиясы жанынан азаматтар мен әкімдерді әдіснамалық сүйемелдеуді, оқытуды, өтінімдерді қабылдау және қаражатты бөлу процесінің мониторингін қамтамасыз ететін жобалық кеңселер де ашылған болатын. Жоба талаптарына сәйкес, шағын несие беру мерзімі 5 жылды құраса, мал шаруашылығы саласындағы бастамалар үшін 7 жылдық кезең көзделген. Максималды сома – 2,5-8 мың АЕК аралығында болса, номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылына 2,5 пайыздан аспайды.

Бағдарлама ережелеріне сәйкес, бұл несиені ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер; зейнеткерлік жасқа толмаған қысқартылатын жұмыскерлер; ЖК ретінде тіркеусіз тауарларды өндіру немесе өткізу, жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету жөніндегі қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар (оның ішінде әрекетсіз ЖК); отбасылық кәсіпкерлікте ақы төленбейтін қызметті жүзеге асыратын тұлғалар; ЖК-да өнім өндіретін табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен сату немесе айырбастау үшін жеке қосалқы шаруашылықтың мүшелері; табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен өндірістік кооперативтердің мүшелері ала алады деп хабарланған.

– Бұл біздің ауылдарды көтеруге мүмкіндік беретін нақты қадамдар. Жобаны пилоттық іске қосу қорытындысы бойынша Жамбыл облысының 11 ауылдық округінде ауылдардағы орташа айлық табыс 1,7 есе өсті, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 3 есе азайды, жұмыссыздық деңгейі 36% – ға төмендеді. AMANAT партиясы мен үкіметтің міндеті – “Ауыл аманаты” жобасын бүкіл елге масштабтау. Жобаның барлық артықшылықтары туралы халықты дұрыс ақпараттандыру маңызды, – деген жоба жайлы айтқан «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов.

Сондай-ақ, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында ауылдағы өмір сүру деңгейін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударғанын тілге тиек еткен болатын. Тиісінше, алдағы 7 жылда ауыл тұрғындарының табысын арттыруға 1 трлн. теңге бөлу көзделген. Өз кезегінде бұл ауыл шаруашылығында 350 мыңнан астам сапалы жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді деп жоспарланған.

Ерлан Қошановтың ізін ала Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру басталатынын айтты.

– Іс-шаралар кешенінің бірінші бағыты – «Өнім өндіру көлемін ұлғайту». Бұл бағыт өндірушілер арасында әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар мен ауыл шаруашылығы тауарларын тікелей сатып алудан форвардтық шарттар жасасуға көшу жолымен тұрақтандыру қорларының жұмысын қайта форматтау жөніндегі шараларды қамтиды. Сондай-ақ, биыл 17 мың жеңілдетілген шағын несие беруге, 18 мың жұмыс орнын құруға бағытталған ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру басталады, – деді ол өз сөзінде.

Сондай-ақ, ел аумағында жаңа сүт-тауарлы фермаларды ашу және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейту үшін 24 жобаны жеңілдетілген несиемен қаржыландырып, Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі қолданылатынын жеткізген. Оның айтуынша, ішкі нарықтың қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында құрылыс материалдарын, жеңіл, химия және фармацевтика өнеркәсібі тауарларын өндіру бойынша импортты алмастыратын жобаларды іске асыру қарқын алады. Одан бөлек, 2023 жылы 19 құс етін өндіру жобасы және 17 ет өнімдерін өңдеу жобасын іске асыру жұмыстары басталады. Осылайша, бұл бастамалар 249 мың тонна құс етін және 32 мың тонна ет өнімдерін өндіруге мүмкіндік беретіні мәлім болған.

Ал, «Ауыл аманаты» жобасын Түркістан облысында іске асыру жайлы сөз қозғалғанда бағдарламаға 16 аудандағы 32 ауылдық округ тұрғындары қатыса алады делінген еді. Өз кезегінде, Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының ауылшаруашылық кешені бойынша орынбасары Нұрбол Рысбеков өңірдегі 2750 адамның несие алуға мүмкіндігі бар екенін мәлім еткен.

– Бағдарламаны жүзеге асыруға биыл республикалық бюджеттен 11 миллиард теңге қаржы бөлінді. Қосымша 14 миллиард теңге бөлу жөнінде ҚР Ауылшаруашылығы министрлігіне өтінім берілді. Несие алу үшін ауыл тұрғындары алдымен ауыл әкімдіктеріне өтінім беруі қажет. Бұл жобаның ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігі тиеді деген ойдамын» – деген ол өз сөзінде.

Оған қоса, жобадағы шартта көрсетілгендей, несие алушы кем дегенде бір жыл сол жергілікті ауылдың тұрғылықты азаматы болуы керектігін және міндетті түрде кепілге қоятын жылжымайтын мүлкі болуы шарт екенін, сонымен бірге, егер кепіл болмаған жағдайда туыстардың мүлігі жарамды болатынын хабарлаған.

Ал, экс-ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев болса, Үкімет отырысында «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруға 100 млрд. теңге жұмсалатынын мәлімдеді.

– «Ауыл аманаты» ауыл тұрғындарының табысын арттыру жобасын іске асыру басталады. Биылға 100 млрд. теңге қарастырылған. Бұл ауыл халқына 2,5 пайызбен 17 мыңнан астам жеңілдетілген шағын несие беруге және ауылда 18 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Шағын несиелеуден басқа агроөнеркәсіп кешені саласындағы ірі инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша Солтүстік Қазақстан облысының табысты тәжірибесін кеңейту жоспарланып отыр. Осы бағдарламаны іске асыруға республикалық бюджет қаражатынан 100 млрд теңге сомасында бюджеттік кредит бөлінді. Оның есебінен жылдық 2,5 пайызбен тауарлық-сүт фермаларының құрылысы қаржыландырылатын болады, – деген ол өз сөзінде.

Leave a reply