САУРАН: ИАССЫ АУЫЛЫНДА 20-ДАН АСТАМ КӘСІПОРЫН АШЫЛМАҚ

0
67

Сауран ауданы тұрғындарының кәсіпкерлік саласына қызығушылығы жоғары. Түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлік саны жыл сайын артып келеді. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров дәл осы мақсатта Иассы ауылдық округінің кәсіпкерлерімен кездескен болатын. Онда аталған аймаққа кәсіпкерлік нысандардың дамуына қолдау көрсету мақсатында 12 гектар жер телімі бөлінген. Бөлінген аумақта 20-дан астам үлкен, кіші цехтар мен өндіріс орындары ашылады. Алдағы уақытта кәсіпкерлермен меморандумға қол қойылып, құрылыс жұмыстары басталмақ.

Бүгінде Түркістан облысында «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» бағдарламасы аясында қолдау алып және өз кәсібін дамытып келе жатқан кәсіпкерлер саны күн сайын артып келеді.

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының мәліметтіне сәйкес, елімізде республикалық деңгейде 20-дан астам мемлекеттік жоба іске асырылуда.

«Атап айтқанда, бұл «Бизнестің жол картасы-2025», индустриялық-инновациялық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы, «Еңбек», «Нұрлы жол», Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасы. Олардың әрқайсысының өз міндеттері мен талаптары бар. Кейбір бағдарламалар мемлекеттік тапсырмалар мен тапсырыстар арқылы бизнеске жанама қолдау көрсете алады», – деп түсіндірді ҚҚҚ-да.

Сондай-ақ, қауымдастық квазимемлекеттік құрылымдар мен әкімдіктер тарапынан қолдау бағдарламаларын да мемлекеттік жобаларға жатқызуға болатынын алға тартты. Мысалы, «Даму» жобасы әкімдіктермен бірлесе отыра 24 өңірлік жобаны жүзеге асыруда.

«Бизнесті қолдауға бағытталған бағдарламалардың көптігі және бірыңғай тізілімнің болмауы мемлекетке де, бизнес-қоғамдастыққа да жоғары дәрежеде әсер етпейді. Сондықтан ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көрсеткіштері мен индикаторлары көп мемлекеттік бағдарламаларды дайындауды тоқтатып, халыққа түсінікті қысқа ұлттық жобалардың форматына көшуді тапсырды», – деп хабарлады қауымдастық.

Сонымен қатар, шағын орта бизнесті қолдау негізінен «Бизнестің жол картасы-2025», «Қарапайым заттар экономикасы» және «Кәсіпкерлік субъектілеріне жеңілдікпен несие беру» бағдарламалары аясында іске асады.

Leave a reply