ТҮРКІСТАН: ОРДАБАСЫЛЫҚ ДӘРІГЕРЛЕР «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АКЦИЯСЫНА ҮЛЕС ҚОСТЫ
Мемлекет басшысының бастамасымен экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында елімізде «Таза Қазақстан» республикалық акциясы басталған болатын. Осы орайда Түркістан облысында «Таза өлке» апталығы басталып, аудан-қалаларды абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Апталық аясында ордабасылық медицина саласының қызметкерлері сенбілік өткізіп, емхана ауласына 1 000-нан астам гүл отырғызды.
Сонымен қатар, бүгінде аудан бойынша акция аясында ағаш көшеттері егілуде. Одан бөлек, әр ауыл округте тазалық, абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл – ауылдардың жасыл белдеуге айналып, таза ауаға оң әсер етері сөзсіз.
Адамзат табиғатпен және жердегі барлық тіршілікпен байланысты. Бұл тепе-теңдікті сақтау керек. «Таза Қазақстан» экологиялық челленджі – осындай қадамдардың бірі. Жақсы дәстүрлер жас ұрпаққа сақталуы және берілуі керек, ал табиғатқа деген ұқыптылық балабақшадағы балаларға сіңірілуі керек. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы қарқын алуда. Әр елдімекеннің тазалығы тұрғындардың қатысуына байланысты, өйткені әр көше, әр үй, әр аула сіздің ауылыңыздың, қалаңыздың және ауданыңыздың айнасы. Үйдің тазалығы іргесінен, ауласынан көрінеді. Ал, таза көше мен көгал саябақтар елдің айнасы іспетті. Қоршаған ортасы таза елдің жаны да таза. Осындай мысалдарға толы «тазалық» сөзінің мағынасы терең. Жеке тазалықтан бастап, қоғамдық тазалыққа дейінгі әрекеттердің барлығы адамның шынайы ниетімен жасалатын дүние. Елімізде табиғатты аялау, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы өтуде. Экологиялық науқанға 17 облыс пен 3 қаланың тұрғындары жаппай қатысып, туған жерін, тұрған аумағын таза ұстауға үлес қосуда. Әр өңірдегі жастар ресурстық орталығының бастамасымен қолға алынған акция 5 аптаға жоспарланған.
Елді бірлікке, тазалыққа насихаттайтын «Таза Қазақстан» акциясын өткізуге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресми түрде тапсырма берген болатын. Бұл тазалықты насихаттап қана қоймай, ел-жұрттың басын біріктіретін рухани маңызы бар.
Ұрпақты тәрбиелеу үшін ең алдымен өзімізді тәрбиелеуіміз керек. Айналаны таза ұстап, қоршаған ортаға құрметпен қарасақ, тазалыққа жаны жақын ұрпақ қалыптасатыны ақиқат. Рас, «балапан ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі». Жадыңда, жанарыңда, жүрегіңде ғана тұрар ақ мекен, көркем өңір, әсем өлке өсер ұрпағына да нұрын сыйлап, ғасырлардың көшінде жасанып, жайнап, жаңғыра берсін!