«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: МАҚТААРАЛДАҒЫ СЕНБІЛІККЕ 100-ДЕН АСТАМ ТҰРҒЫН ҚАТЫСТЫ

0
115

Бүгін Мақтаарал ауданы, А.Қалыбеков ауылдық округіне қарасты Төрткүл ауылында сенбілік жұмыстары жүргізілді. Атқарылған жұмыстар барысында көше бойларындағы шөптер орылып, қоқыстардан тазартылды. Одан бөлек, ағаштардың түбін әктеу, қураған ағаштарды бұтау, арық-атыздарды қатты тұрмыстық қалдықтардан тазарту шаралары атқарылды. Жалпы тазалық шараларына ауыл тұрғындары мен еріктілерден құралған 105 адам жұмылдырылды. Бүгінде облыста қоршаған ортаны қорғауға бағытталған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы әлі де жалғасуда. Экологиялық науқанға өңірдегі барлық қала, аудандардың тұрғындары қатысып, тұрған аумағын таза ұстауға үлес қосуда.

Елімізде табиғатты аялау, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы өтуде. Экологиялық науқанға 17 облыс пен 3 қаланың тұрғындары жаппай қатысып, туған жерін, тұрған аумағын таза ұстауға үлес қосуда. Әр өңірдегі жастар ресурстық орталығының бастамасымен қолға алынған акция 5 аптаға жоспарланған.

«Таза Қазақстан» республикалық акциясы 8 сәуір күні басталды. Бұл туралы еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігі ресми түрде мәлімдеді. 5 аптаны айырықша атауларға бөліп, қоршаған ортаға қажетті жұмыстарды нақтылап та берді. Алғашқы аптаға – «Таза өлке» деген атау берілген. Бұл апта жалпы республикалық сенбілікпен байланысты. Әр өңірдегі мекемелер, әлеуметтік нысандар мен тұрғындар өздері тұрған аумақты қоқыстан тазартты. Елді бірлікке, тазалыққа насихаттайтын «Таза Қазақстан» акциясын өткізуге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресми түрде тапсырма берген болатын. Бұл тазалықты насихаттап қана қоймай, ел-жұрттың басын біріктіретін рухани маңызы бар.

Ұрпақты тәрбиелеу үшін ең алдымен өзімізді тәрбиелеуіміз керек. Айналаны таза ұстап, қоршаған ортаға құрметпен қарасақ, тазалыққа жаны жақын ұрпақ қалыптасатыны ақиқат. Рас, «балапан ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі». Жадыңда, жанарыңда, жүрегіңде ғана тұрар ақ мекен, көркем өңір, әсем өлке өсер ұрпағына да нұрын сыйлап, ғасырлардың көшінде жасанып, жайнап, жаңғыра берсін!

Leave a reply