Воскресенье, 22 ноября

ЦИФРЛЫҚ ТҮРКІСТАН: ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛАР ӨҢІР ДАМУЫНА СЕРПІН БЕРЕДІ

0
3

Цифрлық технологиялар – өңірлердің даму қарқынын жеделдетіп, мемлекеттік басқару мен қоғамдық қызметтердің сапасын арттыратын негізгі құралдардың бірі. Мемлекет басшысы Жолдауында цифрландыруды жүйелі түрде жалғастыру, жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану және мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту міндеттерін атап өтті. Осы бағытта Түркістан облысында цифрлық инфрақұрылымды жетілдіру, халыққа көрсетілетін қызметтерді автоматтандыру, IT саласын дамыту және жаңа технологияларды түрлі салаға енгізу жұмыстары қолға алынған.

Өңірдегі цифрлық өзгерістердің негізгі көрсеткіштерінің бірі – мемлекеттік қызметтердің электронды форматқа көшуі. 2026 жылдың тоғыз айында Түркістан облысында 19 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетіліп, оның 98 пайызы электронды түрде ұсынылған. Тұрғындар электрондық үкімет порталы мен eGov Mobile қосымшасы арқылы анықтамалар алып, өтініш беріп, қажетті құжаттарды қашықтан рәсімдей алады. Бұл азаматтардың уақытын үнемдеп қана қоймай, мемлекеттік органдардың жұмысын оңтайландыруға да ықпал етеді.

Цифрлық қызметтердің қолжетімді болуы үшін сапалы интернет желісінің болуы маңызды. Осы мақсатта облыста 212 ауылдық елді мекенді жоғары жылдамдықты интернетпен қамту жобасы жүзеге асырылуда. Жоба шамамен 387 мың тұрғын мен 68 мыңға жуық үй шаруашылығын қамтуға бағытталған. Қазіргі уақытта бірқатар ауылда жобалық және ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп, алғашқы елді мекендерде құрылыс-монтаждау кезеңіне өту көзделген. Бұл бастама шалғай ауыл тұрғындарына онлайн мемлекеттік қызметтерді пайдалануға, қашықтан білім алуға және цифрлық мүмкіндіктерге қол жеткізуге жағдай жасайды.

Сонымен қатар білім беру саласында заманауи технологияларды қолдану бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Мектептерде цифрлық білім беру ресурстарын пайдалану, оқушылардың IT дағдыларын дамыту және жасанды интеллект құралдарын меңгертуге көңіл бөлінуде. Бұл бағыттағы маңызды бастамалардың бірі – Түркістан қаласында ашылған Woosong University Kazakhstan IT университеті. Оқу орны халықаралық тәжірибеге негізделген білім беру бағдарламалары арқылы бағдарламалау, жасанды интеллект және ақпараттық технологиялар саласына қажетті мамандар даярлауға бағытталған. Қазіргі таңда университетте 100-ден астам студент білім алуда.

Жастардың технологиялық жобаларын қолдау мақсатында өңірде Turkistan Hub аймақтық IT-хабы жұмыс істейді. Орталықта 3 500-ден астам оқушы мен студенттің қатысуымен 225-тен астам іс-шара өткізілген. Мұнда бағдарламалау, робототехника, стартап әзірлеу және цифрлық дағдыларды дамытуға арналған оқыту кездесулері ұйымдастырылады. Ал YASAWI STARTUP инкубациялық бағдарламасы жас мамандардың идеяларын нақты технологиялық жобаға айналдыруына мүмкіндік береді.

Жасанды интеллектіні мемлекеттік басқару мен әлеуметтік салаға енгізу де өзекті бағытқа айналып отыр. Осы орайда Түркістан қаласының білім беру ұйымдарында AI-Jan платформасын пилоттық енгізу бастамасы қолға алынған. Жоба оқушылар арасындағы буллинг, психологиялық қысым және әлеуметтік оқшаулану сияқты тәуекелдерді ерте анықтауға бағытталған. Жасанды интеллект көмегімен ақпаратты талдау тиісті мамандарға жағдайды уақытылы бағалап, алдын алу шараларын ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Цифрлық шешімдер коммуналдық инфрақұрылымның жұмысын жетілдіруге де қолданылуда. Мәселен, Оранғай су тазарту станциясында SCADA автоматтандырылған басқару жүйесі енгізілген. Бұл технология су қысымы мен шығын көлемін бақылауға, жүйедегі өзгерістерді нақты уақыт режимінде анықтауға және ықтимал ақауларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Мұндай жүйелер инженерлік инфрақұрылымның сенімділігін арттырып, ресурстарды тиімді басқаруға жағдай жасайды.

Ал ауыл шаруашылығында цифрлық технологияларды пайдалану су ресурстарын бақылау, егістік жағдайын қадағалау және суару үдерісін оңтайландыру үшін маңызды. Осы бағытта Digital Agro платформасы ауыл шаруашылығы саласындағы деректерді жинақтау мен талдауға арналған цифрлық құрал ретінде қарастырылуда. Болашақта мұндай шешімдерді кеңінен пайдалану фермерлерге нақты мәліметтер негізінде шешім қабылдауға көмектеседі.

Өңірде цифрлық инфрақұрылымды дамыту аясында Түркістан қаласында Smart City бағытындағы жобалар да жүзеге асырылуда. Қоғамдық қызметтерді басқару, қалалық инфрақұрылымның жұмысын бақылау және тұрғындармен кері байланысты жақсарту үшін цифрлық құралдар қолданылуда. Сонымен қатар туристерге арналған AR Turkistan қосымшасы тарихи нысандар туралы ақпаратты толықтырылған шындық технологиясы арқылы ұсынуға мүмкіндік береді.

Түркістан облысында цифрлық даму бірнеше бағытты қамтып, мемлекеттік қызметтерден бастап білім беру, ауыл шаруашылығы, коммуналдық инфрақұрылым мен туризмге дейінгі салаларға ықпал етуде. Алдағы кезеңдегі басты міндет – жаңа технологияларды тәжірибеге кеңінен енгізіп, олардың тиімділігін арттыру және тұрғындар үшін қолжетімді цифрлық орта қалыптастыру. Өйткені цифрлық жаңғырудың түпкі мақсаты – технологияны көбейту емес, оның көмегімен халықтың өмір сапасын жақсарту.

 

Leave a reply