Суббота, 17 октября

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ӘЛЕУЕТІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

0
10

Түркістан облысында әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету, өндіріс көлемін арттыру, кәсіпкерлік белсенділікті күшейту және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Өңір экономикасын әртараптандыруға басымдық беріліп, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, өңдеу өндірісі, логистика және қызмет көрсету салаларындағы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану көзделген. Жаңа өндіріс орындарының ашылуы мен инфрақұрылымның кеңеюі жергілікті экономиканың тұрақтылығын арттырып, халықты жұмыспен қамтуға және жаңа кәсіпкерлік бастамалардың қалыптасуына жол ашуда.

Аймақта инвестиция тарту экономикалық өсімді қамтамасыз етудің маңызды тетіктерінің бірі ретінде қарастырылады. Осыған байланысты инвесторларға қажетті жағдай жасау, өндірістік алаңдарды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, кәсіпкерлерге қолдау көрсету және өңірдің экспорттық мүмкіндіктерін кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Түркістан облысының географиялық орналасуы, табиғи және еңбек ресурстары, көлік-логистикалық мүмкіндіктері шетелдік капитал үшін жаңа жобаларды іске асыруға қолайлы орта қалыптастырады. Бұл әлеуетті халықаралық деңгейде таныстыру және нақты инвестициялық жобаларға айналдыру өңірдің алдағы экономикалық дамуының негізгі бағыттарының бірі болып отыр.

Осы мақсатта Үндістан Республикасының Тамиланд штатындағы Ченнай қаласында өткен «Қазақстан – Үндістан» іскерлік, сауда және инвестициялық форумында Түркістан облысының экономикалық және инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды. Ауқымды жиынға мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың, бизнес-қоғамдастықтың және өңірлердің өкілдерінен құралған Қазақстан делегациясы қатысты. Іс-шара барысында екі мемлекет арасындағы сауда айналымын ұлғайту, инвестициялық серіктестікті кеңейту және бірлескен өндірістерді іске қосу мәселелері талқыланды.

Түркістан облысының делегациясын облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек бастап барды. Ол форум барысында өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырып, Үндістанның іскерлік ортасына Түркістан облысында қалыптасып отырған өндірістік және кәсіпкерлік ахуал жөнінде кеңінен ақпарат берді. Сондай-ақ облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің сәлемін жеткізіп, үндістандық компанияларды өңірмен ұзақ мерзімді әріптестік орнатуға шақырды.

Қазақстан мен Үндістан арасындағы байланыс сауда-экономикалық және инвестициялық бағыттарда дамып келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 923 млн АҚШ долларын құраған. Оның ішінде Түркістан облысының үлесі 3 млн АҚШ долларына жетті. Бұл көрсеткіш өңірдің Үндістан нарығымен байланысын одан әрі кеңейтуге мүмкіндік бар екенін көрсетеді. Алдағы уақытта тауар айналымын ұлғайту үшін экспортталатын өнім түрлерін көбейту, жаңа кәсіпорындарды бірлесіп құру және іскерлік байланыстарды тұрақты негізде жалғастыру маңызды.

Форумда Түркістан облысының инвестиция салуға қолайлы өңір екеніне ерекше назар аударылды. Аймақта өнеркәсіп пен агроөнеркәсіп кешенінен бастап, өңдеу өндірісі, логистика және басқа да перспективалы бағыттарға дейінгі салаларда жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Өңірдің басты артықшылықтарының бірі – инвесторларға арналған дайын өндірістік инфрақұрылымның қалыптасуы.

Облыста кәсіпкерлерге инженерлік желілері тартылған жер учаскелерін ұсынатын индустриялық аймақтар жұмыс істейді. Сонымен бірге дайын өндірістік ғимараттарды жеңілдетілген шарттармен жалға алу немесе сатып алу мүмкіндігін қарастыратын шағын өнеркәсіптік парктер бар. Мұндай алаңдар өндіріс ашуға кететін уақытты қысқартуға және инвестициялық жобаларды жылдам іске қосуға жағдай жасайды.

Терең өңдеуге бағытталған жобалар үшін «TURAN» арнайы экономикалық аймағының мүмкіндігі де жоғары. Мұнда инвесторларға өндірісті дамытуға қолайлы жағдай жасалып, бірқатар салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған. Арнайы экономикалық аймақтың инфрақұрылымы өндірістік жобаларды орналастыруға бағытталған. Бұл әсіресе қосылған құны жоғары тауарлар шығаруға ниетті компаниялар үшін маңызды мүмкіндік.

Өңірдің транзиттік әлеуеті де инвестициялық тартымдылықты арттыратын факторлардың бірі. Қазақстанды Қытай және Еуропа нарықтарымен байланыстыратын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі Түркістан облысының аумағы арқылы өтеді. Осы көлік бағытының болуы жүктерді тасымалдау мүмкіндігін кеңейтіп, экспортқа бағдарланған өндірістер үшін логистикалық артықшылық қалыптастырады. Сонымен қатар Түркістан халықаралық әуежайы жылына 3 млн жолаушыға дейін қызмет көрсетуге қауқарлы.

Облыстың табиғи-өндірістік әлеуеті де шетелдік серіктестер үшін маңызды. Түркістан өңірі Қазақстандағы уран өндіру және өңдеу саласында жетекші орындардың бірін алады. Бұл өңірдегі тау-кен өнеркәсібінің қалыптасқанын және ірі өндірістік жобаларды жүзеге асыру тәжірибесінің бар екенін көрсетеді. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті жоғары болғандықтан, агроөнімдерді қайта өңдеу, азық-түлік өндірісі және экспортқа бағытталған кәсіпорындар ашу үшін мүмкіндік мол.

Үндістандағы бизнес-форум барысында Қазақстандық делегация өкілдері Ченнай қаласындағы бірқатар ірі кәсіпорындардың жұмысымен де танысты. Атап айтқанда, жүк және жолаушылар көлігіне, құрылыс, тау-кен және арнайы техникаға арналған автоматты трансмиссиялар шығаратын «Allison Transmission India Private Limited» компаниясының өндірістік қызметі зерделенді. Бұл кездесу техникалық өндіріс, машина жасау және технологиялық кооперация бағыттарындағы ықтимал серіктестіктерді қарастыруға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар фармацевтика саласында жұмыс істейтін «Caplin Point Laboratories Limited» компаниясының қызметі таныстырылды. Компанияның дәрі-дәрмек өндіру және жеткізу бағытындағы тәжірибесі денсаулық сақтау және фармацевтикалық өндіріс салаларындағы ынтымақтастықтың перспективаларын бағалауға жол ашты.

Форумға Қазақстан тарапынан 110-нан астам өкіл қатысты. Түркістан облысынан да бірқатар кәсіпкерлік субъектілері халықаралық алаңда өз өнімдері мен өндірістік мүмкіндіктерін таныстырды. Олардың қатарында Сайрам ауданындағы күнбағыс майын өндіретін «UMIR.KZ» ЖШС, Ордабасы ауданындағы ауыл шаруашылығы тракторларын құрастыратын «Kazkioti» ЖШС, сондай-ақ Сауран ауданында орналасқан «ORZAX» және «WANLIN» компаниялары бар.

Түркістандық кәсіпкерлердің мұндай халықаралық іс-шараларға қатысуы өңір өнімдерін шетелдік нарықтарға таныстырумен қатар, жаңа серіктестер табуға және бірлескен жобаларды талқылауға мүмкіндік береді. Әсіресе өндіріс, ауыл шаруашылығы, машина жасау, фармацевтика және өңдеу өнеркәсібі бағыттарында технологиялық байланыстарды дамытуға негіз бар.

Жалпы, Үндістандағы іскерлік форум Түркістан облысының инвестициялық әлеуетін халықаралық бизнес өкілдеріне таныстырудың маңызды алаңына айналды. Ендігі міндет – форум барысында қалыптасқан іскерлік байланыстарды нақты келісімдерге, инвестициялық жобаларға және бірлескен өндірістерге айналдыру. Үндістандық компаниялармен ұзақ мерзімді әріптестік орнату өңірдің экспорттық мүмкіндігін кеңейтіп, жаңа технологияларды тартуға және өндірістік кооперацияны күшейтуге ықпал етпек.

Түркістан облысының халықаралық нарықтағы танымалдығын арттыру, инвестициялық жобаларды көбейту және отандық кәсіпорындардың сыртқы нарықтарға шығуына жағдай жасау алдағы кезеңдегі басым бағыттардың бірі болып қала береді. Осы арқылы өңірдің экономикалық белсенділігі артып, жаңа жұмыс орындары ашылып, өндірістік әлеуеті одан әрі нығая түседі.

 

Leave a reply